Руханият

Қасым жыры – ғасыр жыры

Ақын мұрасын дәріптейтін Қасым оқулары жыл сайын ұйымдастырылып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде ұлықталып жүр. Биыл да осы үрдіс жалғасын тапты. Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ақын оқуларын ерекше форматта өткізді.

Сурет ұйымдастырушылардан

«Шықшы тауға, қарашы кең далаға» атты өлкетану экспедициясы барысында дауылпаз ақынның өлеңдері оқылып, әндері шыр­қалды. Бұл додада жоғары оқу орындарының «Dayul», «Сағынов жастары», «Күретамыр» тобы, «Бірлік», «Жауһар» топтары өзара мықтыны анықтады.

Жыр аламаны қатысушыларының алғашқы аялдамасы Қарқаралы топырағындағы Қарқабат ана ескерткіші болды. Мұнда аудан басшылығы Қасым еліне аттанған жастарды сән-салтанатпен күтіп алып, сәттілік тілеп, шығарып салды. Қасым Аманжолов ауылдық округіне аялдаған экспедиция қатысушылары Қасым ауылында орналасқан ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Қасым ауылында қатысушы топтар өздерін таныстырып, ұрандарын айтты. Одан кейін «Ой ширату» ойыны ойнатылып, әр топ ақын жайлы сұрақтарға жауап беріп, өзіне тиісті ұпайларын еншіледі. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері ауыл мектебінде орналасқан Қасым өлкетану музейіне экскурсия жасап, ақын өмірімен жақынырақ танысты. Одан кейінгі аялдама Аққора ауылында қатысушылар Қасым Аманжоловқа арналған ескерткішке гүл қойып, тағзым етті. Ескерткішті ауыл тұрғындары 1987 жылы өз қаражатына Алматыға тапсырыс беріп жасатқан.

Соңыра Сарыобалы ауылына бет алып, кейін Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған жерде Қасым құдығы мен ескерткішін көрді. Дүбірлі дода қатысушылары ерекше әсермен Сарыобалы ауылының клубында Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқып, әндерін орындап, өнерлерін паш етті. Осылайша «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» атты өлкетану экспедициясының бірінші күні тәмамдалды.

Экспедицияның келесі күні Қарқаралының Мәдениет үйінде қорытындыланып, әр топ Қасым Аманжолов шығармашылығына арналған бейнебаянын көрсетіп, көрермен назарына ұсынды. «Ұшқыр ой» сайысында ақынның белгілі бір өлеңі беріліп, қатысушылар сол өлеңге жан бітірді. Болып жатқан құбылыстың суретін салып, өлеңге талдау жүргізді.

Бірінші орынды Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тобы, екінші орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Dayul» тобы, үшінші орынды Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Сағынов жастары» тобы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық­тар мен арнайы дипломдар табысталды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button