Байқау

Қасым оқулары өтеді

Биыл қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл. Мерейтой аясында өлкемізде бірқатар тың жобалар іске асырылуда. Солардың бірі әрі бірегейі – «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ХІ мәрте өткізілмек.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 5-6 қазан күндері жоспарланып отыр. Биылғы Қасым оқуларында 18 бен 35 жас аралығындағы жастар 2 номинация бойынша сынға түспек. Әуелгісі вокалдық байқауда «Жас дәурен» номинациясы тағайындалса, екіншісі, жылдағы дәстүрден жаңылмай «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» жыр додасы. ХІ Қасым Аманжолов оқуларына барлығы 118 өтінім түсіпті. Бұл қатарда Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қызылорда облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ, Польша елінен үміткерлер бар. «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, жазушы Серік Сағынтай бастаған қазылар алқасының құрамында «Құрмет» орденінің кавалері, «Абай әндері», «Қасымның әндері-ай» атты концерттік жобалардың авторы әрі жетекшісі, әнші Гүлбаршын Тергеубекова, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова мен «Құрмет» орденінің кавалері, республикалық байқаулар жеңімпазы, әнші Сержан Мұсайын сынды елге есімі мәлім тұлғалар төрелік етпек.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button