Облыс әкімі

Асыл жандар ардақталды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақтағы бірқатар қыз-келіншекті қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Мейрам қарсаңында еңбегі елеулі жандарды арнайы салтанатты жиынға шақырып, кездесу өткізді. Іс-шараға еңбек ардагерлері, өнеркәсіп және мәдениет саласының қызметкерлері, педагогтар, дәрігерлер, көп балалы аналар шақырылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, медицина саласында – 83%, білім беру саласында 80%-ы әйелдер қауымы еңбек етеді екен. Сонымен қатар, әр салада ерлермен иық тірестіре қызмет істеп жүрген нәзік жандардың еңбегін атап өтті.

– Аймақта билік пен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында маңызды лауазымдарға ие нәзік жандар көп. Үйде, жұмыста болсын өз ісін ұқыпты, тиянақты атқарып келеді. Қай жерде, қай салада қызмет істесе де аналарымыз аман болсын. Баршаңызды мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Былтыр жыл басынан бері көпбалалы аналарға қол ұшын созу мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Мәселен, үкімет тарапынан берілетін үй саны межеден 40%-ға артты. «Және кәсіп бастаймын» деген көпбалалы аналарға да шағын несие беру жолдары қарастырылған еді. Сондай-ақ, көпбалалы отбасынан шыққан бастауыш сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамтамасыз ететін болды. Облыс әкімі іс-шара барысында игі бастамалар жайлы сөз қозғап, мереке қарсаңында бірқатар аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін тапсырды. Олардың қатарында Гаухар Бопина, Айнұр Батыралина, Лаура Мүкеева, Сәнгүл Мықтыбекова, Меңдігүл Амандықова және Сәуле Баялиева сынды батыр аналарымыз бар.

– Менің 6 балам бар. Үлкені – 15, кішісі – 1 жаста. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Қазір баламен үйде отырмын. Бірақ, көпбалалы отбасы ретінде ай сайын жәрдемақы түсіп тұрады. Арнайы шақырып, құрмет көрсетіп жатқан басшылыққа алғысымды білдіремін, – дейді Лаура Мүкеева. Ардагер журналист Сағат Батырханова: «Қай елде, қай жерде болмасын отбасында ананың рөлі жоғары. Ұрпақ өсіріп, жеткізетін осы аяулы жандар. Ана бойындағы тәрбие баласының бойына сіңсе, болашағымыз айқын болады деп сеніммен айта аламыз. Ақ жаулықты әжелеріміз, аналарымыз аман болсын, – деп ізгі тілегін білдірді.

Арнайы шақырылған қонақтың ішінде Қарағандыдағы №61 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдина да бар. Ұстаздың бұл салада қызмет істеп жүргеніне 15 жылдан асыпты. Талай шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде Дидар ұстаздың тәлімін алған оқушылары облыс намысын республика деңгейінде қорғап, мерейін асқақтатып келеді. Ал, Альфия Макинаның «АрселорМиттал Теміртау» АҚ домна цехының ыстық учаскесінде жұмыс істеп келе жатқанына – 17 жылдан асыпты.

– Мен өз жұмысымды өте жақсы көремін. Қиыншылығы көп әрі артылатын жауапкершіліктің жүгі де жеңіл емес. Аймақ басшысының арнайы шақырып, сый-сыяпат көрсеткені мен үшін үлкен мәртебе. Барлық әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтаймын, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button