Асыл дос, абзал азамат
Биылғы қыркүйек жанымызды жабырқатып, күз ызғарын ерте сезіндірген секілді. Қырық жыл сызат түспеген достығымызды шорт үзіп, ортамыздан абзал азамат, сыршыл ақын Зағыпар Шәкентаевты алып кетті…
Жайсаң жан, қимас дос Зағыпар Шәкентаевтың жаназасында тұрып, ақын жүрегінің сырын ұқтырған:
Қыз-ғұмыр дәурен,
қызықты күндер,
Ғайып боп қайда кеттіңдер?!
Сағынып күтіп, зарыққан кезде
Сарғайған күз боп жеттіңдер, – деп күбірлеп, қайран Зақаңның «Қыз-ғұмыр» өлеңін оқып тұрдық. Қоңыр күздің бой мұздатар салқынын сезіндік. Кешегі Зақаңмен бірге өткізген жалаулы күндеріміз, қызықты сәттеріміз – өміріміздің көктеміне деген сағынышымыз маздап, жүрегімізді сыздатып жіберді…
Бұл кезде ақын ағасы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқар: «Сұм ажал менің де буыныма, ізетті інілеріме де ауыз сала бастады – фәниден бақиға Сарыарқаның аяулы азаматы Зағыпар Шәкентаев көшіп барады! Жанымыздағы Жаңаарқа ғана емес, мынау ұлан-байтақ Сарыарқа Зағыпарымен асқақ еді! Биік еді! Ажарлы да, базарлы еді! Сері еді – Сәкен көкесіндей! Алаштағы сұлуды, адамзаттағы жылуды жаны қалмай сүюші еді!», – деп күңіреніп тұрған. Елі егілді. Арқа жұрты аңырап қалды. Жампозынан айырылған Жаңаарқа жабырқап, Қарағанды қамықты.
Міне, өмірден осындай азамат өтті. Сыршыл ақын еді. Қаламы қаңтарылды. Абыройлы азамат еді. Көшін доғарды. Әдемі әзіл, қазақы қалжыңға шебер еді. Енді ешкімді күлдірмейді, өзі де жымиып күлмейді… Қандай ауыр?!
Осындай асыл дос, абзал азаматтан мәңгіге көз жазып қалғанымызға да 40 күн өте шығыпты. «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйткіген қайран уақыт бізге Зақаңды ұмыттырғысы келгендей зымырандай зулайды. Бірақ, біздің жүрегіміздегі Зақаңның асыл бейнесі, азаматтық болмысы ұмытыла ма? Жоқ! «Тау алыстаған сайын биіктей беретіні» секілді, біздің серілік ғұмыр кешсе де, сертке берік, досқа адал, жарға аяулы, ұрпағына асқар таудай таяныш болған асыл досымыздың жарқын бейнесі ешқашан көмескіленбейді.
Қырық күн! Аз да, көп те уақыт емес. Зақаңды сағындық. Күн көрмесек – күлкісін сағынып, ай көрмесек – аңқылдаған пейілін аңсайтын асыл досымыз еді ғой… Өз ортамызды күлкіге қарық қылып, қалжыңымен қағытып отыратын қайран, Зақаң!
Кеше ғана Қарағанды төрінде шағын футболдан Арқа өңіріне аты мәлім аптал азамат, аяулы досымыз, белгілі заңгер Балапан Әбеновті еске алуға арналған ашық турнир дүркіреп өтті. Алыс-жақыннан барлық достарымыз жиналып, мәре-сәре болдық. Алайда, ортамыз ойсырап тұрды. Зақаңның қалжыңы айтылмады. Ол өлең оқыған жоқ. Ортамыздың да, көңіліміздің де олқы тұсында Зақаңның күлімсіреген бейнесі тұрды.
Иә, Зағыпар Шәкентаев – бар саналы ғұмырын шығармашылыққа, өңіріміздің білім беру, мәдениет, әлеуметтік сала қызметіне арнаған абыройлы азамат, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы. Ол ұзақ жылдар бойы қазыналы Қарағанды аймағының білім беру саласында қызмет етіп, басшылық қызметтер атқарды. Бұқар жырау ауданының білім бөлімін, Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. Қандай қызмет атқарса да, асқан жауапкершілікпен, іскерлігімен дараланып, мемлекетшілдігімен танылды. Бойын қалай жинақы, таза ұстаса, қызмет барысында да сол жинақылық пен тазалықтан айныған жоқ.
…Өзінің бір өлеңінде: «Мені ақын деп айтпаңдар, өтінемін», – деп жырлап, ақындықтың киесін дүниенің бар құндылығы мен құдіретін биік қойып өтті. Бірақ, ол ақын еді. Сыр тұнған, мөп-мөлдір лирикалық иірімдерге толы «Керқұла көңіл, керемет күндер» атты жыр жинағы әдеби ортаның лайықты бағасын алып, бірнеше өлеңдеріне ән жазылды. Сонда да ол «Ақынмын!», – деп айтуға қаймығатын. Зақаңның мұнысы – жақсы ақынның алдындағы жасықтығы емес, өлеңге деген құрметінің жоғарылығы еді.
Арын таза ұстап, арманын аялай білген аяулы азаматтың кіршіксіз таза болмысы мен дара жаратылысы төңірегін еріксіз өзіне баурап алатын. Кешегінің салдарындай салтанат құрып, серілеріндей сергек ғұмыр кешті. Өзінің өлеңдеріндей мөлдір де, шынайы ғұмыр кешкен асыл дос, абзал азаматтың нұрлы жүзін енді қайтып көрмейтініміз қандай өкінішті?!
Серағаңның (Ақсұңқарұлы) «Сұм ажал біздің де буынға аузын сала бастады» дегеніндей, ажалдың ауыр артиллериясы біздің де ортамызды ойрандауды бастады. Балапанның (Әбенов) базары тарқап, Мейірханның (Адамбеков) ән-ғұмыры келтесінен үзілгенде, есеңгіреп қалған едік. Енді ес жия бастағанда, Зағыпар достың қазасы қабырғамызды қақыратып кетті. Амал нешік…
Әнге айналған Алуасына (Алаугүл), бағын еселеп, бақытын үстем еткен бала-шаға, бауырларына Алла ғұмыр берсін!
Сенің жымиған күлкің жанымызды жадыратып жіберуші еді. Сол күлкіңе зар болдық-ау, Зақа!
Бақұл бол, қимас бауыр, сыйлас дос!
Бір топ жолдастары.