Сәкен десе, көз алдымызға қазақтың, рухы сынбаған нағыз қазақтың тұлғасы келеді. Тән сұлулығы мен жан сұлулығы рухани тазалығымен үйлескен, биік парасаты, өр мінезі, асқақ рухы, еркін ойы, ерік-жігерімен, ұлтына деген өшпес махаббатымен қазақтықтың эталоны боп қалыптасып қалған санамызда. Бүгінгі біздің бойында жарты қасық қана қазақтың қаны бар қандастар түсінігінде де солай, шамасы.
«Сәкендегі тектіліктің ұшығы қайда, Сәкен кімге тартқан?» деген қарапайым сұраққа «тегіне тартқан асылдың сынығы» деуімізге негіз бар. Әкесі Сейфолла жастай жетім қалып Мақажанның Оспанмен бір туған бауырының тәрбиесінде ер жеткен. Алтайдың азулысы Алсайдың Ақбурасынан тарайтын Тышамбай болыстың қызы – Жамал шешемізді айттырып алып берген, Қарашілікті – қазіргі Сейфолланың Қарашілігін еншілеп берген сол кісі. Олармен бір туған Мұстафа Жанбекұлы 25 жыл Енең-Тұңқатар баласын басқарып, Арқада алғашқылар санатында мешіт салғызған. Бұл – ХІХ ғасырдың І жартысында қазына қаражатына салынған құрылыс болатын. «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген қазақ тентектікті тыю жолында аса ауыр жазаға бара бермеген ғой. Сол кездегі қазақы бойкүйездікке нүкте қою мақсатында, бір адамның қазасына жазалы 12 ағайындыны Үркітке жер аудартып, елді сестендірген, заң талаптарына сай өмір сүруге үйреткен болыс. Ол кісінің әкесі Сәкеннің үшінші атасы Жанбек – 48 болыс қараған Ақмола дуанына аты шыққан би, болыс бола білген. Омбыдан бергі қазақ қарсы алып, жапырыла күткен беделді тұлға. Жанбек – Байбек байдың баласы, Байбек аузы дуалы, сөзі уәлі би болған, артында сөз қалдырған ділмар шешен болыпты. Жамағайын туыстарын сынап: «Осы атаның шалқағы қаскөй, еңкегі мешкей немесе бір атаның аярынан сақта, бір атаның монтанынан сақта», – дегендері дөп келді ғой десіп отыратын бұрынғының ақсақалдары. Байбек Ескенеден туады. «Ескене, Байбек, Жанбек – бергі атам, Рахманды деуші еді ғой берген батаң» деуі содан Сәкеннің.
Ескене бай Ресей отаршыларының жеріне аттап басқан өкілдерінің көңілін аулап, тұяғы тасқа тиіп жүрмей қалған аттарының орнына 100 ат лау беріп, қазіргі Енең тоқасы орныққан аймақты заңдастырып алған, баласы Құлбекті болыс басшысы тағайындатып, әулетіне билік тізгінін ұстатқан көреген адам екен.
«Өлең шіркін өсекші» (Абай). Біз де аттың басын бұрайық. Жоғарыда мәлім еткен мешітте Шәріп қожадан әліп таныған, Успенское одноклассное русско-киргизское училищеден куәлік алып, Ақмола 3-жылдық орыс мектебін тәмамдап, Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген Сәкеннің ой өрісі кеңейіп, ақындық қуаты артып, Қазанда басылған «Өткен күндер» атты жыр жинағының сатылымынан түскен қаражатты «Бірлік» атты Омбыдағы қазақ жастарының мәдени-ағарту ісіне жұмсайды.
1916 жылы Сілеті-Бұғылы болысының Ахмет төре ауылында жаңадан ашылған мектепке мұғалім болып тағайындалған Сәкен жолшыбай ел ісіне араласып кетіп, мал санағы комиссиясының құрамында біраз елді аралайды.
Сол жылғы қазақ халқының Патша өкіметіне қарсы көтерілісі кезінде саяси көзқарасы айқындала түссе керек. «Тар жол, тайғақ кешуге» жүгінсек: «Қырдағы елге қарай мен жүрдім, орыс байлары қазақтарға көп жерге ие болып отырып, патшаның әмірі бойынша әскери жұмысқа бармай, наразылық білдіріп жатсыңдар деп едірейеді.
Қазақтар да патша жерімізді, суымызды алды, енді адамымызды алып, Германның аяғына айдап, біржола қырайын дегені ме? Германға барып қырылғанша, өз жерімізде шаиид боламыз деп патша заңына қас.
Ауыл-ауыл аралары, топ-топ атты кісілер, қолдарында, тақымдарында сайғақ, бәрі де тәуекелге бел байлаған, Нұра өлкесіндегі ел Әлсен қажыны өздеріне хан сайлаған, біздің ел – жиын, тіптен мықтап көтерілген, хандыққа Әмет қажыны лайықтапты. Өзіміздің Қараағаш елі сарбаз жинап, Шоңның Оспанын хан көтеріпті. Қырға лек-лек әскер шығып жатыр, талай елді шауып, талай қазақты түрмеге жауып жатыр. Еңіреген күй мені де қосып алып кетті. Қалың бұқара езілген елге қорқыныш кіргенде, сорлылардың қасында бола алмадық. Кедейлер шабылды, оларға болысар кісі жоқ. Ел шабылды, ұлықтарда нысап жоқ, кім ақшаны көп берсе, соның баласын қалдырады. Қиянаттың, жауыздықтың дәуірі – ардан ұяттан безіп, енді ашықтан-ашық жүрді»
Сәкен болып жатқан жәбіршілік қиянатты әшкерелеп, қылмыстыларды жауапқа тарту керек деп уездік әкімдерге бірнеше хат жазған. Сондықтан, жандарм мекемесі тарапынан бақылауға алынған.
Езгіге түскен қыр қазағына қалай көмектесем деген ой құрсауындағы оның 1917 жылғы «Патша құлады» хабарын ести сала, Ахмет төре ауылынан Ақмолаға «Асығып тез аттанбасына» лажы жоқ-ты.
Басып жатты тәтті ұйқы
Сарыарқаның даласын.
Құл ғып жатты қара түн
Қалың қазақ баласын.
Таңды қарсы алмаққа
Тұлпарларды таптық біз.
Айдарына қызыл шоқ
Үкілеп сүзіп тақтық біз.
Күнге жайып құшақты,
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты,
Асығып тез аттандық.
Бірер сөз Ахмет төре ауылы жайлы. Сәкен ол ауылда 1916 жылдың күзінен 1917 жылдың көктеміне дейін ғана мұғалімдік қызметте болады. Мамажан Жапанова мұғалім көп жыл Өспен орта мектебінде мұғалім болды. Біздің архивімізде сол кісінің аудио таспасы сақталған, сол таспадағы баян бойынша, ол кісінің ағасы Рамазан Жапанов Сәкенмен қызметтес, Ахмет төре ауылында ұстаз болған екен. Біздің Мамажан мұғалім екі ағасының қолынан ұстап, еркелеп, мәз болушы едім деген сияқты естелігін айтушы еді.
Өспен (Нілді) ауылындағы Сәкен орта мектебінің ұжымы Сәкен атымен атаулы мектеп, театр, музей, жоғарғы оқу орындарымен байланыстамыз. Оның ішінде Ахмет төре ауылындағы Сәкен атындағы мектеппен тығыз байланысымыз бар. Айгүл Мұстафаева, Салтанат Қаржасова, Атымтай Ескеұлы сынды Сәкен ұлағатын өскіндерге сіңіру бағытында тер төккен ұстаздармен үзенгілеспіз. Ол ауылда қонақта болып, аудандық деңгейдегі Сәкен оқуларына тәнті болдық, мектеп мұражайын тамашалап, ырзашылық білдірдік. Сәкен ұстаздық еткен мектеп үйінің орнына қойылған тойған күшігеннің бойындай тақта тасқа басымызды идік. Ұстаздарына батамызды бердік. Биыл сол мектепке жүз жыл. Олар қазір ғылыми-тәжірибелік, танымдық конференция өткізу қамында. Алла жар болсын! Сәкен аруағын ырза қылар деген үміттеміз.
Асығып тез аттанған Сәкеннің жасы жиырманың үстінде. Ұлтының болашағы жолында ойланбастан тәуекелге барды. Ал, біздің қазіргі сол шамалы жастардың ойы нені меңзейді?.. Мағжан сенген жастарға мен де сенейін, бірақ…
Хакім Абай «Жақсылық көрсең ғибратлы» демей ме? Елінің шын патриоты болғысы келетін жастарға «Тар жол, тайғақ кешуді» оқы дер едім.
Файзолла ШӘКІМҰЛЫ,
өлкетанушы.