«Астана аламанында абырой асырамыз!»
Бүгін де спортқа мемлекет тарапынан баса назар аударылып, ел спорты қарқынды дамып келеді. Оның ішінде ұлттық спортқа мән беріліп, кеңестік дәуірде келтеленген тұстары айшықтала түсуде. Ұлтымыз дәл бүгінге дейін көкпар мен бәйгені бұлай ұлықтамап еді. Тіпті, былтыр Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынының эстафетасы төрткүл дүние назарында Қазақстанға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол сәттен бастап көшпенділер аламанын абыроймен өткізу жөнінде сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, дайындық барысын өз бақылауына алды. Алдағы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін көшпелі халықтың көне ойындарына 100- ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Ұлттық спортқа келгенде қамшы салдырмасымызды осыдан-ақ пайымдауға болады. Қазір қазақпын деген кісінің көбісі ат асырап, ит жүгіртуді шығарды. Қазақы нақышта киім киіп, қазақы тағамдарды тұтынып жүр. Бұл – жетістік. Ұлттық құндылықтың заманауи трендке айналуы жетістік емей немене?!
Туризм және спорт министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі жеті жылда елімізде ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны айтарлықтай артқан. 2020 жылы олардың саны 432,4 мың болса, 2021 жылы 489,9 мыңға жеткен. Яғни, бір жылда 57,7 мың адам қатарға қосылған. Бұл – біздің елдің сегіз пайызы ұлттық спортпен айналысады деген сөз. Кейінгі жеті жылдағы мәліметке мән берсек, ұлттық спортқа бет бұрғандардың саны соңғы үш жылда ерекше өскен. Мұндай оң нәтижеге ең әуелі әлем бойынша көшпелі өркениеттің ұлттық ойындарына деген қызығушылықтың артуы себепкер деуге болады.
Көшпенділер ойындарын өткізуді қолға алып, көкпардан халықаралық деңгейде өтетін жарыстарды «кок бору» ережесі бойынша ұйымдастыруды жолға қойған бауырлас Қырғыз Республикасында қазір осы этноспорттың арқасында туризм жақсы дамып тұр. Жуырда Қазақстанда 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылардың халықаралық конференцияcында додалы жарыстың спорттық, мәдени бағдарламалары, ресми логотипі мен ұрансөзі таныстырылды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен басқосуға ҚР Туризм және спорт министрі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров қатысты. Сонымен қатар, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған мен Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев бейнебайланыс арқылы қосылып, пікірлерін ортаға салды.
Ал, логотип формасына келер болсақ, ол сопақшаға жақын шеңберде орналасқан күнбасты салт атты бейнесі. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен, яғни, дүниетанымынан алынған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, еліміз келесі жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде, елімізде өтетін көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін Ұйымдастыру комитеті бар күшін салады, – деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, көшпенділер ойындары өтетін нысандардың инфрақұрылымы мен дайындық барысына да тоқталды. Министр ұлттық спорт түрлері мен этникалық туризмге қызығушылық танытқан барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалатынын айта келе, көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін жеткізді. Конференцияға қатысқан шетелдік меймандар да Қазақстанда өтетін дүбірлі додаға барынша қолдау білдіріп, көшпенділер ойындарының әлемдегі этномәдени және этноспорт қозғалысының дамуына жаңаша серпін беретінін айтты.
Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.
Сондай-ақ, көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
Жер-көкті шарлап танылуында тосқауыл танымай тұрған ұлттық спорттың елдегі жайы айтарлықтай деңгейде. Жоғарыда айтқандай, бүгін жігіттікті лаң шығарып, жұдырықпен дау шешуде емес, бел буып, көк серкені кере тартқанда танығандаймыз. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын қырға мал жайып, жанын баққан ел сол кезеңде түз тағысымен жалаңқол айқасқаны бар тарихта. Мылтықсыз қасқыр соғып, арлан басын ауыл сыйлысына тарту еткенін де еститін едік. Ал, қалған тұлыбын жiгiттер өз ауылдарына алып қайту үшiн таласып, ойын қылады екен. Мiне, содан бұл ойынды «көк бөрi» дескен дерек шындыққа саяды. Кейiн қасқыр орнына серкені тартып, ұлттық ойынға айналдырдық. Бүгінге дейін көкпар ауыларалық той-домалақтарда берілсе, қазір этносаралық ортақ мүдделі спорт түрі қалыптасты.
Қарағанды да қазір көкпардың ордасы атанудан алшақ емес. Бұған негіз кеше ғана қадамын тәй-тәй басқан «Бәйтерек» командасының жетістіктері. Олар – басшысы Дастан Рахманберлиннің бастамасымен, жаттықтырушысы Ерлан Оспановтың еңбегімен бірнеше қалааралық, республикалық додаларда бас жүлде иеленіп жүр. Бұл – арқалық көкпарсүйер қауым үшін зор белес. Қазір көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 19 спортшы бар.
Расында, қарағандылық көкпар жайы күні кеше Қырғызстанның Шолпон-Ата ипподромында өткен Президент кубогінде мәлім болды. Қарағандылық палуандар «Астана» командасының жалауын желбіретіп, 22 елдің арасынан суырылып, II орынға шықты. Осы орайда Қарағанды көкпар федерациясының басшысы Нұрлан Мерекеұлының пікіріне назар салсақ.
– Соңғы жылдары Қарағанды жерінде көкпар дамуда. Оған ел куә. Бұл тұрғыда федерация қарқынды жұмыс жүргізуге барын салады. Оның үстіне дене шынықтыру және спорт басқармасы демеу көрсетіп, көкпар спорттық клубының ашылуы көкпардың кең көсілуіне ықпал етеді деген сенім зор. Соның арқасында Қарағанды аймағының намысын қорғап жүрген құрама көкпаршыларына 100 мың теңгеден астам айлық төленеді. Сонымен бірге, 14-15 аттың жемшөбін де осы федерация өз мойнына алған. Бұл Қарағанды палуандары мен аттарына жасалған қамқорлық деп білген жөн. Әрине, көкпаршылар бұл көмекті ақтамай жатқан жоқ. Барын салып, облысымыздың ұлттық спорт ортасында танылуына үлес қосып-ақ жатыр. Біздің көкпаршыларды көкпарсүйер қауым, оның ішінде қырғыздар, өзбектер, шешендер, ауғандар жете таниды. Сәуір айында алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу сайыстары өтпек. Әлем назарындағы дүбірлі додаға бізден дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көкпар мен аударыспақтан қатысушылар барады. Оған қоса, қазіргі таңда аймақтағы 23 команданың көкпардан алдына қара салмайтын қабілеті бар деуге негіз жоқ емес. Кейде команда саны 25-ке дейін жетеді. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл ел ішіндегі палуан жастардың көкпарға ден қойғанын айғақтаса керек. Тіпті, Шет, Қарқаралы секілді аудандардан ойын сайын 8-10 команданың жиналуы – бұған дәлел. Деңгейлері де өте жоғары. Ең бастысы, ойынға ынтасы зор. Әр ойында көкпаршылардың жанарынан «жеңем» деген жасындай от байқаймыз. Осыдан артық ерекшелік бар ма? – деп атап өтті ол.
Жетістік жіпке тізсек, жетіп артылады. Жергілікті көкпар ойыншыларының айтуынша, оған себеп көкпаршылардың күш-жігері болсадағы, басым үлес – демеушілердікі. Олар білекті палуандарға сай ат таңдап, оны өз қаражаттарына сатып алуда. Мысалы ұлттық құрама сапында танылған «Қаратамыр» деген сәйгүлік – жекпе-жектің аты. Ол Қырғыз елінен сатып алынған. Сонымен қатар, қолтума арғымағымыз «Месси» бар. Бұл ретте көкпаршылар қауымы жергілікті кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім мен Азамат Түсіпбековке алғыс айтады. Демеушілер көкпарға 30 млн. теңге ақша қарастырып, ол қаражатқа шетелден ат алдырған. Ал, ойыншыларға келер болсақ, Қарағанды жастарының, жеткіншектерінің көкпарға қызығушылығы өте жақсы көрінеді. Өткен жылы 4-11 тамыз аралығында Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Онда біздің жасөспірімдер командасы жалпы Қазақстан бойынша финалға шықты. Финалда «Түркістан» командасынан ғана ұпай санымен жеңілді. Олар соңына дейін ойнады. Және «жеңілдік» деген сөздің орнына «дайындықты одан сайын күшейту керек» деген ұранмен оралды. Міне, олардың көкпарға деген ықыласы.
Бұдан бөлек қарағандылық көкпарсүйер қауыммен қатар елге де танылған көкпаршылар біршама. Олардың дені 2000-2003 жылғы палуандар. Атап айтсақ, Шет ауданының палуаны Темірлан Тілеубек, Ақжалдан Әнуар Жаңбырбаев, Мирас Тахауиов, Бұқар жырау ауданынан Мұхтархан Серғазиев, ақтоғайлық Айбар Мәни сынды білекті жігіттерді біз түгілі өзбек пен қырғыз, қала берді америкалық экстрималды спорт өкілдері де танып қалды.
Арқа төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қарағандылық көкпаршылар да ел намысын қорғауға тастүйін дайын. Жалғыз көкпар емес, ұлттық спорт ойындарының басқа түрлерінен де жолдама ұтуға үміттіміз. Ол әңгімені кейінге ысыра тұралық…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz