Ассамблея темірқазығы – ұлттық құндылық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында «Мемлекеттігіміздің іргетасын бекітіп тұрған басты институт Ассамблея – бірлікті нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым» деген болатын. «Достық үйінің» аясына жиналғандардың отансүйгіштік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы өңірді көркейту мақсатындағы шараларға шынайы атсалысып жүргенін көріп жүрміз. Ассамблеяның мұрындық болуымен жалпыұлттық маңызы бар жарқын-жарқын жобалар жүзеге асуда.
Осы орайда өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобы кеңейтілген отырыс өткізу мақсатында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетіне жиналды.
«Әділетті Қазақстанның құндылықтары – сараптамалық қауымдастықтың ғылыми және тәрбиелік іс-әрекетінің басты бағыты» жиынға арқау болды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын «Алғыс айту» күні қарсаңында жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өңірде бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
– Дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосуда, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.
Жиынға ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, аймақтағы өңіріміздің этномәдени бірлестіктер жетекшілері және университет ғалымдары мен студенттері қатысты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев қатысты.
Кездесудің құрметті қонағы Ғалымжан Махан Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы республикада жасалып жатқан істері Үкімет назарында екендігін айтты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сарапшылардың жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырды. Сөз соңында Қарағанды облысындағы ұлтаралық бірлікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
– Көпұлтты аймақ Қарағандыда 100-ден астам этнос өкілі тұрады, 60-тан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жолында ұлттық бірегейлік дәріптелуі тиіс. Облыстың ҚХА және этномәдени бірлестіктерінің өкілдері облыстың қоғамдық өміріне белсене араласады. «Жастар ассамблеясы» өңірді көркейту мақсатындағы қайырымдылық шараларға шынайы атсалысып жүр, – деді.
Кеңейтілген отырыста жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім, ішкі тұрақтылық пен этносаралық қатынастар талқыланды. Мәдениетаралық диалог пен толеранттық көзқарастарға негізделген өмір салты айтылды.
Облыстағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский сарапшылармен «Бейбітшілік пен келісім жолымен» экспедициясы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан – тағылым, өткенге тағзым» халықаралық конференция жоғары деңгейді өткенін айтты. Жетекші сондай-ақ, облыс көлемінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумы және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету мақсатында «Қазақтану» лекторийін, «Елтану» тарихи-ағартушылық экспедициясын ерекше атады.
Жиында Ғалымжан Махан «Ақпаратқа сүйенсек, Польша үкіметі әлемге тарыдай шашыраған қандастарын елдеріне қайта шақырып жатыр, тіпті, арнайы бағдарламалары бар. Көп елдерден оралып жатыр екен, тек Қазақстанның поляктары туған елдеріне оралғылары келмейді. Неге деп ойлайсыз?» деген сауал жолдады.
– Қазіргі таңда Қазақстанда поляктардың бесінші ұрпақтары тұрады. Олар Қазақстанды – Отанымыз деп санайды,– деді «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Хмелевский. Сондай-ақ, ол Қарағандыда тұратын поляктардың атынан қазақ еліне алғыс айтты.
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Мути Махаев биыл шешен-ингуш халқының жер аударылып Қазақстанға келгендеріне 80 жыл толғанын тілге тиек етті.
Мутидің айтуынша, 1953 жылғы дерек Қарағанды облысына 38 699 шешен, 5226 ингуш ұлты орныққанын алға тартады. Жастар ортасында кешегі қиын-қыстау кездегі қазақ халқының қамқорлығын, тағдыршешті сәтте шыңдалған достықтың маңыздылығын атап өткен ол болашақты бірлікпен байланыстырды. Сол бірлікті бекем ету үшін «өткенге тағзым – болашаққа тағылым» ұстанымын ұмытпаған абзал екенін айтты.
«Сүйегім шешен болғанымен, жаным – қазақ» дейтін Мути қазақ тілін ерекше сүйетіндігін білдірді. Жиналған жастарды мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырды. Осы орайда сөз алған Ерлан Бейсенбайұлы :
– Тіл үшін күрес – мәңгілік күрес. Тәуелсіздіктің таңын жақындатқан Алаш арыстары да тілдің жайын толғанып өтті. Өкінішке орай, арада бір ғасыр өтсе де, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы бұл мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ, – деп атап өтті.
Мути Махаевтің жастар жайлы айтқанын, облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов қолдады. Басқарма басшысы өткен жылда атқарылған жұмыстарға, жаңа бастамаларға тоқталды.
– Өңірде жастар ұлтқа, дінге, тілге бөлінбей, «бір үйдің баласындай» жұмыла жұмыс істейді. Жастар жұмыссыздығымен байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бар. 2023 жыл 13 889 адам жұмысқа орналасты.
Жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдер мен жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыс бойынша «Жасыл ел» жобасы жүреді. Былтыр 3000 адам қамтылды. Кәмелетке толған студенттер қатарынан құрылыс отрядтарын жасақталып, педагогикалық мамандықтар студенттерін жазғы лагерьлер базасында жұмысқа орналастыру үшін жоғары оқу орындарымен шарттар жасау жоспарланған, – деді Нұржан Әлімжанов.
Кеңейтілген отырыста Ассамблея аясында атқарылған жұмыстар талқыланды.
– «Ассамблея жастары» бүгінгі таңда 6 негізгі бағыт: «Social Assembly», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Jastar media» бойынша жұмыс істейді. Біз үшін 2023 жылдың басты жаңалығы – ұйымның облыстық өкілдігі 4000-нан астам адамды қамтып, 86 шара өткізгені. Жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмек көрсетіп, демалыс аймақтарын тазаладық және ағаш отырғызу бойынша «Birgemiz: Taza Alem», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Umit» жалпыұлттық жобалары шеңберінде 50-ден астам волонтерлік акциялар өткіздік. Қоғамда белең алған интернет алаяқтық, төтенше жағдайлардағы жүріс-тұрыс ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру акцияларын іске асырдық, – деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын сөз алып, «бүгінгі тез өзгеріп жатқан құбылмалы заманда, дүрбелеңге толы дүниеде ел бірлігі – басты байлық» екенін атады.
– Жастардың білімі мен біліктілігі, тәлімі мен тәжірибесі, парасаты мен пайымы маңызға ие. Ең бастысы, әр азаматтың жүрегінде ұлттық құндылық жөргектелуі тиіс. Еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік, махаббат болуы тиіс. Сонда ғана ортақ Отанымызда бейбітшілік сақталады, – деді ол.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық сипаттағы маңызды мәселелері кеңінен талқыланды. Қоғамдық ұйымдар өкілдері тиімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған тәжірибелері және ұсыныстарымен бөлісті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz