Ассамблея – ел бірлігінің кепілі
Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVI сессиясы өтті. Сессияға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын және Ассамблеяның негізгі міндеттерін талқылады.
Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер, діни конфессиялардың өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, қала және аудан әкімдерінің ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары-Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ербол Әліқұлов ашты.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде бірлік пен тұрақтылықсыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті. «Бірлік – бұл біздің мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің негізгі тіректерінің бірі», – деді Президент. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауын жолдады. Біз бүгін Президенттің бағдарламалық құжаттарында қойылған міндеттерді шешуде қандай істер атқарылғанын және қандай жұмыс жасалатынын талқылау үшін бас қостық, – деді Ербол Шымкентбайұлы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен атқарған қызметі туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов баяндады.
– Мемлекеттігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт ретінде бүгінгі таңда Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, оның шешімін табуға өз үлесін қосуда. Мәселен, ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, Этномедиация институты, Ассамблея жастары сияқты құрылымдар өздерінің белсенді жұмысымен ел арасында белгілі. Дегенмен, еліміздегі саяси реформалар, ел Президентінің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты тапсырмалары облыстық Ассамблея жұмысын қайта қарап, өзектендіруді талап етеді, – деді Нұрлан Бикенов.
Басқарма басшысы Қарағанды облысының ҚХА бастамасы бойынша 50-ден астам ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілгенін атап өтті. «Мұның бәрі бейбітшілік пен жақсылық идеологиясының таралуына, жасампаздық пен өзара қолдауға ықпал ететіні сөзсіз», – деді ол.
Сондай-ақ, Нұрлан Бикенов жергілікті жерлерде ҚХА қызметі, оның рөлі мен міндеттері туралы ақпараттық жұмысты күшейту керектігін атады. Татулық пен келісімнің қажеттілігін барлығы біле тұра, «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген қисынсыз пікірлер айтылып жататынын тілге тиек етті.
– Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті тұрғындардың Қазақстан халқы Ассамблеясының не екенін дұрыс түсіне бермейтіні байқалады, көбінесе оған тән емес функцияларды орындайды. Қазіргі таңда ақпараттық жұмыс этноәлеуметтік шиеленістердің алдын алу, қоғамда татулық пен келісімді қалыптастыратын міндеттерге бағытталуы тиіс, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы биыл Ассамблея мүшелерінің бастамасымен жүзеге асырылған игілікті істерді атады. ҚХА мүшелері қайырымдылық жасаудан да қалыс қалмай, 10 көпбалалы отбасының балаларын мектепке дайындауға көмек көрсеткен. Оның ішінде Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылындағы әрқайсысы 5-6 бала асырап алған 4 отбасы бар. Одан бөлек, ҚХА мүшелері және этномәдени бірлестік өкілдері бір жыл ішінде 100-ге жуық қайырымдылық шара өткізген.
Сонымен қоса, облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары, мемлекеттік тіл саясатын жетілдірудегі ҚХА-ның қосып жатқан үлесі туралы айтылды. Әр этностың мәдениеті мен тілін дамытуға жағдай жасалған. Мәселен, облыста этномәдени бірлестіктердің 100-ден астам шығармашылық ұжымы жұмыс істейді. 3 ұжым «Халықтық» жоғары атағына ие болған. Жақында ғана «Берегиня» ансамблінің ұжымы Қазан қаласында өткен халықаралық фестивальдің бірінші дәрежелі лауреаты атанған.
Нұрлан Бикенов осы жұмыстарды қалалар мен аудандарда жандандыру қажеттігін атай келе, облыста бір ғана Достық үйі жұмыс істейтінін, көпэтносты құрамы бар ірі қалалар мен аудандарда Достық үйлерін ашу мәселесін қолға алу қажеттігін атап өтті.
Сессияда облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов:
– Әрбір қалалар мен аудандарда Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл жасауға жауапты мамандар айқындалуы тиіс. ҚХА-мен өзара әрекеттесу тек бір басқарманың қолында еместігін бәрі түсінуі керек. Барлық мемлекеттік органдар мен партиялар ҚХА-мен өзара іс-қимыл жасауы тиіс. Ішкі саясат басқармасы Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік құрылымдармен, түрлі деңгейдегі мәслихаттармен өзара іс-қимылының жол картасын әзірлеуі керек, – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVI сессиясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев, Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Сергей Шерстов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Жамбыл Жұмабеков, Қарағанды облысы корейлерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким, «Новое телевидение» телеарнасының өкілі Жанар Елшібекова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Александр Бочаров, «Русалица» славян этномәдени орталығының жастар қанатының жетекшісі Кристина Замерчук және «Орталық» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі басқармасының офицері, кіші сержант Владислав Горизанов сөз сөйледі. Олар «Бірлік – бейбітсүйгіш елде» қағидасын қолдап, жастар тәрбиесі, этномәдени бірлестіктердің жұмысы және мемлекеттік тілді меңгеру туралы пікірлерін ортаға салды.
Сессия соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»