Ұлыстың ұлы күні қасиетті Қарқаралының Орталық саябағында ойнаған әсем ән мен тәтті күйден басталды. Күн арқан бойы көтеріле осы жерде «Наурыз –Думан» атты театрландырылған мерекелік бағдарламаға кезек берілді. Кәмшат Досжанова мен «Аңыз» хореографиялық би ансамблінің орындауындағы «Наурыз» шығармасынан кейін ортаға көңілге шуақ сыйлаған сөзімен Наурыз қыз шықты, Қызыр ата келіп, дүйім жұртқа ақ батасын берді. Ақ жаулықты әжелер де көпшілікке ақжарма тілектерін айтып, шашу шашты.
Ұлыстың ұлы күні жиылған қауымды Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынұлы құттықтады.
– Өздеріңізге мәлім, елімізде биыл Наурыз мерекесін атап өтуде жаңа тұжырымдама қабылданды. Ел Президенті Ұлттық құрылтайда Наурыз мерекесінің мәртебесін көтеріп, мазмұнын байытуымыз қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, Наурызнаманың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, 14 наурыз Амал күнінен бастап елімізде мерекелік шаралар өтіп жатыр. Осындай шаралар ауданымызда да ұйымдастырылуда. Наурызнама аясында қайырымдылық, мәдениет және салт-дәстүр күні, шаңырақ, ұлттық киім күні, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы, тазару күндері белгіленді. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміз өсіп-өркендей берсін! Әр шаңыраққа амандық, баянды бақыт, мол ырыс-дәулет пен толайым табыстар тілеймін,- деді аудан басшысы.
Ұлы думанға суырыпсалма ақындар да келген екен. Бақытжан Үйсінбаев пен Балдырған Жекееваның наурыз-айтысы көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Кейінгі жылдары дәстүрге айналған бір тамаша үрдіс – ақсақалдардың бата беру сайысы. Қарқаралыда небір аузы дуалы, сөзі уәлі үлкендеріміз бар. Сол кісілердің бірнешеуі көпшілікке әдемі сөз, әуезді үнімен бата арнағанда ұлтымыздың осы бір ұлағатты ғұрпына сүйінбеген, сүйсінбеген жан қалмады. Ал ақ жаулықты аналарымыз сахна төрінен «Беу, айдай», «Бір бала», «Сәулем-ай», «Әгугай» сынды халық әндерін төгілтті. Ардагерлердің «Қайран жастық» хоры орындаған «Шіркін-ай» мен «Илигай» әндері де көңілімізді толқытты.
Мерекелік көңіл күйдегі халайық әйгілі «Қара жорға» биін «Аңыз» би ансамблінің кәсіби бишілеріне қосыла билеп, бір жырғап қалды.
Әлімжан Мәкенов, Еркебұлан Уалханов, Нұрсұлтан Қасымбек, Аида Әбілқасымова, Баян Ахметова, Гүлмира Сламбеков, Қанат Мүслимов, Арай Құснитденова сынды әншілер мен өнерпаздар Қарқаралы жұртына керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Орталық саябақтың бір түкпірінде күрес, асық, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен бәсеке жүріп жатса, бір жерде жас аналар арасында бесік жырын орындаудан сайыс ұйымдастырылды. Мереке күнгі жарыстарға қатысқан жандар сыйлықсыз, марапатсыз қалған жоқ.
«Наурыз –Думан» театрландырылған мерекелік бағдарламасының аясында Қарқаралыдағы Өнер мектебінің, Мәди Бәпиұлы атындағы №44 орта мектептің, О.Жәутіков атындағы №1 орта мектептің, Ә.Ермеков атындағы №2 орта мектептің шәкірттері де арнайы дайындықпен келіп, халық алдында өнер көрсетті.
Қарқаралыдағы Наурыз тойы әлі де жалғасуда. Мерекелік демалыста жүрген көпшілік үшін мұның бәрі айтарлықтай сый, тамаша тарту болды. Наурыз құтты болсын, жаңа жыл халқымызға жаңа берекесімен келсін деп тілейміз.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.