Ашық пікір алаңындағы алпыс минут
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Saryarqa» телеарнасында тікелей эфирге шығып, көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап қатты. Бір сағатқа созылған тікелей эфирде спикер өңір өміріндегі ең маңызды мәселелер легіне терең тоқталды. «Әкім сағаты» облыс басшысының жұмыс қорытындысы негізінде емес, халық көкейіндегі ортақ сұрақтар аясында жалғасып отырды.
Оның ішінде коммуналдық сала, тұрғын үй, энергетика, экология сынды маңызы жоғары салалар кеңінен қамтылды. «Әкім сағаты» – бұл облыс әкімі тарапынан өңірдің ағымдағы мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталған тиісінше назар аудару және шешуші іс-қимыл кезеңі деп атасақ болар. Осы алпыс минут ішінде алпыстан астам сауал тікелей эфирге де, арнаулы call орталығына да жолданып жатты. Осы уақыт ішінде әкім едел-жедел жайттарға да мән беріп үлгерді. Жедел желісіне қабылданған сұрақтар тиісті мекемелерге жолданатын болады. Бұл механизм ағымдағы сын-қатерлерге жедел жауап беруге және қоғаммен ашық диалогты сақтауға соны мүмкіндік береді. «Әкім сағаты» шеңберінде әлеуметтік және экономикалық, инфрақұрылымдық жобалар барысы талқыланды. Сонымен қатар, тікелей эфир ашық жұмыс істеуге ықпал ететін қоғамдық кері байланыстың бірегей форматы.
Мұндай тәсіл Қарағанды облысының әкіміне өзгерістерге тиімді ден қоюға және жергілікті халықтың өмірін барынша жақсартуға сөзсіз соны мүмкіндік береді, бұл «әкім сағатын» өңірді дамыту үшін маңызды тетікке айналдырады.
Ә деген бетте толассыз жауған жергілікті жұртшылық сауалдарының дені аймақтағы жылу электр стансаларының жай-күйіне бағытталды. Оның үстіне биыл Шахтинск қаласындағы жылу орталығынан ақау шығып, шаһар тұрғындары жылусыз қалған еді.
– Өңірде 7 станция, 400 қазандық бар. Шахтинск қаласындағы станциядан басқасында қатты қауіп келтіретін жағдай болған жоқ. Шахтинсктегі жағдай – нақтырақ айтқанда көмір сапасына байланысты. Бүгінде «Qarmet» АҚ-да көмір тапшылығы бар. Сондықтан, аталған мәселені дер шағында бақылауға алып, ондағы жылу электр стансасын жөндеуге тиісті қаражат бөлінді. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы, 7 станция бойынша жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Әуелі, Теміртаудағы «ТЭЦ-2» жылу орталығындағы құрылыс жұмыстарын аяқтау қажет. Сонда қала тұрғындары толық жылумен қамтамасыз етіледі, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Онан соң әкім сағатындағы әңгіме ауаны әлеуметтік салаға бұрылды. Биыл өңірде аталған салада біршама соны жаңалықтарға куә болатындаймыз. Мәселен, биыл аймақта 10 «Жайлы мектептің» құрылысы басталады. Оның 4-еуі – облыс орталығында бой көтермек. Ендігі жылы тағы 8 мектептің құрылысы басталады. Оның екеуі – Қарағандыда салынса, қалғаны аудан орталықтарына тиесілі.
Одан бөлек, өңірдегі тозығы жеткен үйлердің мәселесі қарастырылып шешілмек. Саран тұрғындары орталық жылу қазандығына қосылады.
– Әлеуметтік жобалардың ең ауқымдысы – ауылдағы медициналық бекеттер. Биыл 70 бекет ашу жоспарланған. Сонымен қатар, ауылға медицина мамандарын тарту үшін ілкімді істер жүргізілуде. Әрі 8 млн. теңгеге дейін өтемақы қарастырылып отыр, – деді аймақ басшысы «Saryarqa» телеарнасында өткен тікелей эфирде.
Мұнымен бірге, облыс әкімі Балқаштағы орталық аурухана жағдайына да тоқталды. Биыл ауруханаға толық жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Әрі ондағы барлық техника жаңартылатынын да баса айтты.
– Аурухана қызметінің деңгейі мен сапасын, ондағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру қажет. Ауыл-аймақ тұрғындары Қарағандыға келмей-ақ, сол жақтан ем қабылдау үшін ең керекті жағдай жасалғаны абзал. Бұған дейін қалада суық су мәселесі өзекті болып еді. Қазір жұмысы жолға қойылды. Енді қала тұрғындарын орталықтандырылған газ жүйесіне қосу жұмыстары жоспарда тұр. Ал, Саран қаласында 26 жеке жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Осы мәселені шешу үшін алдағы уақытта жылу қазандығының құрылысы басталады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жол – экономиканың күре тамыры. Әкім сағатында аймақ басшысы жөндеуді қажет ететін жолдар жайына да мән беріп өтті.
– «Қарағанды-Қарқаралы» жолын жөндеу жұмыстары жоспарлы негізде жүріп жатыр. Өткен жылы біз 50 шақырымын жөндеген болатынбыз. Биыл тағы 50 шақырым жолын жөндейміз. Өткен жолы өзім де барып қайтқан болатынмын. Жөнделген жолдар біршама түзеліп қалған екен. Биыл да жұмыстар жалғасын табатын болады. Себебі, Қарқаралы – облысымыздағы туризм саласы дамып келе жатқан аудан. Ал, біз тиісінше бұл саласының дами түскенін қалаймыз. Ол үшін жол сапалы болмақ керек. Сондықтан, бұл мәселе – тікелей біздің басты назарымызда. Биыл жобамен аяқталып қалу керек. Содан кейін Ботақарадан бері қарай екінші жобамыз бар. Сол жобаны бастайтын боламыз, – деді өңір әкімі.
«Жолдың жайын жүрген біледі». Аймақ тұрғындары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен тікелей эфирде «Қарағанды-Саран», «Қарағанды-Шахтинск» қалааралық автожолдарының мәселесін қоса көтерді. Шұрық тесігі мен ойдым-ойдымы көп жол Қарағандыға қатынап жұмыс істейтіндер үшін едәуір қиындық туғызуда. Бүгінде қалааралық жол күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Аймақ басшысы тұрғындардың бұл мәселесіне де жауап берді.
– Бұл мәселені өзім де жақсы білемін. Қала тұрғындарымен кездесіп, жол сапасын көзбен көріп қайттым. Бұған дейін аталған тас жол бойынша тиісті қаражат бөлінген еді. Тіпті, жауапты мердігер ұйым да бекітілді. Алайда, жұмысын соңына дейін аяқтамады. Биыл аталған тас жолы бойынша мәселе қайта көтеріліп, жоспар құрылды. Жоба – ауқымды. Қаражаты – 3 млрд. теңге. Биыл жоба құнының тек 280 млн. теңгесі бөлінді. Бұнымен тиісті басқарма жұмыс істейді. Басқарманың жоспарына сәйкес қаражаты кезең-кезеңімен бөліп беріледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Мәдени ошақтардың заманауи кескін-келбеті – жұртты толғандырып жүрген бір сауал. Мысалға алар болсақ, Қарағандыда 1000 көрермен сиярлық концерт залы жоқ екені баршаға аян. Облыс әкімі «Қарағандыда үлкен концерт залы қашан салынады?» деген көрермен сұрағына былайша жауап берді.
– Иә, білемін, бұл – көптен бері Оңтүстік-Шығыс ауданында күтіліп жүрген ірі жобалардың бірі. Және құрылыстың жобасы да дайын. Өте әдемі жоба. Бірақ, бұл жобаның бюджеті де облысымыз үшін «әдемі» болып тұр. Сарапқа салып, саусақ бүгіп есептеп те көрдік. Құрылыс жұмыстарын бастап алып, кейін жалғастыру одан да көп қаржыны талап етеді. Ал, аймағымызда тұрғындарымыз сауалдарына өзек еткен кезек күттірмейтін өмірлік мәні бар өзге де түйткілдер әбден жетерлік. Сондықтан, алдымен өзіміз байыппен байсалды қалыпта ой елегінен өткізіп алу керек. Ол қаржыны облыс бюджеті көтере ала ма, көтере алмай ма? Жалпы, жоба-жоспарында салынатын орны да қарастырылған, – деп жауап берді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өткен тікелей эфир барысында облыс әкімі өңірді дамыту тұрғысында маңызды мәлімдеме жасай отырып, кәрден тәжірибесі мен көшелі көшбасшылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Оның атқарған істерінің өміршеңдігі мен аймақ тұрғындарының әл-ауқатын көтеру жолындағы жігерлі ұмтылысы қоғамның бүгінгі келбеті мен болашақты нығайтуға қосқан сүбелі үлесін айшықтайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz