Кездесу

Ашық әңгіме өрбіді

Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ коворкингорталығында аймақтың белсенді жастарымен кездесті. Әңгіме еркін форматта өрбіп, қоғамның қозғаушы күші саналған жастар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында Абзал Нүкенов биылғы жылдың еріктілер мен жалпы жастар үшін маңызына тоқталып, жастардың әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтті.

– Сіздермен мереке қарсаңында кездескенім үшін қуаныштымын. Еліміздің ертеңі – жастар. Біздің тарапымыздан сіздерге әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын гранттар беріледі және жас мамандарға да пәтер кілтін беруді көбейтіп келеміз. Қазір жастардың дені кәсіппен шұғылданады. Бұл бізді қуантады, – деді Абзал Нүкенұлы.

Өз кезегінде Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов жастар үшін өзекті мәселелердің бірі – жер-жерде коворкинг-орталықтар құру екенін атап өтті.

– Мұндай орталықтар қазіргі таңда сұранысқа ие. Бұл бастама қалалар мен аудандарда қолдау табуда, облыста 11 орталық бар. Кейінгісі Тәуелсіздік күні қарсаңында Бұқар жырау ауданында ашылды, – дейді басқарма басшысы. Жезқазған қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Ақерке Серік кездесуге жақсы жаңалығымен келіпті. Жезқазғанда да енді қалалық жастар ресурстық орталығының жеке ғимараты бар. Бұл да Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа берілген.

– Бізде бұрын жеке орталық болмай, қалалық әкімдік ғимаратында жұмыс істедік. Облыс басшылығы Жезқазғанда жастарға арналған жеке сарай ашу міндетін алға қойған еді. Міне, қаланың дәл орталығындағы Пирамида ғимаратын берді. Бізге логистика жағынан да, сыртқы келбеті жағынан да ыңғайлы. Бірінші қабатта– мамандар кабинеті, екінші қабатта – коворкинг-орталық. Мұнда еріктілер клубы, Беларуссия IT-мектебінің филиалы, болашақ сәулетшілердің кабинеті бар, ал бірінші қабатта бос уақыт пен спорттық бөлімге, соның ішінде садақ атуға арналған бөлме де бар, – дейді Ақерке Серік.

Сонымен қатар, облыста жастар саясатын жүзеге асыру механизмін жақсарту бойынша ұсыныстар тыңдалды. Осындай ұсыныстардың бірі облыста «Жасыл Ел» бағдарламасын іске асыру процесін цифрландыру мәселесі болып табылады. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені шешуді назарға алатынын жеткізді. Жас кәсіпкер, «AVISHU» ЖШС директоры Маргарита Казанжи, «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының иегері Дархан Әбілқасым, облыс әкімі грантының иегері Медеу Абеузар жастарға әркез қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын жеткізді және алдағы мақсат-мұраттарымен бөлісті.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button