Басты тақырыпЖаңалықтар

Ашық әңгіме алаңы

   Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ аймақ тұрғындарымен тікелей эфирде жүздесті. «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы таратқан эфирде қарағандылықтардың көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап берді.

Сауалдар саны да жеткілікті. Хабарламалар онлайн-жүйеде «kartv.kz» сайтында және «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының жеке парақшасынан да көрсетілді.

Тікелей эфир басталысымен телефон мен әлеуметтік желілерде көрермен тарапынан ағылған сауалдарда шек болмады. 120-ға жуық сауал түсті. Аймақ басшысы уақыттың тығыздығына қарамастан, сұрақтардың маңыздысына жауап беріп үлгерді. Хабар барысында Бұқар жырау ауданының Жаңаауыл елді мекені алдағы уақытта Қарағанды қаласына қарауы мүмкін екендігі белгілі болды.

«Біздің ауылды 65-ші разъезд немесе Жаңаауыл деп айтады. Біздің ауыл әкімшілік жағынан Қарағанды қаласына, не болмаса Бұқар жырау ауданына қарамайды. Сондықтан, коммуналдық төлемдер төлеуде кемшілік бар», – деді Баян Ибергенова.

Осы мәселеден хабардар екендігін мәлімдеген облыс әкімі бұл мәселені шешу жолында жұмыс атқарылып отырғандығын айтты.

Байланыс орталығында 10 телефонға облыстың әр аймағынан, шалғай жатқан қала мен аудандардан, тіпті, алыс ауылдардан телефон арқылы байланысқа шыққандар аз болған жоқ. Қалалық тұрғындарды модульді қазандықтар жағдайы алаңдатса, ауылдағы ағайындарды жастарды жұмыспен қамту мәселесі толғандырды. Көтерген басқа да өзекті мәселелер көп болды. Ата-аналар бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру қажеттілігін көлденең тартса, өнер колледжінің студенттері білім алып, шығармашылықты шыңдауға қолайлы ғимарат керектігін айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі Теміртау қаласындағы жылыту мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

«Теміртауда үнемі апатты жағдайлар болып жатады. Пәтерлер суық. Қызмет сапасыз көрсетіледі. Не үшін ақша төлейтініміз түсініксіз. ЖЭО-2-ге күрделі жөндеу және қайта жөндеу қажет, бірақ, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бұл мәселемен айналысатыны екіталай. Мәселені шешу үшін билік қандай шара қабылдап жатыр?» – деді телекөрермен Наталья Шевченко.

«Бұл өзекті және маңызды мәселе. Теміртауды жылыту мәселесі алдағы уақытта шешіледі», – деді әкім. Ол энергетикалық компаниямен келіссөз осымен екі жыл бойы жүргізіліп келе жатқанын айтты. Бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда.

«Келіссөздер әзірге нәтиже берген жоқ. Үлесі, қаржыландыру көлемі қандай болады деген сұрақтар бар, осының барлығы келіссөз барысында шешілуге тиіс, – деді облыс басшысы.

Теміртаудың жылыту жүйесіндегі проблемалар Қарағандыда Қауіпсіздік кеңесінің көшпелі отырысында талқыланғанын хабарлады.

«Теміртаулықтарға бұл мәселені шешу біздің міндетіміз екенін айтқым келеді. «АрселорМиттал Теміртаудың» қазіргі басшылығымен бірнеше мәрте кездестік. Олар жағдайды түсініп отыр, және біз 3-4 қазандықты ауыстыру керек деп келістік. Мәселе ерекше бақылауға алынды», – деп қорытындылады әкім.

Еске салсақ, Теміртауда 2016-2017 жылғы жылыту маусымы күрделі өтуде. ЖЭО-2 жабдықтармен толыққанды жарақталмай, жұмысқа кірісті. Осының салдарынан теміртаулықтардың пәтерлерін суық алған. Жүйелі түрде орын алатын апаттардың кесірінен қазандықтарды тоқтатып, ақауды жоюға тура келді.

Кәсіпкерлер үшін көкейкесті болып табылатын жер мәселесі де көтерілді.

«Бұрын жер учаскелері түрлі мақсатта берілетін. Содан кейін мүлдем басқа нысандар қарастырылған жерлерді толық жобалау жоспары қабылданды. Енді не істейміз?» – деп сұрады телекөрермен аймақ басшысынан.

Облыс әкімінің айтуынша, мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Оның бір бөлігін шешуге қала әкімі атсалысатындығын айтты.

«Қаланың бас жоспары әзірленді, ал толық жоспарлау жобасы болмаған. Бұл ретте қала басшылығы жер учаскелерін үлестірді. Толық жоспарлау жобасы әзірленіп, бекітілгеннен кейін проблемалар туындай бастады. Қала әкімі баяндағандай, оның бір бөлігі шешілді. Қалғаны жағдайға қарай реттелуі мүмкін», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

«Әрине, біз қала тұрғындарының шағын және орта бизнесті дамытуға қатысуларына, өздерінің кәсіпкерлік идеяларын іске асыруларына мүдделіміз. Ескерте кететін бір жайт, жер учаскелері саудаға салынбасын. Кейбіреулері бұрын алған жерді құрылыс салуға рұқсаты бар деген сылтаумен оны үшінші тұлғаларға сатпақ болады. Ал ондай рұқсат болмаған. Шатастырады. Осы кезде үшжақты дау туындайды», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, брифинг барысында әкім өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуға тоқталды. Былтыр экономикалық өсім көрсеткіші 1,3 пайызды құрады. Аймақтық жалпы өнім 3,3 трлн. теңгені еңсерді. Бұл – еліміз бойынша 4-ші орын.

Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік қызметінде, тұрғын үй құрылысында, қаржылық сферада биік жетістіктер қамтамасыз етілді.

Орташа айлық еңбекақы көлемі 9,4 пайызға өсіп, 123698 теңгені құрады.

Облыс бюджеті үнемдеу режиміне сәйкес қалыптасқанымен, еңбекақы, жәрдемақы, шәкіртақы және басқа да әлеуметтік төлемдер толығымен төленді.

2017 жылы Индустриаландыру картасынан тыс 1,4 млрд. теңге инвестиция үлесімен 10 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 237 жұмыс орны құрылмақ.

Өткен жылы негізге капиталға құйылған инвестиция көлемі 315,4 млрд. теңгені құрады. Бұл қаржының төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалды.

Инвестиция тарту жұмысының басты көрсеткіші ретінде арнайы экономикалық аймақтағы өндірісті дамытуға тартылған инвестицияны айтуға болады. Аймақта инфрақұрылымдық қажеттіліктер жасақталып, қатысушыларға арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақта 10 компания тіркеліп үлгерді.

Оның 4-і нақты жұмыс істеп тұр: «Бемер Арматура» ЖШС (шарлы крандар мен ілмекті арматура өндірісі), «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС (оқшауланған жылу құбырлары өндірісі), «Тau-Ken Temir» ЖШС (металлургиялық кремний өндірісі), «HyunwooCentralAsia» ЖШС (оқшауланған жылу құбырлары және пенополиуретанмен оқшауланған құйма бұйымдары өндірісі);

4 компания жұмыстарын бастауға дайындық жүргізуде:

«Steel manufacturing» ЖШС (патрондар өндірісі), «Seven Refractories Asia» ЖШС (өртке төзімді материалдар өндірісі), «Завод ЭкоЛампа» ЖШС (көше жарықдиодты шамдары өндірісі), «Өтеміс LTD» ЖШС полимербетонды конструкциялар өндірісі).

2017 жылы «Steel manufacturing» ЖШС және «Seven Refractories Asia» ЖШС жүзеге асырылады деп күтілуде.

Эфир барысында Елбасының Жолдауынан туындаған агро­­өнер­кәсіп саласына қатысты бірнеше сауал қойылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативін құру ерекше назарға алынғандығы белгілі болды. Бұдан бөлек, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары сұрақтар қойылды. Облыс әкімі барлық бағытта тиісті шаралар қолға алынғандығын айтты.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button