Асфальтная көпірінде асфальт жоқ!
Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагердің бірі Германияда бомбалар тайқып ұшатын жолдардың болғандығын айтқаны есімде қалыпты. Әуеден құлдилаған бомба тұрмақ, жеңіл көліктің жүрісіне жарты жыл шыдам бермейтін біздің жолдарға қарап, сол әңгіме есіме түсті. Амал қанша? «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, Қарағанды жолын айта-айта жағымыз талды. Тоғыз жолдың торабында тұрған шахтерлер шаһарының жолы жүргісіз болғалы қашан. Салынбай жатыр деуден аулақпыз. Бізді толғандырған – сапасыздығы.
Кештеп келген көктемге өкпелеп, қардан арыла алмағынымыз аздай, жер аяғы жіпсіді деп, бөркімізді аспанға атқанда, «тазымыздың» көріне қалғанын қайтесің. Құдай-ау, қармен бірге асфальт та еріп кеткен бе? Ойдым-ойдым ойықты мұз жасырып жатқанын қайдан білейік? Ойықтың олқылығын қармен толтырған болыппыз. Қар – еріді. Енді немен толтырамыз? Пичугин көшесінен жүріп өтіп, бұның да жауабын таптық. Аталған жолдың Жамбыл көшесімен қиылысар тұсындағы ойылған асфальттың орнын жаяу жүргіншілер жолына төселетін «тротуар тастарымен» толтырыпты. Масқара деп осыны айт! Дәл сол арадан бірер метр қашықтықта асфальтты мүлдеп қырып тастаған. Шаңы шұбырып, жайылған тасы бетіне шығып жатыр.
…Өткен жаз қарағандылық көлік жүргізушілерінің есінде таусылып болмас кептеліспен қалды. Қарағанды вокзалы маңындағы Новоселов көшесі жабылып, Ермеков көшесі бойындағы кептелістен көз аша алмай қалған едік. Бұл кептелістің ендігі себебі – Асфальтная көшесіне алып барар көпірдің жөнделуі. Бұл арадағы қала мен Оңтүстік Шығысты байланыстырар жуық жол – Бұқар жырау даңғылы. Өткен кептеліске өкініп қайтеміз. Айтпағымыз ол емес. Мәселе, сол өткен жылы ғана толық жөндеуден өткен Асфальтная көшесіндегі көпірде. Бұл көпірдің ұзақ уақыт бойы жүргіншілерді сарсаңға салып, кешеуілдеп қолданысқа берілуі өз алдына, тақтайдай жолға тап болдық деген жүргізушілердің қуанышы ұзаққа бармады. Жөнделгеніне бірнеше жыл болды деген Бұқар жырау даңғылы, Бейбітшілік бульвары, Ермеков көшесі сынды жолдармен салыстыруға да келмейді. Бір жылға жетпей бұтарланып жатқан жолдың сиқын көріп, желге ұшқан елдің қаражатын ойлайсың. Желге ұшқан қаржы демекші, өткен жылы Қарағанды қаласындағы жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 3,1 миллиард теңге бөлінген екен (Қарағанды қаласының әкімі Н.Әубәкіровтің «Орталық Қазақстан» газетіне берген есебінен. 2017 жылғы 28 қаңтар). Осы қаражаттың бір бөлігі есебінен «Федоров» көпір жолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері бекітілді. Жол плитасының аралары толтырылды. Мұнымен қоса, жол төсеніштері төселіп, жаяу жүргінші тротуарлары салынды. Дегенмен, Асфальтная көшесіне жалғасатын бұл көпір атына заты сай болмай тұр. Асфальтная көпірінде асфальт жоқ деудің өзі ұят! Көпірден өтсеңіз байқайсыз – бетіндегі асфальты мүжіліп, астындағы темір қаңылтыры шығып жатыр. Көпірді жаяу жүргінші ретінде жағалай жүріп өтіп, тағы бір байқағаным – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік мәселесі. Бұқар жырау даңғылындағы көпірмен өтсеңіз, жаяу жүргіншілерді жол көлік оқиғасынан қорғап қалар биіктігі белге жуық, ені бір сүйемге таяу жол жиегін көрер едіңіз. Ал, Асфальтная көпірінде мұндай жиек тек көпірдің қақ ортасында ғана салынған.
Асфальтная көшесіндегі көпір
Облыс әкімі Ерлан Қошанов алғашқы аппарат мәжілісінде Қарағанды жолдарын қатты сынға алып, көп жерлерде жол емес, бағыт қана қалғанын айтқан еді. Рас-ау, «Магнум» сауда үйінен бастап, 7-ші магистральга жалғасатын Тәттімбет көшесінде мүлдем жол жоқ деуге болады. Ал, қала мен Оңтүстік Шығысты және Майқұдықты байланыстырып тұрған бұл жолдың маңыздылығын айтпаса да белгілі.
Алысқа бармай-ақ, Ермеков көшесінен «Қарағанды аяқ киім фабиркасына» бұрылар тұстағы редакциямыздың ауласына шықсаңыз да жетіп жатыр. Қызыл асықтан асатын шұрық-тесіктен жалтару мүмкін емес.
Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мамандары жол жөндеу мәселесін қоғамдық бақылауға алуды ұсынған болатын. Яғни, жол салған компания мен ол жолдың қолданысқа берілген уақыты, кепілдік мерзімі көрсетілген тақтайшаны жөнделген жолдың жиегіне орнатып, олқылық болған жағдайда кінәліні анықтау мүмкіндігін жасау. Дегенмен, бұл да әлі қолға алына қоймады.
Тұлпардан таға қымбат болып тұрған нарық заманында көліктің тірек сайманын ауыстыру да арзанға соқпайды. Бір «стойканың» ең арзан дегені – 4500 мың теңгеден басталады. Бұл – арзан дегені. Бұған – жол нашарлығынан бұзылатын өзге де қосалқы саймандарды, қызмет ақысын қосыңыз. Қалтаңыз әжептәуір қағылатын мұндай сәттер еліміздегі жүргізушілерге етене таныс.
Еліміздегі туризм мәселесінің тусырап тұрғаны да осы жол мәселесіне қатысты. Көрікті жерлер жоқ емес, сол көрікті орындарға алып барар көлік жолдарының жоғы қинайды. Бұл туралы жуырда ғана облыстың тарихи-өлкетану мұражайында өткен Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне әзірлік аясындағы «Мұражай әлеуметтік және мәдени кеңістіктегі туризм феномені» жобасына қатысушы, «Арман-Тур» туристік фирмасының және Астана қаласындағы гид-аудармашылар мектебінің директоры Салтанат Әбжанова да айтқан еді.
Арғымаққа ауыздық салып, асауды алғаш арбаға жеккен ұлттың жол қадірін білері һақ. Алтайдан Арқаға аттанғанымда «Жолың болсын!» деп шығарып салған анамның үні күні бүгінге дейін құлағымда. Менің жолым болса болған шығар, көліктің жолы болмай тұр, әзір. Қынжылтатын да сол…
Рауан ҚАБИДОЛДИН