АймақШет

Асқақ рух, жасын жігер

Заманы адамын қалай билемеді, қалай илемеді десеңізші. Кезінде біздің аудандық «Ильич туы» газеті де жергілікті биліктің тікелей басшылығымен жұмыс жасағаны мәлім. Басқасын сөз қылмағанда, қарапайым «еске алудың» өзі сол жақтың рұқсатымен шығып жататын. Ал, әйгілі желтоқсан көтерілісінен кейін үш әріптің өкілі келіп газеттің біраз жылғы тігіндісін тексеріп, ұлттар достығы желеуімен орыс ұлты басымдау тұратын елді мекендердегі өзге ұлт өкілдері жайлы мақалалардың шығарылуын тексерді. Абырой болғанда өздері ойлағандай кемшін дүние табылмады, таппады.

Сурет: сайт мұрағатынан

Содан біраз қайта құру дәуірінің сәл жылымықтау жылдарында ашаршылық құрбандары жерленген жерлерді телевизорға түсіреді екен, жүріңдер соған қатысуымыз керек деген соң, редакцияның журналистері бірі қалмай бұрынғы автопарктің жанына жиналдық. Ашаршылық құрбандары қорымы сол жерде болатын. Ол уақытта ешқандай белгі де қойылмаған. Жаяу адамдармен қосыла автокөліктер де жүріп, шиырлап із салып тастаған.

Түсіру тобын бастап келген Кәмекең екен. Білгеніміздей бастамашы да өзі. Бұрын Кәмекеңді сырттай ғана білетінмін. Мен ауылшаруашылығы бөлімінде істегендіктен мектеп өмірінен алыстау жүретінмін. Жаңағы болған шағын түсірілімде ауыл ақсақалдары өздерінің білгендерін, ал автопарк басшысы сыртқы дуалды орнатарда адам сүйегі шыққан соң дуалды бұрып орнатуға мәжбүр болғанын айтып жатты. Біз бұрын білмеген, естімеген оқиғалар айтылды. Кеңестік репрессия кезінде топтап кісі ату мәселесі де көтеріліп, ол жайындағы ақпарат лезде ел арасында гуілдеп кетті. Шынында еміс-еміс естігеніміз болмаса ол турасында толық білмейді екенбіз.

Кәмекең біздің редакцияға 1992 жылы редактор болып келді. Оған дейін М.Горький мектебінде, «Білім» қоғамында, аудандық мұражайда қызмет атқарған болатын. Жылымық заман келгенін, соған орай ойыңды ашық білдіруге мүмкіндіктің барын, осыны пайдалану керектігін айтты. Аудан өмірін, аудан тарихына қатысты материалдарын газет бетіне жариялай бастады. Шет өңірінен Меккеге қажылыққа барғандар, ақындар, батырлар жайлы материалдар шығып жатты. Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Маясар, Жәкен, Тәшен, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығы оқырмандарға кеңінен таныстырылды. Облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды. Ауданымыздан шыққан ақындар, жырау, ел басқарған билер мен батырлардың есімдерін жұртшылық енді кеңінен білетін болды.

Кәмекең тоталитарлық жүйенің толып жатқан тосқауылдарына қарамай халқының бары мен жоғын хаттады. Тар заманның тасасында көмескі тартқан ескі құндылықтардың елесін іздеді. Сан ғасырлық салт-санамыздың ұмыт қалған ұстындарын жұртымыздың есіне салып, ықылымнан жеткен алтын арқаудың үзілмеуіне атсалысты. Бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін көтерді. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеді, асқақ мұратына айналдырды. Өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілуіне өлшеусіз үлес қосты. Соның арқасында сойы бөлек саңлақтар қатарынан ойып тұрып орын алды. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі ретінде соңына мол мұра қалдырды.

Асқақ рухты азамат алпыс жасқа аяқ басқанында Тәуелсіз елдің дамуына күш-жігерін жұмсап, бетегелі белге біткен биік шынардай боп, туған халқы мен ел-жұртының алдында құрметке ие жан екенінің айғағы ретінде «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. «Елін сүйгенді елі сүйеді» деген осы да.

Редакция орналасқан үй жұпынылау көрінетін. Оған қазіргі орналасқан ғимаратқа көшіру де үлкен күшті талап етті. Ол кезде қазіргідей компьютер емес, зіл батпан темірлерді көшіру оңайға түспеді. Бәрін бұзып, бөлшектеу уақытты талап етті. Кеңсе орналасқан ғимаратты жөндеу және бар. Міне, осының бәрін газеттің кезекті санын тоқтатпай шығарып отыру да үлкен күш-жігерді талап етті. Ол айтуға ғана жеңіл. Ал, шын мәнінде уақытпен санаспай еңбек етуге тура келді. Кәмекеңнің басшылығы мен ұйымдастырушылығы арқасында алға қойған мақсатқа да жеттік.

Ол кісінің беделі зор болатын. Қолға алғанын соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Біз оған сендік, иек арттық. Намысқой жан болатын. Бірде Ақмола облыстық газетіне Ақанның Құлагерін өлтірген қанды қол Шеттен шыққан екенге саятын бір білгішсымақтың шатпағы жарық көріпті. Әлгі материал Кәмекеңнің қолына тисін. Тегінде таныстары салып жіберген-ау. Елдің намысы десе атқа қонатын Кәмекең оның түбірімен жаңсақ пікір екенін жер-жебіріне жеткізе айтып, қарсы материал жолдап, газет редакциясын сабасына түсірді. Сөйтіп ауданымыздың атын, азаматтарын жазықсыз жаладан қорғап қалды.

Кәмекең зейнеткерлікке редакциядан шықты. Құрметті демалыста жүрсе де газеттен қол үзбеді. «Жақсы бір адам қартайса көкірегі хат болар» демекші, елді бірлікке шақырған, даналыққа толы жазбаларын жіберіп тұрды. Абыз ақсақал елін, жерін барынша құрметтеп, шексіз сүйіп өтті. Әуесқой композитор ретінде шығарған «Арқа самалы», «Аюлым», «Домбыра», «Туған жер», «Жаз келді», «Жас Алаш маршы» әндері осының дәлеліндей.

Бір шоғыр ақсақалдар ішінде Кәмекеңнің ақырын жүріп, анық басқан байсалды да сабырлы болмысы, салиқалы сөзі, биік парасаты ерекше айқын тұратын. Оның ғибратқа толы ғұмырынан кейінгі ұрпақ мол тәлім алатыны даусыз. «Расында жалған екен-ау, бұл жалған» деп Мұқағали айтқандай, мына фәнидің жалған дүние екенін дәлелдегендей болып бақиға озғанына да жыл толыпты. Бабам қазақтың сөзімен айтқанда, алды – пейіш, арты – кеніш болғай, асыл жанның!

Болат АҚПАНБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button