Қаржылық сауаттылық қарыздан құтқарады
Қазіргі күн әр істе сауаттылықты қатаң талап етеді. Сауаттылық дегенде, әліпті таяқ деп тану емес. Бұл – құқықтық, қаржылық, мәдени, рухани, іскерлік, тағысын-тағы сынды сауаттылық. Бұл күні жұрт несиені несібеге балап алған. Соңында соған шырмауықша шырмалады. Ондайлар Қазақстанда миллиондап саналады. Қарыздың шырғалаңынан шыға алмай жүргендердің банкке берешегі – бірнеше триллион (Қазақстан бойынша) теңге. Дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 1 шілдеде жария еткен дерегінше, қазақстандықтардың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның бәрі сауатты алынған несие деуге мүлде келмейді. Мойындауға тиіспіз, қоғам қаржылық тұрғыда тап қазір су қараңғы, сауатсыз. Сол сауатсыздық осындай қалың сор боп тұр. Бір айда табан тозып тапқан жалақыдан банктегі несие бірнеше есе көптігі – соның айғағы. Мұны «сауаттылық» деуге сыя ма?! Екіге екі қосса, төрт болатынын, одан басқа математика заңдылығы жоқтығын жұртшылық қашан түсінері тағы да белгісіз…
Несие алу азаяр емес
Несие алу жыл өткен сайын өсіп келеді. Агенттіктің мәлімдеуінше, тұрғындардың тұтыну қарызы 1,7 пайызға өсіп, ол 11,3 трлн теңгеге жеткен. Сонымен бірге, ипотекалық несиеде өсім бар. Оның өсімі 0,5 пайыз көлемінде көрінеді. Ондағы сома – 5,5 трлн теңге. Не десек те, тұрғындардың тұтынушылық қарызы ипотекалық қарызынан екі есеге көптігін көреміз. Ал, тоқсан күннен асқан қарызы бар борышкерлердің берешегі – 1 трлн теңге. Жалпы, 8,5 млн қазақстандықтың мойнында несиесі бар. Экономикалық белсенді, жұмысқа қабілетті отандастарымыз 9,5 млн тұрғын екенін ескерсек, онда әр қазақстандықтың басына 1,5 млн теңге несиеден келеді екен.
Агенттік дерегінше, былтыр 14 трлннан астам теңге қарыз болса, оның алдындағы жылы 10 трлн теңге шамасы. Биыл алты айдағы берешек 18 трлн теңге. Неге? Халық байып кетті ме? Әлде банктер «тегін» таратып жатыр ма? Бұл арада мәселе – қаржылық сауаттылыққа барып тұйықталады.
Сонымен, құзырлы орындар қазақстандықтардың үш мақсатта несие алатынын растайды. Біріншісі – тұтынушылық, екіншісі – ипотека, үшіншісі – өзге де ұсақ несиелер. Яғни, 18 трлн теңгенің тек 5 жарым трлн-ы ғана ипотекалық, қалған 10,3 трлн теңге – тұтынушылық, 2,5 трлн теңге – «басқа» қарыздар екенін айтады. Экономистер бұл арада тиімдісі ипотека екенін жеткізеді. Ипотекада адам жылжымайтын мүлік алып, оны ұзақ жылдар пайдаланады. Ал, тұтынушылық пен басқа да несиелерге алынған заттардың қолданылу мерзімі кем. Үстіндегі үстеме төлемі – бірнеше есе. Несиеге мыңдаған теңгеге алған бір бұйым сол қаражатқа лайық па? Жоқ па? Енді ойланып көріңіз. Дегенмен, несиеден бас тартқандар шамалы.
«Қарызсыз қоғам» сауатты ашады
Сондықтан да, Президент тапсырмасымен мына қараша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» деп аталған жоба іске қосылды. Кедейліктің қамытын киіп алып, одан шығудың орнына құрдымға кетіп бара жатқан жұрттың санасына сәуле жіберу үшін. Әуелі қарызға белшеден батып, банктерден безе қашып, олар шам алып қуалап жүрген борышкерлерді осы жоба оқытпақ ниетте еді. Оқытты да. Оқытып та жатыр. Бұл жоба Қарағанды аймағында да ақпан айында басталды. Әлі де жалғасып келеді. Осы аралықта Қарағанды облысында қарыздан құтылудың, әрі оны бас жоқ, көз жоқ мақсатсыз алмаудың амалын бес мыңға жуық адам оқып, үйренді. Оның 70 пайызы несиесін жаба алмай жүргендер екен. Бұл туралы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская мәлімдеген еді. Оның айтуынша, шілдеге дейін оқытудың 16 легі ұйымдастырылған.
– Жыл соңына дейін қала мен аудандардың кестесі жасалды. Барлығы 9 470 мың адамды оқытуды көздейді. Мұның ішінде, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері де бар. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылық жөнінде ІТ платформаны да іске қосу жоспарда, – дейді Ирина Любарская.
Бұл орайда аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың да қағазбастылық емес, нақты әрекет қажеттігі туралы тапсырмасы да бар.
– Бұл – өте маңызды мәселе. Менің халықпен аудан-қаладағы кездесулерімде тұрғындар қарыз, тұтынушылық несиесі бойынша көп шағымданады. Сондықтан да, жер-жерде тиянақты жұмыс жүргізілуі тиіс. Мұндайда қоғамдастықтың, қаржыгерлердің белсенді ұстанымы қажет. Бұл арада формализмге жол жоқ, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің тікелей нұсқауымен «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыратын жұмыс тобы құрылғаны мәлім. Оның құрамында қаржы сарапшылары, заңгерлер бар. Олар тұрғынның несие тарихын зерделеп, борыштық қарызын азайтудың амалы туралы кеңес береді.
«Қарыз күліп барып, жылап қайтады»
Бір қарызды екінші қарызбен жабу – қазіргі бұқараның бір дерті. Бұл да – сауатсыздық. Қарыздан шығудың жолын іздегеннен гөрі оны осылай жылдам несиелермен жапқанды қолай көреді. Бұған онлайн несие деген дем беріп тұр.
Күні кеше елде онлайн несие беруге тыйым салуды сұраған петиция жария етілді.
«Хақ-Назар» қоғамдық қорының қызметкерлері елімізде онлайн несие беруге тыйым салуды сұрайды. Петиция epetition.kz сайтында жарияланды.
«Онлайн несиелердің оңай қолжетімділігі халықтың осал топтары арасында қарыз жүктемесінің өсуіне және қаржылық тұрақсыздыққа әкеледі. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен ашық айқын емес несие шарттары көбінесе адамдарды қарызға батырады. Қарыз шұңқырына түсуден бөлек, онлайн несие алаяқтық, ұрлық және бопсалау сияқты қарызды өтеу жолдарымен байланысты қылмыстардың көбеюіне алып келеді», – делінген петицияда.
Петиция авторлары онлайн кредиттер беруге тыйым салуды ғана емес, сонымен бірге, микрокредиттер саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтуді сұрайды.
Түйін
Ендігі аздаған үміт – «Қарызсыз қоғам» жобасында. Әрине, бұдан жұрт жаппай сауатты болып кетпес. Алайда, алған ақшасын дұрыс жоспарлап, тиімді жұмсауды үйренсе де, тәуір. «Бұқара төлей алмайды» деп банк несие беруін тоқтатпайды. Ал, бұл арада бұқара несиенің несібе еместігін ойланса керек-ті.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»