Руханият

Арыстар рухы ардақталған ас

Жомарт табиғат бойына дарыт­қан талант құді­ретімен, ерекше ең­бегімен һәм көзсіз ерлігімен ұлт мүддесіне қызмет жасаған, елдің тарихында есімі жазылып қалған бірегей тұлғалардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, аумақ­тық әкімшілік бөліністердің, тіпті, жекелеген кәсіпорын мен шаруашылықтың мерейтойларында киіз үйден қала орнатып, ұлттық ойындар, түрлі спорт жарыстарын өткізу, өнер ұжымдары мен жекелеген әнші-күйші­лер концертін ұйымдас­тыру, құрметті қонақтарға, бәсеке жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сый-сияпат көрсету қазіргі қазақ қоғамында қалыпты жағдайға айналды.

Суретте: Мәди Бәпиұлы мен Мұс­тақым Малдыбайұлының туғанына 145 жыл толуына арналып Айрық ауылында өткен ас пен мерекелік іс-шаралардан көрініс.

 

Ақын Қадыр Мырза-Әлі айт­қандай: «Қазақ осы – дүние мен малыңды, Жақсылап бір шашу үшін жинайтын…». Әрине, мұндай тойдың орындысы да, орынсызы да бар. Өзіміз орынды деп есептейтін сондай жиынның бірі – әнші-композитор, күрескер ақын, ерлік пен еркіндіктің символы Мәди Бәпиұлы мен Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері Мұстақым Малдыбайұлының туғандарына 145 жыл толуына арналып Қарқаралы ауданына қарасты, алғашқы аталған тұлғаның есімін иеленген ауылдық округтің орталығы Айрықта өткізілген мереке.

«Тойдың сылтауымен тон тігіледі» деген жұртпыз ғой, қос арысының бестікпен аяқталған мерейтойларын атап өтуді желеу етіп, мұнда жергілікті тұрғындар үшін пайдалы бірсыпыра игілікті шаралар жүзеге асырылған екен. Атап айтқанда, ауылдың кіре берісіне құны 2 миллион 150 мың теңге тұратын қақпа (арка) орнатылыпты. Бұл Үшқараның етегіндегі Айрыққа кәдімгідей-ақ көрік беріп тұр. 1 миллион 300 мың теңгеге Айрық ауылына 60-70 адам еркін сиятын киіз үй, мектепке 700 мың теңгенің интерактивті тақтасы мен 510 мың теңгенің күрес кілемін, ауыл клубына 1 миллион теңгенің музыкалық аппаратурасын сатып алыпты. Сонымен бірге, 1 миллион 500 мың теңгеге ауыл асханасына жылыту жүйесі орнатылып, 700 мың теңгеге дала сахнасы жасалыпты. Сондай-ақ, округке қарасты Едірей ауылы үшін құны 650 мың теңге тұратын киіз үй алыныпты. Өңірде қандай да бір өнеркәсіп орны, ірі шаруашылық жоқтығына қарамастан, осыншама істің атқарылуына мүмкіндік жасаған жергілікті шаруа қожалықтары мен 1968-1998 жылдары Айрық пен Едірей ауылдарында туып-өскен азаматтар екен. Бұл ретте округ әкімшілігіне жәрдем берген Асты ұйымдастыру комиссия­сы (төрағасы – осы ауылдың түлегі, Қарағандыдағы №19 ЖББ «Келешек» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мартбек Күзембаев пен округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Серік Қоңыров) үлкен жұмыс атқарғаны хақ.

Тікелей тойдың өзіне келетін болсақ, сиыр сәскенің кезінде Егіндібұлақ мәдени-сауық орталығының «Басында Үшқараның балғын едім…» атты концерттік бағдарламасымен басталып, аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Ағыбайұлы Ілияшев пен аудан әкімінің кеңесшісі, қоғамдық кеңестің төрағасы Сайлау Әлиевтің құттықтауына жалғасты.

Көктемнен бері жаңбыр болмағандықтан, Мәди ауылдық округі аумағын жаз басынан құрғақшылық жайлаған екен. Тоймен бірге себелеп басталған жаңбыр бірте-бірте күшейе түскеніне қарамастан, ылғалды аңсаған көпшілік басынан бақайына дейін су сорғалатып осы ауылдың тумалары, көпшілігі қазір Қарағанды мен Егіндібұлақта тұратын ардагерлер Көшербай Шайманов, Ақатай Сүлейменов, Серік Сексенұлы, Мейрамбек Кенжебеков, Аманжол Қуанбаев, Серік Қоңыров пен осы жолдар авторының құттықтауларын, өнерлі жастардың әндерін үлкен ықыласпен тыңдады. Әсем әуендер арасында асты қаржылай қолдаған шаруа қожалықтарының иелері мен әр жылдары туған түлектердің өкілдеріне Алғыс хаттар табыс етілді.

Концертпен қатар биік жайма үстіндегі боз кілемде қазақ күресі, одан соң қой көтеру, жасыл алаңда шағын футбол, арқан тартыс, жасөспірімдердің жаяу жарысы өтіп жатты. Қазақ күресінен «Мәди барысы» біріншілігінде осы ауылдың балуандары: Мақсат Боранбаев І орын, Бақытжан Шайманов ІІ орын, Диас Жәкеев ІІІ орын иеленді. Қой көтеруде Тәттімбет ауылдық округінің өкілі Асылжан Шаймерденовке ешкім тең келген жоқ. Шағын футболдан І орынды – «Нұрмақов – І», екінші орынды – «Нұрмақов – ІІ», үшінші орынды Қаракөл командалары алды. Тағы бір командалық жарыс – арқан тартыста ерлер арасында «Мәди – І» – бірінші, «Нұрмақов» – екінші, «Мәди – ІІ» командасы үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында «Едірей» – бірінші, «Мәди – І» – екінші, «Мәди – ІІ» командасы үшінші жүлдені иеленді. Жасөспірімдер арасындағы жаяу жарыс та тартысты болды. Ұлдар арасында Владимир Ыдырысов – бірінші, Нұрәли Мүбарак – екінші (екеуі де Қоянды ауылынан), Мәди ауылының жеткіншегі Саян Саят үшінші орыннан көрінді. Қыздар арасында Көркем Сәбит – бірінші, Зере Алтынова – екінші, Аяру Ерболова үшінші орынға табан тіреді. Барлығы да жергілікті түлектер.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау аяқталған соң «Туған елге – тағзым!» атты гала-концерт басталды: сахна төріне Мәди округінің өнерпаздары мен С.Сейфуллин театрының жас әртіс­тері көтерілді.

Әкімшілік және өнеркәсіптік орталықтардан шалғайда орналасқан Айрық ауылы тұрғындары мен қонақтарын желпінткен астың соңы отшашумен аяқталды.

P.S.: Мерекеге келген қонақтардың және жарыстарға қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылдық округ медбикесі мен учаскелік инспекторға қосымша, тәртіпті қадағалау үшін Егіндібұлақ полиция бөлімшесінің және Егіндібұлақ өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жұмыс істеді.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button