Жаңалықтар

Қарымды қаламгер

Жаңа 2025 жыл келуі мұң екен 1950 жылы туған қаламдастардың 75 жылдық мерейтойы басталып кетті. Соның алғашқысы – бүкіл ғұмырын журналистикаға арнаған, Қазақстанның Құрметті журналисі Владимир Рыжков досымыз болып отыр.

Сурет inkaraganda.kz

Әрине, бүгінгі әңгіме құрдастары үшін Володя, басқаларға Владимир Рыжков туралы болмақ. Оны Қарағанды журналистері жақсы білетін себебі – ол бүкіл саналы ғұмырын біздің облысқа арнаған.

Сол өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, мен өз басым онымен үзеңгілес болып келемін. Ә.Ермеков көшесіндегі «Баспасөз үйі» деп аталатын ғимаратта күнделікті бір есіктен кіріп-шығып жүріп, аралас-құралас болғанымызға 40 жыл болды.

«Орталық Қазақстан» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің журналистері бірін-бірі бауырдай көретін. Соның ішінде, осы Володяның жөні бөлек еді. Ол қашан көрсең сабырлы, бір қалыпты жүретін, мінезге өте бай адам.

Одақ кезінде Қарағандының орыс тілінде шығатын газетінде Ресейдің алыс қалаларынан келген журналистер көп болатын. Жасыратын несі бар, олар жергілікті журналистерге төбеден қарап, бір түрлі жақтырмай тұратынын сезетін едік. Ал, Владимир Рыжков ондай емес-ті. Бізге жылы қабақ танытып, іші-бауырымызға кіріп тұратын. Оның себебін кейін білдік. Сөйтсек, Владимир өзіміздің жерлесіміз, мынау көгілдір Көкшенің тумасы екен.

Оның өз сөзіне қарағанда Рыжковтар әулетінің сол жер жәннаты Көкшетауда кемінде 3-4 ұрпағы өмір сүрген екен. Оның арғы әкелері сонау ертерек заманда қоныс аударып, жерсініп қалғанға ұқсайды. Олар жергілікті халықпен біте араласып, қазақша айтқанда тамыр болып кеткен екен. Володяның әкесі Иван ақсақал таза қазақша сөйлеп, жылда соғымға жылқы сойып, қазы айналдырған көрінеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ мақалына сәйкес Владимир ақсақал да бұл күнде соғым сойып жегенді жөн көреді. Қазақ достарын омыртқаға шақыруды да ұмытпайды.

Оның өмірбаянына үңілсек, онжылдықты Көкшетауда бітіріп, Алматыдағы сол кездегі жалғыз журналистика факультетіне оқуға түскенін көреміз. Ол уақытта Қазақстан үшін журналистер даярлайтын С.Киров атындағы ҚазМУ болатын. Жыл сайын осы факультетке 50 бала қазақ, 50 бала орыс тобына қабылданатын еді. Әр топқа жылына кемінде 300-ден астам талапкер келеді екен. Осылардан суырылып шығып, журналист оқуына түсу Володяның маңдайына жазыпты.

Алматыда 5 жыл оқып, өзі бала кезінен қалаған жоғары білімді журналист мамандығын алып шығады. Айтпақшы, осында өзінен бір курс төмен оқитын Наталья деген қызбен сөз байласады. Өзі оқуын бітірген соң Көкшетауға келіп, мамандығы бойынша газетке қызметке тұрады.

Бір жылдан соң осында Наталья да оқуын бітіріп келіп, екеуі отау құрады. Содан бері екі журналист жарты ғасырдан бері Рыжковтар әулеті болып, жұбайлық өмірін жалғастырып келеді. Екі ұл өсіріп, жоғары білім берді. Қазір немерелерінің өзі өсіп, алды отау бола бастады.

Ал, облысымызға белгілі журналист Наталья Рыжкованы көп адам біледі. Ол ұзақ жыл, «Индустриальная Караганда» газетінде қатардағы тілші, бөлім меңгерушісі ретінде өнімді еңбек етті. Тек кейінгі жылдары республикалық «Казахстанская правда» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып істеп, зейнетке шықты.

Владимир Ивановичтің өз ғұмырын Қарағандымен байланыстыруы оның одақтық «Комсомольская правда» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілішісі болып тағайындалуымен орай болған. Ол уақытта Қарағанды облысының өнеркәсібі қарқынды дамып, Теміртауда екпінді комсомолдық құрылыс жүріп жатқан кезі. Михаил Полторанин деген журналист «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі ретінде Владимир Рыжков «Комсомольская правда» тілшісі ретінді одақтық газеттерге құлаш-құлаш мақала жазатын.

Оның бұдан кейінгі қаламгерлік қызметі рес­публикалық «Казахстанская правда» газетінде жалғасты. Ақыры бұрынғы белгілі журналистер И.Казанцев, Ф.Игнатов, Э.Широкобородов, С.Кемелбаевтан кейін «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы болып 15 жылдай жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Ширек ғасырдан астам Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалын басқарды.

Біз газетте қызмет істеген жылдары, әсіресе 1990 және 2000 жылдары облыс әкімдерімен қалаларға іссапармен шыққанда облыстық газет пен рес­публикалық газеттердің меншікті тілшілері және тележурналистерді ертіп жүретін. Тіпті, Қазақстан мен Ресей жылдары атап өтілген кезде Украинаның Днепропетровск, Днепродзержинск қалалары, Ресейдің Курган, Кемерово қалаларына барғанымыз есімде.

Міне, осындайда жолымыз бірге болғандықтан Володямен жақын танысып, көп әңгімелесуге мүмкіндік болды. Оның үстіне, екеуіміз құрдас едік. Жеткізбейтін ұзақ жолдарда, іш пыстыратын қонақ үйлерде әріптес, замандас ретінде сыр ақтаратынбыз. Сондықтан да, оны жақсы білемін деп айта аламын.

Міне, кешегі жалындаған жас жігіттер, саналы ғұмырын баспасөзге арнаған біздер 75 жасқа келіп, кәрілік атты ауылға бет алдық. Қарағанды облысының баспасөзін дамытуға бір кісідей үлес қосқан Владимир Рыжковқа облыстың «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы, ардагер журналистер атынан зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін.

Мерейтой құтты болсын, Құрметті Владимир Иванович!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button