Арықтайдың аты ардақталса…
Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы Қаныш Сәтбаев және Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қылыш Бабаев атындағы кеңшарларының жері көршілес, қатар жатыр. Бұл өңірлер патша заманында Баянауыл сыртқы округінің, кейін Кеңес өкіметі кезінде осы аттас ауданның құрамына еніп, тек 1938 жылы Ворошилов (Ульянов, қазір Бұқар жырау) ауданы құрылғанда ғана іргелері ажыраған. Бірақ, осы аймақтың халқы өздерін әлі күнге дейін «баянауылдықпыз» дейді. Сондықтан да екі аудан ғана емес, бүткіл қазаққа ортақ тұлғаларды «Жақсыға әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, көбінесе Баянауыл жағы иемденіп алады. Биыл осы топырақтан шыққан екі ғұлама ғалымның мерейтойлары тұспа-тұс келіп отыр. Бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл болса, екінші – оның шәкірті, жерлесіміз, академик Арықтай Қайыповқа да 110 жыл толмақшы.
Жыл басынан бері еліміз көлемінде Қанағаңның мерейлі жасын атап өтуге байланысты түрлі шаралар қолға алынып, қызу жүргізілуде де, Арықтай ағамыздың есімі атаусыз қалып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Тегінде ол алып ағасының тасасында қалатындай тұлға емес. Оның да республикамыздың өсіп-өркендеуіне қосқан ғылыми еңбегі мен үлесі өлшеусіз. Бүгінгі әңгімеміздің де Арықтай ағамызға арналып отырғаны да содан…
Арықтай 1914 жылдың 10 қазанында қазіргі Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылдық округінің Үлгі ауылындағы Қарақұдық деген жерінде Қайып ақсақалдың шаңырағында төрт ұлдың кенжесі болып дүниеге келген. Оның тете ағасы Қаратай Қайыповтың өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінде журналист болғанын оқырмандар жақсы білуі тиіс. Бұл араны жұрт әлі күнге «Қайыптың Қарақұдығы» деп атайды. Кіші Жүз – Жетірудың Телеуіне жататын бұлардың аталарын қалың Қаржас-Сүйіндік Сыр бойынан Арқадағы ата қонысқа қайта ауғанда бірге ерте келіп, осы жерден орын берген екен.
Бала Арықтай әуелі ауылындағы Қарақойтас тауының бөктерінде ашылған бастауыш мектепте оқып, білім алады. Сол кезде ауылы аралас, қойы қоралас Қаныш ағасын алғаш рет көреді. Өзі ол туралы «Қаныш аға» естеліктер кітабында (Алматы, «Жазушы», 1989 ж.) былай деп жазады: «1926 жылдың жазында Тұзащыда отырғанда Имекең (Қаныштың әкесі Имантай) бастаған жиырмадан астам салт атқа мінген қонақтар Әбдінің «қарашаңырағы» деп, біздің үйге түсті. Әбді – біздің бесінші атамыз. Бұлардың ішінде Қаныш, оның ағасы Ғазиз болды». (303-бет).
Одан әрі ол Қаныштың түр-тұлғасын сипаттап, Ресейде оқып, инженер болып келген оны көруге көрші ауылдардан адамдардың келгенін айтады да, естелігін «…Сол бұлақтың басындағы көгалға қонақтар мен ауыл ақсақалдары алқақотан отырып, жас инженер Қаныштың жер туралы, оның байлығы туралы болу керек, әңгімесін аса ынтамен тыңдағандары да, кейбіреуінің таң қалып, таңдай қаққандары да, Қанекеңнің қолына ұстап отырған бір түйір қара тас та әлі есімде» деп жалғастырады.
Міне, сол сәттен бастап, Қайыптың қаршадай ұлының көкейінде «Қайтсем де осындай инженер боламын!» деген ой тұрады. Сол арманның жетегімен Баянауыл мен Павлодар қаласында оқып, мектебін бітірген бозбала 1934 жылы Қазақ кен-металлургия (қазір политехникалық) институтына оқуға түсіп, 1939 жылы оны ойдағыдай аяқтайды. Солардың біразы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы құрамындағы геологиялық секторына жолдама алып, соның ішінде Арықтай Қайыпов та болды. Ол бірден Шұбартау геологиялық партиясының басшылығына жіберіледі. Кейін осы сектордың негізінде геологиялық зерттеу институты ашылып, оны ширек ғасырдай Қаныш Имантайұлы басқарады.
Бұл кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, түгел ел «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен еңбек етіп жатқан. Қанағаң бастаған Қазақстан ғалымдарының қажыр-қайратының арқасында жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы бізде жасалғаны осы жылдар.
Ал, Арықтай ол жөнінде жоғарыдағы естелігінде «Бұл кезде мен басқа жұмыста болсам да, Қанекең басқарған институтта не істеліп жатқанын біліп жүрдім…
…Осы сөз болып отырған геология институтына 1943 жылдың март айында келіп, кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым. Алғашқы кездесіп, сөйлескеннің өзінде-ақ Қанекең менің келешектегі геологиялық ғылым саласындағы жолымды, істейтін ісімді белгілеп берген-ді. Қазақстанның алдымен түсті металдарға (қорғасын, мырыш, мыс, т.б.) байлығын, бұл салада толып жатқан проблемалар барлығын, осындай металл кендері көп Алтай, Жоңғар Алатауы, Қаратау аймақтарын айта келіп, Қанекең маған полиметалды (қорғасын, мырыш, т.б.) кендерді зерттеумен шұғылдануыма ақыл берді. Сондағы Қанекеңнің көрсеткен соқпағымен әлі жүріп келеміз…
Осы полиметалды аймақтардың ішінен Қанекең алдымен Қаратаудағы кен орындары, Ащысайды зерттеуді жөн көрді» деп жазады.
Сол сәттен Арықтай Қайыпұлының ғылыми жолы басталады. Ол 1939 жылдан өзі оқыған Кен-металлургия институтының ассистенті, аспиранты болып, сол 1943 жылы оның аспирантурасын бітіреді. Содан қашан 1993 жылдың 25 желтоқсанында өмірден өткенінше Қаныш ағасы құрған геологиялық ғылымдар институтында табаны күректей жарты ғасыр жұмыс істеп, ғылыммен біржола айналысып, қаншама жаңалықтар ашып, соңында өшпес еңбектерін қалдырды. Яғни, 1943-1993 жылдары ол осы институтта кіші, аға ғылыми қызметкер, сектор жетекшісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ең соңында кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Жазушы Алексей Брагиннің «Первый академик» деп аталатын кітабында (Алма-Ата, «Казахстан», 1989 г.) «Алма-Ата дала новый импульс развитию металлогенической науки, возникла казахстанская школа металлогении, школа Сатпаева» (192- бет) деп жазғандай, осы мектептің көрнекті өкілдерінің бірі Арықтай Қайыпұлының негізгі ғылыми жұмыстары металлогения саласына арналды. Ол осы бағыттағы талмай ізденістері мен тер төккен еңбегінің арқасында Орталық Қазақстанда Ақмая сирек металл кен орнын ашқан. Ащысай мен Зырянов кендерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, Алтай қаласында (бұрынғы Зырянов) қорғасын комбинатының салынуына негіз болды. Ғалым оның жаңа шикізат қорын тауып, үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен үлес қосты. Оның Жетісу Алатауында, Шығыстағы Миөзек-Құсмұрын металлогениялық белдемінде, Солтүстік Қазақстан мен Сарыарқа аудандарында жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде мыстың, полиметалдың өндірістік кендерінің төменгі полезойдағы жанартаулық жыныстармен байланыстылығы Қазақстан аумағында алғаш рет анықталды.
Осындай ұланасыр еңбектері бойынша Арықтай Қайыпұлы докторлық диссертациясын қорғап (1964 ж.), профессор (1966 ж.), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1972 ж.), Қазақ КСР-інің ғылымға еңбек сіңірген қайраткері (1971 ж.) атанды.
Оның басшылығымен еліміздің металлогениялық картасы жасалып, 11 томдық «Металлогения Казахстана» монографиясы (1977-1983 ж.ж.) жарық көрді. Осы өлшеусіз еңбегі үшін оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1985 ж.) беріліп, ол Халықтар достығы орденімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Ғалым 200-ден астам ғылыми жарияланымның авторы болып, өзінен кейін қаншама шәкірті мен ізбасарын қалдырды. Солардың бірі өзінің 1956 жылы туған ұлы Мәлік Арықтайұлы Қайыпов та техника ғылымдарының докторы (1992 ж.), Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2003 ж.) болып, тау-кен қазбаларының элементтерін босатылған толқыннан қорғаудың қажеттілігін негіздеді және осы толқындарды тау жыныстарын бұзу технологиялық операцияларына қолданудың мүмкіндігін көрсетті.
Алайда, Қазақстан ғылымында Қанағаңның көшін жалғаған Алатаудай Арықтай ағамыздың әлі күнге елімізде, өзінің туған жерінде бірде-бір мерейтойының аталып өтпегені өкінішті-ақ. Тіпті, Алтай қаласындағы бір көшеден басқа, оның есімін еске түсіретіндей еш белгі жоқ. Сол себепті, ғалымның биылғы мерейтой жылында академик жерлесіміз Арықтай Қайыповтың атын ардақтап, ұлықтау парыз. Егер осы мәселе қолдау тауып жатса, ең бірінші кезекте Қарағанды қаласындағы Жер қойнауын кешенді игеру проблемалары институтын оның есімімен атау сұранып-ақ тұр. Бұдан басқадай, республикамыз бен облысымызда, туған жері Бұқар жырау ауданында Арықтайдың атына ауылдық округтер, мектептер мен көшелер берілсе орынды болар еді. Ал, биылғы 10 қазанда болатын оның 110 жылдық мерейтойына алдын ала дайындалу бүгінгі күннің еншісінде.
… Мен өзім туып-өскен алақандай Үлгі ауылының тумасы Арықтай Қайыповты бала кезімде ауылымызда тұратын туыстары, әкесі Қайыптың ағасы Құлдың немерелері Қырбас Құлов пен Қайсар Ахмадиннің үйіне келіп жүргенінде бірнеше рет көргенмін. Одан кейін 1989 жылдың жазында Қаныш Сәтбаевтың Баянауылда өткен 90 жылдық тойында тағы кезіктіріп, арнайы сәлем берген де едім. Сол жолы ол қайтарында туған Үлгісіне соғып, аттанған болатын. Қазір осы ауылдағы қара орнында кезінде кеңшардың Үлгі бөлімшесін басқарған аталас туысы Қайдар Ахмадин отбасымен түтін түтетіп отыр. Бірақ, кешегі жүз үйлі Үлгіден жеті шаңырақ қана қалған елдімекенде жерлес ғалымды есте қалдырып, атын берердей бір нысан жоқ. Тек жуырда аудандық кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарованың Қайдардың үйіне келіп, біраз мәлімет алып, аудандық мұражайдан ғалымға арналған бұрыш ұйымдастырып жатқанынан басқадай талпынысты өз басым әзірге ести қоймадым. Енді, осыдан кейін бір қозғалыс болса да, кеш болмас еді деген ойдамын…
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz