АймақБұқар жырау

Арықтай аты ардақталды

Бұқар жырау ауданының халқы жерлес академиктері Арықтай Қайыповтың атын ардақтап, оның туғанына 110 жыл толуына арналған салтанатты кеш аудандық Мәдениет үйінде өте жоғары деңгейде өтті.

Суреттерді түсірген Д.ТОРЖАНОВ

Тақырыбының өзі айтып тұрғандай, «Ғалымның хаты өлмейді» деп аталатын бұл кеш осы уақытқа дейін атаусыз қалып бара жатқан академик Арықтай ағамыздың аруағын бір аунатып, есімі ел есінен кетпестей болды. Әйтпесе, биыл туғанына 125 жыл болған қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың ізінен ерген дарынды шәкірті, ғұлама ғалым сол беті ескерусіз қала берер ме еді… Бірақ, бұқаржыраулықтар дайындап, өткізген тағылымы мол кеш сол күмәнімізді сейілтіп, жыл басынан бері басталған шаралардың нүктесін қойғандай.

Оның жақсы ұйымдастырылып, өтуіне әу бастан-ақ Бұқар жырау аудандық әкімдігі мен мәслихаты, аудандық мәдениет және білім беру бөлімдері, орталық кітапхана ұжымының қолдау көрсетіп, белсене атсалысқандарын айту ләзім. Соның ішінде аталған кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарованың бұл орайда атқарған ісі мен сіңірген еңбегі көп. Ол Арықтай ағамыздың туған жері Үлгі ауылының тарихы, өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде талмай ізденіп, ғалымның балалары мен туыстарынан деректер мен фотосуреттерді тірнектеп жинап, олардан тамаша көрме мен бейнекөріністер әзірлеп, мерейтой шарасының сценарийін жазып, оны басынан аяғына дейін жүргізгеніне риза болмаған адам кемде-кем.

Кезінде өзіміз де және жерлес ағамыз Жеңіс Шәдетов осы мәселені көтеріп, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің биылғы 4 мамырдағы санында мақалалар («Арықтайдың аты ардақталса», «Үлгіден шыққан академик») жарияласақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли бастаған осы мәслихаттың 13 депутаты өз ақшаларына сатып алған 125 көшетті 15 мамырда Үлгідегі Қаныш бағына отырғызуға бастамашы болып, сол жолы және кейін де аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ғалымның пікірінше туған-туыстарымен болған кездесулерде «Геологияның қос алыбы» көрмесін көрсеткен болатын.
Енді, міне, аудандық Мәдениет үйінің фойесінде қойылған бірнеше бөлімнен тұратын сол шежірелі көрмені көріп, тамашалаған жұрт одан әрі кең залдың сахнасы төріне көз тігіп, өздеріне беймәлім көптеген жайттарға қанықты. Экраннан академик Арықтай Қайыповтан кейін осы топырақтан шыққан ғылым докторлары Кенжебек Рүстембеков, Қайыржан Әрінов, Мәтібай Жанбеков, Ақан Дүйсембаев, Фарид Ғизатуллин, Ысқақ Нәбиев, Алмагүл Шәдетова, ғылым кандидаттары Абай Әділов, Сайран Хасенов, Бақыт Әріновалардың, бес бірдей журналист – Ахмедия Әлғожин, Қаратай Қайыпов, Шайхан Жандаев, Әбусаттар Тұрғамбеков пен осы жолдар авторының есімдері мен бейнелері тізбектеліп өтіп жатты .

Осы тұлғалардың көшін бастап тұрған Арықтай Қайыпов 1914 жылдың 10 қазанында осы Бұқар жырау ауданының Үлгі ауылындағы Қарақұдық деген жерде дүниеге келген. Патша заманында бұл төңірек Баянауыл сыртқы округінің Ақкелін болысына қараған. Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев та осы Ақкелін болысының Ащысу деген жерінде туған. Ендеше ежелден ауылы аралас, қойы қоралас ағайынның өзара қарым-қатынасы қысы-жазы бір ақпарат үзілмеген. Сондай бір күндері 1926 жылдың жазында Қанағаңның әкесі Имантай бастап, бұлардың үйіне келген жиырма шақты қонақтың ішінде Қаныш пен ағасы Бөкеш те болған көрінеді. Алыстағы Ресейдің Томск қаласындағы политехникалық институттың түлегі, жас инженер Қанышты бір көргеннен бала Арықтайдың ойында да сондай болсам деген арман тұрады. Сол үміт-қиялдың жетегімен өз ауылындағы бастауыш мектепті аяқтаған балақай әрі қарай Баянауыл, Павлодарға барып оқып, 1934 жылы Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтына түсіп, 1939 жылы оны бітірген соң бірден Шұбартау геологиялық партиясының басшылығына жіберіледі. Мұнда біраз істеген жас инженер-геолог 1943 жылы Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған шағында Қаныш ағасы басқаратын Геологиялық зерттеу институтына орналасып, ғылымға біржола ден қояды. Содан бастап қашан 1993 жылы өмірден өткенше металлогения саласында ғылыми зерттеулермен айналысып, сол ізденістері мен тер төккен еңбегінің арқасында геология-минерология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР ғылымға еңбегі сіңген қайраткері, КСРО Мемлекттік сыйлығының лауреаты атанады.

– Академик Арықтай Қайыпов өзінің соңында 3 игілік қалдырды, – деп атап өтті мерейтой салтанатында баяндама жасаған Үлгі ауылының тумасы, Рһg доктор, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғылым жөніндегі проректоры Асылбек Зейниденов. – Біріншіден, ол Орталық Қазақстан өңірінде Ақмая сирек металл кен орнын ашып, екіншіден, Ащысай мен Зырянов кен көздерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, қазіргі Алтай қаласында қорғасын комбинатының салынуына негіз болса, үшіншіден, Қазақстан мен Орта Азияның металлогениялық картасын құрастырушылардың бірі. Біз ғалым ағамыздың осынау еңбегі мен мұрасын дәріптеп, атақ-даңқына мақтануымыз керек. Бүгінде оның ісін жалғастырушы жас буынның жоқтығы жанға батады. Кезінде Арықтай бастаған қаншама ғалымдар шыққан Үлгіні былай қойғанда, Бұқар жырау ауданының өзінен ғылыммен шындап шұғылданып жүрген бірді-екілі адамды ғана білемін. Сондықтан, бұл мерейтой өткенді еске алу ғана емес, Арықтай Қайыповтың ұрпақтарына үлгі болған ісін әрі қарай жалғастыруға серпін береді деп ойлаймын.

Баяндамашы осыны айта келе кешегі жүз үйлі Үлгіден қазір небәрі жеті үй ғана қалғанына күйзелісін жасырмай, аудан әкімдігінен оны республикамызда қабылданған Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасына енгізуді сұрады. Сөзінің соңында ол өз университеті атынан аудандық кітапханаға ғұлама ғалымдар Қаныш Сәтбаев пен Евней Бөкетов жайлы бірнеше кітапты сыйға тартты.

Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынов та студент кезінде Үлгі ауылында болғанын, оның бұрынғы мен бүгінгі жағдайы өзіне бес саусақтай белгілі екенін айтып, оны дамыту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, бұл жердегі Қаныш бағы қоршалып, биылғы көктемде оған көшеттер отырғызылып, ауылға ауыз су құбырлары тартылған. Тек енді оған келіп, қоныстанушылар болып жатса, оларға қолдан келгенше қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасайтындарын мәлімдеді.

– Мен Арықтайдай академиктің үркердей Үлгі ауылында туып-өсіп, оның ізін баса қаншама ғалымдардың шыққанын енді біліп жатырмын, – деді сөзін әрі жалғастырған Ерлан Құсайынов. – Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» демекші, бұл мерейтой салтанаты жастарымызға ой салады деп ойлаймын. Өйткені, ешбір мемлекет ғылым, білімсіз дамып, өркендемейді. Сол себепті, осы салтанатқа қатысып отырған Асекең арқылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетімен екі арада өзара ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жайлы ұсынысымды аталған жоғары оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбеков мырзаға жолдаймын. Бұл келісім болашақта ауданымыздың мектеп оқушылары арасынан ғылымға қабілеті бар балаларды анықтап, олардың жолын ашуға ықпал етеріне сенімдімін.

Шынымен де, аудан көлемінде балалардың білім мен ғылымға құштарлығын арттырудың жақсы бір белгісі осы мерейтойды өткізу барысында да байқалды. Яғни оның алдында Арықтай ағамыздың қазір АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұратын өзі де академик ұлы, техника ғылымдарының докторы Мәлік Қайыповтың ұсынысымен және демеушілігімен Бұқар жырау ауданының биылғы оқу жылында мектеп бітіретін түлектері арасында «Мен болашақта кім болғым келеді?» тақырыбында эссе жазудан байқау жарияланып, қорытындысы шығарылған еді. Байқау жеңімпазы атанған 11 оқушының әрқайсына Арықтай ағаның қызы Ғалиядан туған, Алматыдан арнайы келген адвокат-нотариус жиені Юлия 50 мың теңге мен арнайы диплом тапсырды. Бұлардың қатарында Сұлужан Ханат, Жанерке Ерланқызы, Жанерке Бақытжанқызы, Толғанай Ибраева, Іңкәр Қайыпова, Жансезім Төлегенова, Айзия Болатова, Аружан Байділдинова, Аружан Айтбай, Иманғали Бақытжанұлы, Айғаным Демит сынды оқушылар бар. Сондай-ақ, білім саласына қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігін танытқаны үшін аудандық білім беру бөлімі ұсынған Ботакөз Сембаева, Мерей Қайратова, Салқын Баяхметова мен Ербол Айболаттай ұстаздар да Юлияның қолынан Алғыс хаттар мен 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар алды. Ең бастысы, Юлия жыл бойы Арықтай атын ардақтау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, осы мерейтойдың өтуіне ұйтқы болған Майгүл Асқарованы да ұмыт қалдырмай, туыстары атынан алғысын білдіріп, оған да 100 мың теңгені табыс етті. Сонымен бірге, ол аудандық кітапханаға үш тілде шығарылған «Қазақстан ғалымдарының библиографиясы: Қайыпов Арықтай Қайыпұлы» библиографиялық көрсеткішін, бірнеше мақала мен фотосуретті сыйлады. Аудандық орталық кітапхана қоры Қайыповқа қатысты 11 кітап, 18 мақала, 63 фотосурет, 4 ғылыми еңбек, 1 естелік сувенирге толықты.

Өз кезегінде аудан әкімі Ерлан Құсайынов та асылдың сынығы, жақсының көзіндей Юлия қарындасымыздың құшағын гүлге толтырып, зерлі шапан кигізді.

Бұл күнгі мерейтой салтанатына Арықтайдың әкесі Қайыппен бір туған Құлдың ұрпақтарынан медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдірахман мен медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсентай Куловтар, ҰҚК отставкадағы майоры Айдар және Үлгідегі А.Қайыпов атындағы шаруа қожалығының басшысы Азамат Ахмадиндер Арықтайдың ағасы Бәшердің немересі, аудандық аурухананың медицина қызметкері Айжан Бәшерова келіп қатысты. Осы туыс-туғандарының ішінен сөз алған Әбдірахман мен Дүйсентай ағаларымыз Арықтайдың жоғары адами қасиеттерін, терең білімі мен біліктілігі туралы әңгімелеп, оның ар мен адалдықты тең ұстаған тұлға болғанын паш етті. Содан білгеніміздей, Арықтай ағамыз компартияның заманының өзінде ешкімнен қорықпай, жыл сайын өзі басқарған Геологиялық зерттеу институтында ұстазы Қаныш Сәтбаевтың туған күнін атап өтіп, Медеу Сәрсекеевтің Қаныш туралы кітабына жалғыз өзі ғана рецензия жазған. Осыдан-ақ оның ұстазына деген адалдығы мен азаматтық биік болмысы аңғарылғандай.

Бұл күн Арықтай ағамыздың аты ардақталған күн ғана емес,мезгілінде атағы алысқа кеткен Үлгінің рухы оянып, қайта түлеген күні десе де болады. Олай дейтініміз, мерейтой салтанатын аудан кітапханашылары осы жолдар авторының «Жерлестерім» өлеңімен ашып, биыл туғанына 80 жыл толған үлгілік журналист, марқұм Шайхан Жандаевтың сөзіне жазылған Төлеубай Шалғынбаевтың «Үлгі вальсі» әнін аудандық Мәдениет үйінің «Самал» тобы әуелетсе, Үлгінің тумалары Жасұлан Хамитов «Қайран Үлгі» және Арықтай ағаның рухына арнаған өлеңдерімізді оқыдық.

Сол сияқты «Руханият» қосымша білім беру орталығының домбырашылар ансамблі Тоғжан Жахиннің «Дала рухы» күйін төгілтіп, Сарыарқа ауылдық Мәдениет үйінің «Микс Дэнс» би тобы «Алаш аманаты» биін билеп, жоғарыдағы «Руханияттың» ұстаздары Медет Қалиев, Айдар Ержанов, Тәттігүл Сағындықова мен Ақзер Мұхаметқали Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Әлия Бушукованың «Өмірге ғашықпын» әнімен кеш шымылдығын жапты.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button