АРТЫҚ туған азамат еді
Сағаткәрім СМАҚОВТЫ Арқада білмейтін адам кемде-кем. Тілі де, айтар ойы да өте терең, іске шебер, елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға.
Қасиетті Семей облысы Шар ауданы, Белтерек ауылында 1936 жылы 24 шілдеде дүние есігін ашқан ол жасынан зерек болып өскен екен. Өмір тонын киіп, өмір шамын жаққан Сағаткәрім 1962 жылы Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын тәмамадап, «ғалым зооттехник» мамандығын алып шығады. Көп ұзамай жалын атқан жас шағында еңбек жолын Егіндібұлақ аймағы бойынша Қарқаралы аумақтық өндірістік ауыл шаруашылық басқармасында инспектор ұйымдастырушысы қызметінен бастапты. Бойындағы қабілетті, жұмыстың қандай түрін болсын өзінің еңбегімен дамытып, қалыптастыра білген инспекторды маңайындағылар сезсе керек, араға аз уақыт салып бұрынғы «Киргизия» совхозы, қазіргі Бүркітші ауылына бас зоотехник етіп тағайындайды. Мұндай жандарды жұмыс үшін жаралған екендігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығына тәнті болған басшылық «Еңбек» совхозына директор қылып сайлайды. Айтулы совхоздың іргетасын қалап, ілгерлеуіне ілкімді шаруалар атқарған ол, әлеуметтік, мәдени нысандар мен үйлердің бой түзеуіне күш-жігерін салды. Ауыл шаруашылығы жұмыстары, әсіресе, ауылдардағы маусымдық деңгейде өтетін шаруаларды бірден дөңгелетіп әкетіп, шешімін таппай жүрген түйінді мәселелердің шешімін асқан іскерлікпен шешіп, елдің батасын алады.
Көрегенділігімен, іс-әрекеттерінің ашықтығымен, жергілікті халықтың игілігі жолында жұмысын Талды аудандық ауыл шаруашылық, басқармасының бастығы, Қарқаралы ауданындағы «Бірінші май», «Нұркен Әбдіров» атындағы совхоздарда директоры болып жалғады. Айта кету керек, «Бірінші май» совхозында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып, еңбегін еселеп, ырысын тасытты. Мәдениет сарайын, мешіт салып, басқа да ғимараттарды тұрғызып сауап арқалады. Соңынан ерген жастарды мықты маман, іскер басшы болуға тәрбиелей білді. Бүгін де оның шәкірттері еліміздің ауыл шаруашылығы саласында білікті басшыға, маманға айналған.
Ауылдың күре тамыры – ауыл шаруашылығы. Бұл саладан фәниден бақиға аттанғанша қол үзген емес. Керсінше өзі алғаш тізгінін ұстаған саланың, отымен кіріп, күлімен шықты. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Отан алдындағы өлшеусіз еңбегінің өтеуі ретінде Сағаткәрім Смақов «Құрмет белгісі», Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.
Балалық – адамдық негізі. Текті туған ата-ананың тәрбиесі жақсылыққа негіз болғаны анық. Арғымақ атқа мінсе де, артындағы жұрттан адаспайтындай «елім» деген үлкен жүректі азамат екендігін танытты. Еңбектегі іскерлігі, турашылдығы, адалдығы, адамдық асыл бейнесі ел құрметіне бөледі. Арқаның тауларындай биік, шыңдарындай асқақ, бұлақтарындай мөлдір, ақша бұлттарындай ажарлы, ауасындай таза болып, табиғатпен тұлабойы үндесіп тұратын.
Адам баласының ең қымбаты өмір болса, өмірден кету – ең ауыр сәт. «Өлместі Құдай жаратпайды, сынбасты, тозбасты ұста соқпайды»,– дейді дана халқымыз. Бақиға жоқтау айтылмай аттанған адам – жоқталмаған адам. Бүгінде елі жоқтаған жанның жоғары адамгершілігі, шексіз мейірімі, адал пейілі сезіліп тұратын асы бейнесімен мәңгі есте қалары анық.
Амал қанша, биік бәйтерек құлады. Бәйтерек сынғаны мен тамыры қалды. «Жазымыштан озымыш жоқ». Алла тағаланың о бастан-ақ, адамның маңдайына не жазып қойса, ол сол қалпында орындалады, оны өзгерту пенденің қолынан келмейді. Ардақты жанның орны ойсырап, көңілдерді ортайтып-ақ тұр. Жаратушымыз артында қалған ұрпағына ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Алланныі мейiріміне, Пайғамбардың шапағатына бөленсін! Жаны жаннатта, тәні рахатта, ұстағаны шырақ, мінгені пырақ, мекені жұмақ болсын!
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ.