ҚарМТУ-да – профессорлар аллеясы
ҚарМТУ-да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде қоғамдық акция өтті. Бұл ретте, еліміздегі экология жылы қарсаңында «Тұрақты даму» жер қорының бастамасымен Ұлттық орман отырғызу күндері ұйымдастырылуда. Бұл күндері Қазақстанның барлық облыс, аудандарының саябақ, гүлзарларына ағаш көшеттері отырғызылады. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті де алғашқылардың бірі болып игі бастаманың тұсауын кесті.
Оқытушылардың айтуынша, оқу орнынан алғаш «Профессорлар аллеясын» ашу – ҚарМТУ-дың негізін салған академик Әбілқас Сағынов шәкірттерінің бастамасы болатын. Сол дәстүр жалғасын тауып, биыл да ҚарМТУ оқытушылары академик Ә.Сағынов ескерткішінің жанынан профессорлар аллеясын ашты. Оған ҚарМТУ-дың дамуына елеулі үлес қосқан атақты ғалымдар қатысты. Аллеяда шырша ағашының 35 көшеті отырғызылып, әрбір ағаштың түбіне оны еккен профессордың есімдері жазылған тақтайшалар орнатылды. Сондай-ақ, аллеяны бойлай аймағымыздың ірі холдингі «Имсталькон-Теміртау» ЖШС-нің директоры Иван Георгиади тарапынан сыйға тартылған 111 ағаш – қайың, қарағайдың көшеттері отырғызылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, университет студенттері мен ғалымдарының білім ордасының маңына ағаш отырғызу рәсімі ескіден келе жатқан дәстүр екен. Бұл жайлы жазбалар алғаш XVI ғасырдағы деректерде пайда болған. Оба ауруы мен құрғақшылыққа қарсы күресте жеткізілген жақсы нәтижелерді тарихта қалдыру үшін Испанияның Саламанки университетінің профессорлары мен білім алушылары Леон жолдарының бойында мыңдаған ағаш отырғызған екен. Содан бері жағымды дәстүр аталмыш оқу орнында да жалғасын тауып келеді.
Жиынға қатысқан ҚарМТУ ректоры Марат Ибатов: «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарияланған стратегиялық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы – туған өлкенің жаңа мәдени нысандарын көгалдандыру және көркейтуді көздейді. «Профессорлар аллеясы» – Мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, қаланы көріктендіру әрі экологиялық таза аймақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды», – деді.
ҚарМТУ жастары да бұл шараға белсенді қатысты. Аталмыш шара жастарға экологиялық тәрбие берумен қатар, өз өлкесі және білім ордасының тарихын терең білуді меңзеді. Сол арқылы еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырды.
Аяулым СОВЕТ