Жәлел Қуандықұлы арқа журналистикасына арман арқалап келді
Ақын, журналист Жәлел ШАЛҚАР – 40 жаста
Жәлел Қуандықұлы екеумізді рухани тұрғыдан жақындастырған «Орталық» еді. Редакцияға қатар келдік. Жайнап жүретін жігіттің айналасы да өзіндей өзгеше болады емес пе?! Жәкеңнің орынды әзілі, жарастықты сыйластығы шіркін-ай, өзіне жарасады да тұрады.

Қырыққа енді келіп, қамал алып жатқан қаламгер азаматтың көрген бейнеті көп. Жалпы, Жәкең әдеби ортаға, Арқа журналистикасына арман арқалап келді. Шын мәнісінде де солай. Жастайынан қаламын серік еткен арманшыл жігіт өзінің сыршыл ақын екенін ешкімге сездіре қоймаған. Қасындағы жігіттерге бас қосқан шақта өзі сүйетін ақындар Төлеген Айбергенов пен Есенғали Раушановтың өлеңдерін дауылдатып, жатқа оқып береді екен. Әдебиеттен хабары жоқ жарандар поэзияның қымбат құнын қалай бағалай қойсын?! Бар болғаны «Әп бәрекелді!» деп, қошемет қылатын көрінеді. Бұл уақытта Жәлел Қуандықұлы Қарағандының әдеби ортасына танылып қалған жас талант еді. Жас ақын жан-жағына жалтақтамады, арланбады, адалынан еңбек қылды. Мұнымыз Жәлел әріптесіміздің өзінен естіген әсерлі әңгімеміз еді.
Сөйтіп жүріп, ағалардың алқауымен «Орталыққа» келді. Еңбектің қараторысына айналған Жәкеңнің жауапкершілігі және жоғарыда айта кеткеніміздей, жайнап жүретіндігімен ұжымның сүйкімдісіне айналды. Өзі үнемі айтып жүреді: «Арқа баспасөзінің алыбына айналған Мағауия Сембай қабылдаған соңғы кадрмын», деп. «Орталықтың» табалдырығын қалай аттады, шығармашылық қуаты да артты, өлеңдерін де бұрқыратып жазды, жетістіктерге де жетті. Соның бәріне әріптестері «асыл азаматты, арда ақынды тағдыр алақанына салды-ау», – деп, шын қуанышта болдық.
…Жәкеңнің өлеңдері дәл өзіндей мөлдір. Өйткені, оның жүрегінде туған жер мен әке-анаға деген ұлы сағыныш бар.
«Сен бойдақ, қайбір ыстық тамақ ішіп жүрсің?», – деп, бізді үйіне алып кететін ағалығы бар. Сондай күндердің бірінде ұлы Дидар келіп, әкесіне тосыннан сұрақ қойды: «Әке, досым демалыста ауылына барып келіпті, біздің ауылымыз қайда? Бар ма осы?», деп. Бір минутқа созылған үнсіздік ауылын аңсаған ақынның жанарынан жасты мөлтілдетіп жіберді. Ұлының ұрымтал сұрағы Жәкеңнің тілін күрмеді…
Ертеңінде ертемен кабинетіме келген ақын баласының кешегі сұрағына өлеңмен жауап жазып әкеліпті. Сол өлеңінде бәрі бар: сарғайған сағыныш, оның себебі, тағдырдың тартуы, топырақтың қасиеті мен әке-ананың өсиеті… Шынайы өлеңнің сөйтіп бойымызды шымырлатқаны бар. Осыдан біз Жәлел ақынның нағыз сезім мен төзімнің ақыны екенін түсіндік. Ақынның ауылы алыста. Қарақалпақстанның Беруниінде. Балдай балалығын қалдырған туған мекеніне әзірге биіктен көз тастап қана жүр. Ол өлең биігінен.
…Біздің Жәкеңнен үйренеріміз көп. Құдай бере салған төрт құлыншағы бар. «Менің бұл өмірдегі ең басты жобам – осылар», дейді. Өлеңі – өзі үшін, ал, өзі – отбасы үшін! Иә, отбасына адал адам Отанын да қадірлейді. Осы тұрғыдан келгенде Жәкеңнің ақылына көп жүгінеміз.
…Жақында ғана мемлекеттік тапсырыспен кітабы шығып, оқырмандарын қуантты. «Алма гүлінің иісі»! Қолымызға ұстағаннан-ақ, алма гүлінің иісімен жұптасып ақын Жәкеңнің сәби көңілінің иісі аңқып сала берді.
Иә, ол әдеби ортаға арман тұнған ақ таңдардың сағымын арқалап келген. Сондықтан да, оның мөлдір жырларынан ақ таңдардың жылы лебі есіп тұрады.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



