АймақТеміртау

Арман алдамайды

Теміртау қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолөнерге баулитын әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. «Креативті инклюзия» деп аталатын бұл бастама мемлекеттік шағын гранттың арқасында өмірге келген. Жобаның авторы – шағын кәсіпкер, «Шебер-Теміртау» әлеуметтік қол­өнер орталығының негізін қалаушы Наталья Воротынская.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Наталья Воротынская рес­публикалық грант байқауында жеңіске жетіп, 1 миллион теңге көлеміндегі грантты ұтып алды. Осы қаражатқа ол Теміртауда тұратын ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін киіз басу, моншақ тоқу, шам жасау, сабын пісіру сияқты қолөнер курстарын ұйымдастырып отыр. Бұдан бөлек, қатысушылар әлеуметтік желіде өнімдерін жарнамалау және сату дағдыларын да меңгеретін болады.

– Мен өзім – киіз басу шеберімін. 2016 жылы алғаш рет көру қабілеті бұзылған азаматтарға шеберлік курстарын өткіздім. Бастапқыда аздаған қиындықтар да болды. «Әрекет түбі – берекет» демекші, осы жоба арқылы ерекше қажеттіліктері бар жандардың да сапалы кәдесыйға арналған қолөнер бұйымдарын жасай алатынын дәлелдедім, – дейді Наталья Воротынская.

Орталықтың жұмысы бұған дейін де 2019 жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде арнайы марапатқа ие болған.

«Креативті инклюзия» жобасы тек кәсіптік дағды беріп қана қоймай, қатысушылардың қоғаммен байланысын күшейтуге, өзін-өзі танытуға және табыс табуға жол ашады. Алдағы уақытта да осы жоба төңірегінде түрлі жәрмеңкелер ұйымдастыру жоспарланған. Осы мақсатта алынатын грант қаржысына 10 адамға арналған үстел, орындық, дастарқан секілді жабдықтар сатып алынбақшы екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында инклюзивті қоғам құрудың маңызын атап өтіп келеді. Ол бір сөзінде:

«Біз бірде-бір азаматты назардан тыс қалдырмауға тиіспіз. Әлеу­меттік тұрғыдан осал топтарды қолдау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деген еді.

Теміртаудағы бұл бастама сол міндеттің нақты көрінісі деуге болады.

Қарағанды облысынан биыл шағын грант иегері атанған бес жобаның бірі – осы «Креативті инклюзия». Жоба авторы алдағы уақытта қатысушылардың қол­өнер бұйымдарын кең көлемде жандандырып, отандық нарыққа шығаруға ниетті. Бұл бастама ерекше жандардың қоғамға бейімделуіне және белсенді өмір сүруіне үлкен серпін бермек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button