Жаңалықтар

«Арманға қол создырған асыл өлкем»

Камнұр Тәлімұлы – 1960 жылы 15 тамызда ҚХР Текес ауданы, Шолақтерек ауылында дүниеге келген. 1962 жылы тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, Ақтоғай ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепті аяқтаған. «Көңіл көзі», «Мінәжат» жыр жинақтарының авторы. Талғар ауданының Құрметті азаматы. Бүгінгі таңда Алматы облысы, Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры қызметінде.

Ақтоғай – алтын ұя, тал бесігім

Ақтоғай – алтын ұя, тал бесігім,
Тербеген мені жастай ән бесігің.
Арманға қол создырған асыл өлкем,
Жазулы жүрегімде мәңгі есімің.

Ойлаған ерте бастан ұлттың қамын,
Өзіңнен талай дара шықты дарын.
Әлихан, Әсет, Күләш, Манарбектей,
Жұрт бүгін мақтан тұтар мықтыларын.

Сеңкібай, Қараменде, Жидебайлар,
Тобықтай тоқсан сөзден түйген ой бар.
Шабанбай Жанқұттыға бата беріп,
Ақжолтай ел қорғаған Ағыбайлар.

Әр тасың, ән салғызып, топырағың,
Тербетіп жүректерді жатыр әнің.
Кеудені нұрға бөлеп, жырға бөлер,
Өзенің толқып аққан Тоқырауын.

Шыңына шағылысып Шатыршаның,
Күн шықса шабыттанбас ақынша кім?!
Құшағын анамыздай айқара ашып,
Біздерге қолын бұлғап жатыр сағым.

Сол сағым сыйлағандай дала гүлін,
Қондырған көкейіме даналығын.
Ақтоғай – алтын ұя, бесігімсің,
Өзіңде қалып кеткен балалығым.

 

Қызыларай хикметі
(Әнші Рымкеш Жұмаділоваға)

Сағымды Сарыарқаның өлкесінен,
Киелі Қызыларай кең төсінен.
Әсерлі әсем әнді қалықтатып,
Өнеріңмен есейіп ерте өсіп ең.

Аян боп бастан алда кешер бағың.
Жүрекке құйылып бір нөсерлі ағын.
Аққуға аспандағы үнін қосқан,
Әсеттің сүйіп өстің әсерлі үнін.

Қызыларай жерінен ән ұшқанда,
Өрелі өнерімен жарысқанда.
Келесің жүлде бермес жүйріктердей.
Тулатып ойнаған соң намыс қанда.

Ән дарыған Ақтоғай өңірінен,
Дарынсың жұрт көзіне көп ілінген.
Күләш пен Манарбектің ізін жалғап,
Тасыған теңіздей боп төгіліп ең.

Жұртың сүйіп тыңдаған әуеніңде,
Ерекше мақамың бар мәнеріңде,
Сенің де алтын әріппен атың қалар,
Қазақтың ән өнері әлемінде.

 

Өмір – кітап…

Түлетіп таудың өркешін,
Жібітіп, жылытып жер төсін.
Оятты бүкіл аймақты,
Сыпырып қарлы көрпесін.

Бау-бақша гүлге оранған,
Аққайың сұлу таранған.
Иісі жұпар аңқиды,
Гүлденген байтақ даламнан.

Түсіне еніп қара орман,
Жапырақ шәлі оранған.
Төрт түлік төлі ойнақ сап,
Барады өріп қорамнан.

Құлпыртып таудың бөктерін,
Қалаймын зерді төккенін.
Әр көктем өмір-кітаптың,
Жазады жаңа беттерін.

 

Әнші дала

Бойына қуат алып боз даладан,
Бойкүйез бой түзеп тұр боз қараған.
Ой кеткен әлдекімге көңілі ғашық,
Қарайды көзін алмай бозбаладан.

Бозамық кеш, бозарып күн батқандай,
Әуені боз даламның қымбат қандай?!
Үніне құлақ түрсең боз інгенге,
Боздауын ботасының тыңдатқандай.

Үйренген бозторғайдан әннің басын,
Әніме жаңғырар тау мен тасым.
Сиқырлы сыр ұқтырған сол даламның,
Әншіден кем көрмеймін әр бұтасын.

 

Асау ой…

Жан емес ем мен өмірден түңілген,
Қиындыққа бел майысып бүгілген.
Кей білместің қылығынан келеңсіз,
Жаным жүдеп, жігер құм боп үгілген.

Болмаған соң хабары көп ілімнен,
Дейді олар, не пайда бар білімнен?
Кей кердеңнің көкірегін ашам деп,
Басқа бәле тауып жүрмін тілімнен.

Сырлас болып талай жайсаң ірімен,
Өшпейтіндей өнеге алдым бірінен.
Асау оймен арпалысып өмірім,
Азаппенен өтіп жатыр шынымен.

Ойым оңға бөлінген соң күнімен,
Ой-қиялдың тереңіне үңілем.
Тіпті кейде, көз ілмей таң атқанша,
Төсегімде дөңбекшимін түнімен.

 

Әуенім

Сарқылардай бір демде күштің бәрі,
Ысиды у ішкендей іштің нәрі.
Жанымды жай таптырмай мазалайды,
Мидағы мың сан ойдың ұшқындары.

Ойымды алаңдатып ертеңі елдің.
Мен де өз әуенімді шерте келдім.
Жүректі шымырлатқан домбырамның,
Келеді шертпе күйін шерте бергім.

Таңдағы бозторғайдай шырылдаған,
Жүрегім сол күйді естіп шымырлаған.
Құдай-ау, құдіретін бүгінгідей,
Сездірмей қалай келдің бұрын маған?!

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button