Қарлығаш АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ: “Қазақ педагогикасының түбі – түркі әлемінде”
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Қарлығаш САРБАСОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Қарлығаш Амангелдіқызы, сіз еңбек жолыңызды еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен бастап, жиырма жылға жуық қызмет істедіңіз. Ел егемендігін алғаннан кейін ғылымда нендей өзгерістер болды?
– 1993 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін үздік дипломмен бітіріп, аталмыш оқу орнында оқытушы болдым. 1998-2005 жылдар аралығында педагогика факультеті деканының орынбасары, 2005-2006 жылдары бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқардым. 2006-2009 жылдары Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша докторантурада оқыдым. Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алуының арқасында қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Оны біз «жаңа рухани ахуал» деп атаған болар едік. Тұжырымдап айтқанда, заман талабына сай кезекті сапалы өзгерістерге мұқтаж ұлт өз өткенін електен өткізуге ден қойды. Қазақ халқы өз алдына дербес Тәуелсіз мемлекет болып, қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан кезеңде көненің көзіндей болып, бізге ғасырлар қойнауынан жеткен педагогикалық мұраларымызды тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырудың маңызы өте зор болды. Біз зерттеу барысында әлемдік мәдениеттің көшбасшылары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің және М.Қашқаридің еңбектеріне жан-жақты, әрі терең тарихи-педагогикалық талдау жасау негізінде, олардың педагогикалық ой-пікірлерінің арасында өзара ғылыми үндестік пен мазмұндық ықпалдастықтың бар екенін анықтадық. Оның дәлелі әл-Фарабидің трактаттарының, Ж.Баласағұнидің «Құтты білігінің», М.Қашқаридің «Түрік сөздігінің» мазмұнына арқау болған педагогиканың басты ұғымдары, тәрбие теориясы мен дидактика мәселелері болып табылады. Ғұламалардың педагогикалық теорияларындағы өзара ықпалдастық педагогика ғылымының тамыры тереңге жайылғандығын аңғартады.
2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетiнiң бiрiккен диссертациялық кеңесiнде Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары» тақырыпта диссертацияны сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетiнiң бiрiккен диссертациялық кеңесiнің құрамына енгізіліп, аталмыш кеңесте диссертациялық жұмыстарға сараптама жасауға белсене атсалыстым.
– «Қазіргі қазақ педагогика ғылымына әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары» тақырыбын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Халқымыздың өткен тарихындағы озық педагогикалық идеяларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарап, бүгінгі ұрпақты жанжақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға пайдалану өте маңызды. Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси жүйеде қазақ ұлтының өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Кеңес дәуірі кезінде қазақ педагогикасы жабық тақырып болғаны анық. Ол кезде Қазақстандағы педагогикалық ойлардың қалыптасуы мен дамуы бойынша барлық ғылыми-зерттеу мен білім беру саласында әл-Фараби, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы ғана сөз болды. Мен қазақ педагогикасының түбі – түркі әлемінде дер едім.
Осы тақырыпты таңдауда көрнекті қоғам қайраткері, білікті ғалым, ұстазым Болат Әбдікәрімұлының данышпандық пен парасаттылыққа толы ойларынан туған ғибраты мол дана ақыл-кеңесінің де ықпалы зор болды. Ұстазымның «Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси жүйеде қазақ халқының өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Еуроцентристiк қалыптан шыға алмау Қазақстандағы педагогика ғылымы саласында анық байқалады. Бiздің бүгін оқытып жүрген педагогикамыз еуропалық халықтардың тұрмысы мен қоғамдық болмысы негiзiнде жасалған. Ал түрiк халықтарының көшпелi болмысы өзiне сай қайталанбас ерекшелiгi бар өркениеттi тудырды. Оның басында әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари сияқты ғұлама ойшыл бабаларымыз тұрған. Сондықтан, біз Қазақстан ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы екенін әлемге мойындатуымыз керек. Мұндай идеология Қазақстанның болашағы үшін, қазақ ұлтының келешегі, ертеңгі ұрпақтың бабаларының мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық болғанына мақтана білуі үшін, жаһанданудың тозаңына жұтылмай, бәсекеге қабілетті ел болуы үшін керек» деген ұлағаты мол терең ойлары маған докторлық диссертация көлемінде іргелі зерттеу жүргізуіме себепші болды. Сондықтан, ата тегіміз болып келетін түркі халықтарының ділі мен дінін, дүниетанымы мен әлемді философиялық тұрғыдан игеру тәжірибесін қазіргі дамуымызда, өркениеттік жолында және ел тәуелсіздігін нығайту тұрғысында толық ескеруіміз керек. Әсіресе педагогика ғылымы саласында Шығыс, оның ішінде түркі өркениетінің ерекшеліктері мен тарихи тамырын дүниежүзілік мәдениетпен салыстыра отырып, кешенді түрде зерттеулер жүргізу қажеттігін туындатып отыр. Шығыстың бай педагогикалық және тәлім-тәрбиелік ой-санасы, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық дүниетанымы халық шығармашылығы мен ұлы ойшылдардың тәлім-тәрбиелік идеяларынан құралады.
Қазақ педагогика ғылымының шоқжұлдыздары әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқариден басталып, олардың бай мұрасы педагогика ғылымындағы ұлттық тарихымыздың бастау көздері болып табылатындығын өркениетті ел болуға аяқ басқан қазіргі кезде батыл айтатын уақыт жетті. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы тәлім-тәрбиеге қатысты жинақтаған інжу-маржандарын әлем жұртшылығына танытып, әлемдік педагогиканың қатарынан орын алуына күш салуды – елдігіміздің басты белгісі болатынын жадымызда ұстаған жөн. Қазақ педагогикасы – тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелмейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті, оның болашаққа жету бағдарын да қамтып, тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі қажет.
– Сіздің қорғаған диссертацияңызға ұқсас зерттеу жұмыстары бар ма? Бұл зерттеулерден сіздің зерттеуіңіздің айырмашылығы неде?
– Әрине, диссертациялық тақырыбыма ұқсас зерттеу жұмыстары бар: А.Көбесовтың «Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы», А.Көшербаеваның «Развитие идей гуманизма в педагогическом наследии Юсуфа Баласагуни» атты докторлық диссертациялары, Т.Ахметовтің «Жүсіп Баласағұнидің тәлім-тәрбиелік идеялары», У.Жамированың «Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы халықтық педагогика негіздері», К.Қалиеваның «Махмұд Қашғаридың педагогикалық идеялары» атты кандидаттық диссертациялары, сонымен бірге Қ.Жарықбаевтың, С.Қалиевтің, К.Ибраеваның еңбектері. Бұл зерттеулерде әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары теориялық тұрғыдан негізделіп, оларға жүйелі талдау жасалынады. Менің зерттеуімнің айырмашылығы – әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі екендігін теориялық-тұжырымдамалық тұрғыдан негіздеп, бүгінгі таңда білім беру жүйесінде пайдаланудың мазмұны мен әдістемесін жасау болып табылады.
– Бірнеше жылдар бойы зерттеу жүргізіп жүрген танымал ғалым ретінде әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін қазіргі білім беру жүйесінде пайдалану бойынша қандай ғылыми-әдістемелік жұмыстар жасадыңыз?
– Зерттеу барысында тек педагогика ғылымы саласындағы ғана ғылыми зерттеулерді ғана емес, философия, тарих, түркітану, әдебиет, тіл білімі саласындағы еңбектерді де, шетел ғалымдарының да зерттеулерін терең оқып, үйрендім. Өз саламдағы зерттеу жұмыстарына тоқталсам, бүгінгі таңда 200ден аса ғылыми еңбегім жарық көрді. Оның ішінде «Қазақ педагогикасының ойшылдары» және «Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері» атты екі монография бар. Ғылымиәдістемелік жұмыстарға тоқталсам, 40-тан астам оқулық, оқу құралы, оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген, заманауи электронды оқулық, ЭЕМ-ға арналған оқыту бағдарламасы бойынша авторлық куәліктері және қазақ, орыс, ағылшын тілінде көптеген ғылыми мақалалар. Ғылымда лайықты баға алған «Әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы», т.б. оқу құралдары бірнеше данамен республика көлеміне таралды. Біз зерттеу барысында жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде, мұғалімдердің біліктілігін арттыру ісінде пайдалануға арналған оқу құралдары мен электрондық оқулықтар дайындадық және «Әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстарының оқу-әдістемелік кешенін (силлабустар) жасадық.
– Сіз қатарынан екі рет Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған екенсіз. Өнертабыс дамуына үлес қосқаны үшін Нобель медалімен марапатталыпсыз. Осының өзі сіздің білікті ғалымұстаз екеніңізді дәлелдейді.
– Ғылыми жұмыспен айналыса отырып, магистранттар мен ізденушілердің зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп, 2 ғылым кандидаты, 2 PhD философия докторы, 10-ға жуық ғылым магистрлерін дайындадым. Соңғы бес жылда дайындаған студенттерімнің ғылыми-зерттеу жұмыстары 1 республикалық, 3 жоғары оқу орны деңгейіндегі байқаудың, 11 халықаралық, республикалық ғылымипрактикалық конференциялардың жеңімпазы атанды. Қандай мықты маман болсаң да үнемі кәсіби біліктілікті арттырып отыру керек. Үш тілді-қазақ, ағылшын және орыс тілін меңгергеннің нәтижесінде «The Learner’s English-Kazakh dictionary of education (Ағылшыншақазақша педагогикалық сөздік)», «Tutorial of discipline «Pedagogy» атты ағылшын тіліндегі оқу құралдары баспадан жарық көрді. «Pedagogy» және «The dictionary of Pedagogy», «The Methodology of Pedagogy» электронды оқулықтарын құрастырып, оған Әділет министрлігінің зияткерлік меншік туралы авторлық куәліктерін алдым. Шетелдегі халықаралық ғылымитәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. Ұлыбританияда Рединг университетінде, Чех Республикасындағы Karlova университетінде, Малайзияда Келантан Университетінде, Оңтүстік Кореяда Донгук университетінде ғылымипедагогикалық тағылымдамадан өтіп, халықаралық дәрежедегі сертификат алдым. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Қарағанды облысы әкімінің, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректорларының Құрмет грамоталары – менің еңбегіме берілген баға деп түсінемін.
– Жарты ғасырлық өміріңіздің отыз жылын ғылымға арнаған белгілі ғалымсыз. Қазір еңбек жолыңызды қайда жалғастырып жатырсыз?
– 2011 жылдан бастап C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызметімді жалғастырдым. Аталмыш жоғары оқу орнында да алға ілгерілеушілік болды. Дәл осы жылы «Педагогика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алдым. 2012 жылы Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайландым. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атандым. 2018-2021 жылдар аралығында университеттегі Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетінің деканы, бүгінгі күнде академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорымын.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы уақытта да ғылым саласына қосар үлесіңіз қомақты болады деген сенімдемін.
Сұхбаттасқан: Серік СЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.