Ардагерлер рухына – құрмет
Кеншілер шаһарында Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасында орын алған зұлмат оқиғаның 35 жылдығына орай, техногендік сипаттағы аса ірі апат зардабын жоюға қатысқан азаматтарға құрмет көрсету, соның салдарынан көз жұмғандар рухына тағзым ету мақсатымен бірқатар көңілге қонымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Алғашқы кезекте қаладағы «Тағзым» мемориалдық кешеніндегі ескерткіш-белгі іргесіне апат зардабын ауыздықтауға қатысушылар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар қауымы Чернобыль құрбандары рухына арнап, гүл шоқтарын қойды. Ерліктерінің даңқы ешқашан өшпейтін батырларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Қала әкімі Асқар Ыдырысов атаулы күнге орай, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін иеленген Елубай Алданазаровты арнайы қабылдап, марапатты салтанатты жағдайда табыс етті.
Содан кейін Чернобыль қаһармандары қала аумағындағы ізгі ниетті шаруалардан өздерін шеткері ұстамайтынын нақты істерімен айғақтап, көшелі әрекеттердің бірі – көшет отырғызу шарасына шынайы пейілдерімен кірісті. Олар ерікті жастармен тізе қосып, қаланың орталық көшелерінің бірінде ағаш отырғызу акциясын өткізді. Оның барысында жұртшылық жүрегіне жазылмас жара салған оқиғаның орын алғанына 35 жыл толуына байланысты 35 түп тал көшеттері отырғызылды.
– Ірі техногендік апат қоршаған ортаға зор қауіп төндіріп, адамзат өміріне айтарлықтай кері әсерін тигізгені белгілі. Радиоактивті түтін КСРО аумағынан асып, 10-нан аса мемлекеттің ауасы мен жерін ластады. Соның кесірінен кем дегенде 5 млн. адам зардап шекті. Апат ошағын «тұншықтыруға», зиянды салдарын жоюға Қазақстаннан 32 мыңға жуық өрімдей жас сарбаз қатысып, Отан алдындағы борышын адалдықпен өтеді. Оның ішінде химиялық қорғау полкі құрамында сәт
баевтық өрендер де болып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Шынтуайтында, ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Олардың ажал аранынан тайсалмаған батыл әрекеттері ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Тілсіз жаумен жан аямай тірескендер қандай құрметке болсын, мейлінше лайықты, – дейді Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дастан Төрегелдин.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,
СӘТБАЕВ қаласы.