Ардагерлер демалады, ем алады
Кеше қарағандылық ардагерлер Приозерск қаласындағы «Балқаш» шипажайына жолға шықты. Онда ардагерлер демалып, ем алады. Тегін. Мұндай игілікті шараны облыс әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бұл – ардагерлердің ұйымы құрылғалы алғаш рет шипажайға жолдама алуы.
Бұл жолы шипажайдың шарапатын 48 ардагер көреді. Он күн сондағы ем-домдарын қабылдайды. Ой тынықтырып, бой жазып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесі ардагерлерді тек Қарағандыдан ғана емес, аудан-ауылдан іріктеп алдырыпты. Әсіресе, әлеуметтік жағдайына қарай таңдапты.
– Әуелі осындай шараға тікелей бастамашы болған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа, атсалысқан облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асановқа, бізбен бір ай тығыз жұмыс жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспековаға алғыс айта кеткенім жөн болар. Біздің ұйым 1987 жылдың ақпан айында құрылды, биыл 36 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ардагерлеріміздің шипажайда тегін демалуына алғаш рет жолдама берілді. Мүмкіншілік болса, тағы да жалғасады. Әр аудан, қалада ардагерлер ұйымы бар. Соларға тапсырма бергенбіз. «Үлкен кісілерді іріктеп беріңіздер, жағдайына қараңыздар» деп. Содан 48 ардагерді ақ жол тілеп, шығарып салдық, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин.
Шипажайға жол тартқандардың арасында Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Қанағат Жұмашұлы да бар. Қанағат ақсақал ардагерлер ұйымының мұндай қамқорлығына риза.
– Бұқар жырау ауданынан екі ардагер келдік. Алла қаласа, он күн демаламыз. Балқаш көлінің жағасындағы Приозерскіге алғаш рет бара жатырмын. Өте қуаныштымыз. Басқа өңірдің ақсақалдарымен танысып, әңгімелесіп, сергіп қайтамыз. Жасыратыны жоқ, арамызда жалғыз қалған егде жастағылар бар. Әсіресе, сол кісілерге үлкен көмек болды. Тыл ардагерлері жыл сайын азайып барады. Үлкенді құрметтегеннің жолы әрқашан ашық болады. Сол себепті, осындай мүмкіндік тудырған облыс әкімдігіне және Ардагерлер ұйымына айтар алғысымыз көп, – деді жасы 88-дегі қария Қанағат Жұмашұлы.
Бұрынғы Егіндібұлақ ауданында беделді қызметтер атқарған Тоқташ Асқарұлы да шипажайға аса қуанышпен кетті. «Мен қазір Қарағандыда, балалардың қолында тұрамын. «Балқашқа» барып, демаласыздар» дегенде балаша қуандым. Бір жағынан демаламыз, денсаулығымызды да жақсартып келеміз. Ондағы он күнде ерекше ерік-жігерімізді нығайтып келмекпіз», – деді Тоқташ қария.
Облыста 200 мыңнан астам зейнеткер, 3000-нан аса тыл еңбеккері бар. Олардың да жастары 80-90 жас аралығында. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқтың маңайы десек те болады. 13-і қалды. Тоғызы – Қарағандыда, үшеуі – Теміртауда, біреуі – Осакаров ауданында.
Сонымен, 48 ардагер мінген автобус жол-патрульдік полиция қызметінің басқаруымен жолға шықты. Оң сапар тілеп, шығарып салған қауым қадірлі қарттарымызға мұндай қамқорлық әлі де жалғасын табады деп тарқасты.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ