Жаңалықтар

Ардагерге 5 миллион теңге

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген барлық жандарға бір реттік әлеуметтік төлем жасалады. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше әр ардагерге 5 миллион теңгеден беріледі. Аймақ көлемінде ондай сегіз адам бар.

Сурет vecher.kz

Қалалар мен аудандардың жергілікті бюджеті есебінен материалдық көмек қарастырылған. Нақтыласақ, облыс көлеміндегі 29 концлагерь тұтқынына және Ленинград блокадасының 10 қатысушысына 200 мың теңгеден төленеді. 100 мың теңге көлеміндегі бір реттік көмек 2 613 тыл ардагеріне беріледі. Сондай-ақ, соғыс ардагерлерінің әйелдері мен жесірлері 50 мың теңге көлемінде көмек алады. Сонымен қатар, мереке аясында бюджет қаражатынан тыс қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Облыс өңірлерінде соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер шағын және орта бизнес субъектілеріне бекітілген.

Жалпы, 2023 жылғы 18 сәуірдегі №26 Қарағанды облыс­тық мәслихатының шешімімен қосымша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, өзге мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жеңілдіктері бар ардагерлерге, еңбек ардагері санатына жататын азаматтарға санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігі ұсынылды. Одан бөлек, ардагерлердің ұсынысы бойынша биылдан бастап, санаторлық-курорттық емделуге арналған әлеуметтік көмек көрсету жүйесі енгізілді. Енді облыс ардагерлері санаторлық-курорттық емді өз қалауы бойынша алады, ал, емдеу шығындары мемлекет есебінен өтеледі. 14 күнге өтелетін шығын – 305 374,72 теңге.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button