Жаңалықтар

Ардагер спортшы Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

Қарағанды облысы Шет ауданының 73 жастағы тұрғыны Дәрібай Оспановтың спорттық жетістіктерін Қазақстан Президенті атап өтті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев спорт ардагеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат, сағат және Бурабайдағы демалыс үйіне жолдама табыс етті. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ақсақалды спорттық құрал-жабдықтар сертификатымен марапаттады.

– Мен керемет әсер алдым. Шынымды айтсам, біздің Президент қарапайым адамдардың өмірін бақылап отырғанына таң қалдым. Менің көп жылғы еңбегімді Қасым-Жомарт Тоқаев байқағаны өте қуанышты. Біз ұлдарымызбен бірге бүкіл елдің үмітін ақтауға тырысамыз, – деп бөлісті Дәрібай Оспанов.

Қарағанды облысындағы Ағадыр кентінде тұратын Оспановтар отбасы туралы көпшілік біледі. Олар халықаралық аренада 31 рет жеңіске жеткен. Жеңіс иелерінің құрметіне Қазақстан Республикасының Әнұраны 18 рет орындалды.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еңбек сіңірген жаттықтырушы Дәрібай Оспанов 1949 жылы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ол ата-анасының ізін басып, бүкіл өмірін теміржолға арнаған. Спортпен жас кезінен айналысқан. Соңғы 18 жыл пауэрлифтингке қатты қызығушылық танытқан. Ол өзінің алғашқы жеңісін 2010 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында жеңіп, салмағы 140 келі штанганы көтерген.

Дәрібай Оспанов үш бала тәрбиелеп, олардың барлығында спортқа деген сүйіспеншілігін оятқан. Кенже ұлы Қараманды 13 жасынан бастап өзі жаттықтырады. Нәтижесінде Қараман ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол жарыстарда өнер көрсетіп қана қоймай, туған ауылы Ағадырда балаларды жаттықтырады.

Үлкен ұлы Алмаз Оспанов – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы. Ортаңғы ұлы – Манас Оспанов спорт шебері болды. Әулеттің жастары да артта қалмауда. Дәрібай Оспановтың немересі Айтас – пауэрлифтингтен сайыстарға бірнеше мәрте қатысқан, спорт шебері нормативін орындаған.

Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол аптасына бес рет жаттығуды жалғастырып, ұлдарымен бірге биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға жиналуда.

– Қазан айында Моңғолиядағы әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға барамыз. Спорттағы ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – жата бермей, үнемі дене шынықтырумен айналысу, жақсы қан айналымы үшін сыртта жүгіру қажет. Сонымен қатар, алдымызға мақсат қойып, оларға қол жеткізуіміз керек. Менің мақсатым – еңбек сіңірген спорт шебері атағын алу және бірнеше рет чемпион болу, — дейді ардагер спортшы.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button