АқтоғайТұлға

Арда тұтар азамат еді

Алтын уақытының әр сәтін күміс қоңыраудың сыңғырымен өлшеп, мамандықтардың тәңіріндей бағаланған ұстаздықты 40 жыл бойы абыроймен атқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Арқа өңірінің өнеге тұтар ақсақалы атанған Байқожа ЕРҒАЛИҰЛЫН білімнің кәусәр бұлағынан сусындаған кешегі шәкірттері, бүгінгі ел ағалары атанған азаматтар әр кезде құрметпен еске алады.

Қостанайдың Қарабұлағындағы туған жерінен Қарағандының Қоңыратына келіп, дәм-тұзын Ақтоғай жерінде тартқан Байекеңнің майдандағы жауынгерлік ерліктері қастерлеуге тұрарлық. «Болар бала бесікте жатып бұлқынады» дегендей, жетім балалар үйінің тәрбиесіне көндігіп, ата-ананың шуақты мейіріміне зәру болып жүріп, талпынысымен мектепте білім алып, педагогикалық техникумды тәмамдап, институт жалғастырып, қызмет жолын 1934 жылы Балқаш қаласында бастаған.

Байғожа Ерғалиұлы 40 жылғы ұстаздық өміріндегі 45 минуттық әр сабағында бала тәрбиесінің білімдар бағбаны болуды мұрат еткен. Жұртшылықтың Байекеңе деген ілтипаты мен алғыстары осыған айғақ.

Бойшаңдығы болып, әскери саптың алдында тұрып, «Широка страна моя родная» деген әнді бастаған жуан дауысы жауынгерлерді патриоттық рухқа бөлеп, жігерлендіріп, жеңіске жетелеген сәттері өте көп болған.

1962-1964 оқу жылдары М.Горький атындағы орта мектепте орыс тілінде сабақ бергенде әр пән сайын қоңырау соғылған бетте оқушылардан бұрын сыныпта отыратын. Қолында сағаты жоқ Байекең «балалар сабақ аяқталды» дегенде қоңырау да күмбірлейтін. Уақытты өзінің сергек сезімімен дәл өлшей білетін. Байқожа мұғалімнің жазуы өте әдемі, тақтаға мөрдей болып түсетін. Ұстаздық еңбегі үкімет тарапынан бағаланып, 1956 жылы «Қазақ ҚСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін алды. Ал, 1957 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің төралқасының жарлығымен «Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілді.

Сұрапыл соғыс даласында шаңғышылар взводының үнемі алдын бастап, майдандас серіктерінен оқ бойы алда озып отыратындығы Байекеңді жауынгерлердің көшбасшысы ретінде танытқан еді. Әскери топтан аршынды адымымен қара үзіп суырылып шығып, серіктеріне қалқан болып, жау оғына кеудесіне тосқан бір сәтінде қаңғыған оқтан жараланып, бір аяғынан айырылып, жаралы жауынгер болып елге оралған. Содан бастап, бір аяғын таяғына сүйеп, өзінің жан-тәнімен қалап алған қасиетті кәсібі ұстаз болуды мақсат тұтып, қызметін жалғастырды. Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған жас балғындарға әліппе оқулығы арқылы өмірдің әліппесін үйретіп, ақыл ойының алтын қақпасын ашып берді. Өзінің балажандылығы мен иманжүзділігі мектепке тарыдай болып келген бүлдіршіндердің, әрбір үйдің бір-бір еркелерінің санасына білім нәрін құйып, өнегелі тәлім-тәрбие беруіне айрықша мүмкіндіктер туғызды.

Ауданда орыс тілі пәнінің мұғалімдері жетпіспеушілігіне орай кейіннен жоғары сынып оқушыларына орыс тілі пәнінен сабақ берді. Қазақтың қанатты сөздерін орыс тіліне аударғанда мағынасын жеріне жеткізіп түсіндіретіндігі, екі тілді бірдей білетіні біздерді таң қалдыратын. Байекеңді өзінің еңбектес ұжымы құрметтеп бағалайтын. Ерекше қасиеттері қатарында тура сөзде туғанына да бұрмайтын әділдігі тәнті қылатын. Уақытты өте ұтымды пайдаланатын, кешігу дегенді білмейтін, сөйлейтін сөзіне, атқаратын ісіне, өткізетін сабағына деген ұстамды жауапкершілігі болатын.

Аудандағы М.Горький атындағы орта мектепте Ұлы Отан соғысына қатысқан бес ардагер ұстаз бірге қызмет атқарды. Кезінде өзімен тұстас қатарластарын оқытып, ұстаз қылып шығарған Жанәділ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жіліктеп шағатын Жақан, 20 жылдай мектеп директоры болған Сағади, соғыс тарихынан шежіредей сыр ақтаратын Шешенбай, Қытайда барлаушы болып, сол елдің «Азаттық үшін күрес» орденімен марапатталған Ағдарбек және бала оқытуды өмірінің базарына айналдырған Байқожа ақсақалдардың жұптары жазылмай, жарастықпен бірге жүрген еді. Олар сабақтан бос уақыттарында ауыз екі әңгімеден бастап, сөз таластырып, ой жарыстырып, кешенді пікір алмастыратын. Барлығы да тереңнен толғаушы еді. Ең соңында қызу таластың бәтуәлі тоқтамы үшін Байқожа мұғалімге жүгінетін. Екі-екіден шахмат ойнағанда Сағади мұғалім алдын ала төрелік жасап, «менің білуімше, әйтеуір, біреуің жеңілесің» дейтін. Ел құрметіне бөленіп ардагер ұстаз атанған бұл кісілерден оқыған оқушылардың білім үлгерімі жоғары болатын. Себебі, бұл ұстаздар үнемі ұлттық педагогикалық тәсілдерге сүйенетін. Солардың бірі атанып, есімі ел аузында құрметпен сақталған Байқожа ақсақал – ар жүгін абыроймен арқалаған арда азамат болатын.

Тұңғышбай МҰҚАН,

Қазақ тілі қоғамы аудандық

бөлімшесінің төрағасы.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button