Тұлға

Қаракөктің тұяғы

Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалар тұста Сталин Черчилль мен Рузвельтке неміс интеллигенциясының беткеұстарының бәрін қырып тастауды ұсынған.

– Неге? – Уинстон Черчилль зәресі ұшып.

– Немістер сонда елу жыл бойы бас көтере алмайтын болады!

Ұлтты тұқыртып, оның түбіне жетудің бірден-бір жолы – сол елдің зиялыларының көзін жою екен! Қазақ ол өткелектен де өтті. Отыз жетінің репрессиясында қазақ халқының жақсысы мен жайсаңы қырылып қалды! Ел боламыз десек, қазақтың алтын айдарлы ұлдарын төбемізге көтеруіміз керек!

Сарыарқаның бір пұшпағында дүниеге шыр етіп келіп, Алашына танымал азамат болған ағамның атының өзі арқаға аруақ ұялатады: Отан! Елжұрт, атамекен, туған топырақ деген сөз! Ұлы ұғым! Біздің қазақта осындай қасиетті ұғым бар. Кейбір түркі тілдес елдерде мұндай сөз жоқ көрінеді! Орысшалап «Родина» дейді… Ел үшін, жер үшін туған Отан ағаның еңбегінің төлеуі сол – елінің махаббаты. Одан артық ештеңенің керегі жоқ оған! Бұл адамның есімі берісі – облыс, әрісі – республика көлеміне кеңінен мәшһүр, жарты ғасырлық ғұмырын адам денсаулығына арнаған, Арқаның ақ халатты абзал азаматтарының бірі һәм бірегейі – Отан Мақышев!

Атақ-даңқы Алашқа танымал, травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының докторы, профессор Хафиз Жаңабайұлы Мақажановтың көзін көріп, өнегесін ұстанған осы заманның білгір маманы. Қырық жыл бойы өмірге арашашы боп келе жатқан Отан ағаның алдынан осы күнге дейін бірнеше жүздеген адам өткен. Соның бәрі де аман-есен. Отбасы мен ордалы Отанына қайта оралып, осы азаматқа алғыс сезімін айтып келе жатыр.

Ең алғашқы операциясын балалар хирургиясында жасаған екен. Бүгінде қызы Маржан Отанқызы да осында тер төгіп жүр. «Әке көрген оқ жанар» деген – осы. Немерелерінің бірі Дина Ресейден МГУ-ді тәмамдапты, Ниязбек Астанадағы заң институтына түссе, Томирисі мектеп табалдырығын аттағалы отырған көрінеді.

Отан Мақышев – медицина саласындағы алты өнертапқыштық ұсыныстың иесі.

Кандидаттық, докторлық диссертация қорғауға оның уақыты болған жоқ. «Бізде күн сайын – операция» дейді ол. Әрбір операция – небір ғылыми жаңалықтарға пара-пар!

Бір кездері көшелерінде Евней Бөкетов пен Жайық Бектұров, Төлеуғазы Әбжанов пен Ғабдолла Құлқыбаев сынды аймаңдай азаматтарымыз жүрген Қарағанды бүгінде Ерқара Аймағамбетов, Рымбала Омарбекова, Отан Мақышев сынды перзенттері ежелгі интеллигенциямыздың керім кескін-келбетіне қылау түсірмей, бекзада қалпында тұр. Осындағы ұлттық зиялыларымыздың қалың шоғыры Алаш жұртының бар ауыр салмағын белі қайыспай көтеріп келеді. Отан ағаның түп-тегіне қараңыз. Арғы жағында – Қаздауысты Қазыбек пен Қарқабат, бергі жағында – Тәттімбет пен Мәди, Тоқтарлар тұр. «Алаштан байтақ озбаса, Арабыдан атты сайлап мінбеген, Күлекке тастай болып тимесе, Үстіне көбе сайлап кимеген, Күмістен екі қолтық жоқ болса, Сыпайышылық сүрмеген, Алғаны ару болмаса, алдына алып сүймеген!» (Шалкиіз жырау) кіл бекзаттың тұқымы!

Дүниежүзілік бәсекеде қатарынан оза шауып, өркениет төрінде отырған елдерді тұғырында мықты ұстап тұрған осы бекзаттардың тұқымы екеніне көз жетеді. Еуропашалап айтқанда – аристократия! Туасы кемдік көрмеген, ізгілікке шөлдеген, ел-жұртының намысын қолынан жатқа бермеген, жұрттың сорпа бетіне шығары! Бодан кезімізде отаршыл ел бәрімізді тексіз пролетариаттан шығарып, ойына келгенін жасап еді. Енді олай болмайды. Құл мен сұмның айтқаны жүрмейді енді! Ел дейтін ердің дегені болатын ерен заманға бет алып келеміз. Тәңірге тәубе дейік, ендеше.

Отан Мақышев – ел-жұртының жақұттай жақсысын бойына сіңіріп, жаны жақсылыққа кенелген адам. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда қазақ халқының қасиетін түсініп, тұщына білді. Ата кіндігі, ананың жатырынан тарайтын ұлысының тереңіне бойлады. Жердің иесі – Алаш, киесі – Алла екеніне көзін жеткізді. Абайша айтқанда, адам баласы бір-бірінен байлық, мансаппен артыла алмайды. Алланың хикметі махаббат пен ғаділет сезім екенін бажайлады. Басы жұмыр пендеге бұдан артық не керек?! Алаштың арғыбергі тарихын көктей шолғанда ұлты үшін туған небір жұлдызды шоғырға тап боласыз. Ұлт атауын ауызға алдырмаған Совет өкіметі кезінің өзінде Алаш идеясына адал алыптар тобы дүниеге келді. Оның біреуі – қаламгер, біреуі – геолог, біреуі – математик, біреуі – дәрігер, әртүрлі мамандық иелері болса да, соның бәрінің мақсаты – қазақтың мерейін асқақтатып, мәртебесін көтеру болған. Сол шоғырдың жуан ортасында ақ маңдайы Күнге шағылысып, бүгін жетпіс жетіге келіп отырған менің Отан ағам тұр!

Мен бүгін тағы, жан аға,
Жатырмын ауруханада…

Дәрігерлер іздеп күні-түн
Дертімнің тапты бір емін:
«Өлеңді таста, жігітім!
Өрекпіп жатыр жүрегің…»

Бір ойлар басты түтіп жеп,
Қағазға көшіп таңбасы –
Қолымда тұрды лүпілдеп,
Жүректің кардиограммасы!

Мен ғана ма екен алаңдап,
Сарғайған ойлар санамда.
Ғаламзат, бүкіл адамзат
Жатыр ғой – ауруханада!

Адамның тағдырнамасы, –
Заманның тағдырнамасы, –
Жүректің кардиограммасы!
Ғасырдың кардиограммасы!

Арайлап атып таңдарым,
Көңілден көшті замандар.
Көзімді ашсам – жан-жағым
Ақ халат киген адамдар!

Бір ойлар басты түтіп жеп,
Соларға ұшып жөнедім.
Қолымда тұрған лүпілдеп –
Кардиограмма – өлеңім…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button