Руханият

Қара жерге қимас қымбаттым…

Сурет:автордан

«Басы – сайран, аяғы – ойран» осынау бес күндік жалған дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеді» деп, өзімізді жұбатқанымызбен де, Мейірхандай ән ардағының орны да, жөні де бөлек еді ғой… Қыркүйек айында ғана «Базарың құтты болсын, ардақты елім!» деп, «Айтпайды» әуелеткенде жүзінен ерекше нұр төгіліп, даусы да айрықша естіліп еді. Сонда сенің әдемі майда қоңыр үніңді соңғы рет тыңдап тұрмын деп ойлаппын ба?!

Мейірхан менің өнердегі ғана емес, өмірдегі туған бауырымдай асыл азамат еді. 10 қаңтар күні алыс жолға шығар алдында барғанымда қолымнан қатып ұстаған күйі жібермей қойды. Мен бірер күнде келетінімді айттым. Сабырлы қалпында басын изеді. Қабылдап жатқан емі шыбын жанына шипа болады деп сеніп, үміттеніп кетіп едім. Енді, міне, соңғы сапарыңа да шығарып салуға жете алмай, көкірегім шерге толды…

Қасиетті Қарқаралыда әннің иесі ғана емес, киесіндей болып өмірге келген Мейірханның өнердегі жолы ауылдан басталып, үлкен сахналарда жалғасты. Жүсіпбек Елебековке немере шәкірт, Жәнібек Кәрменовке төл шәкірт болған Мейірханның әншілігімен қатар, дәстүрлі ән өнерінің тарихы туралы әңгімелері қандай еді. Ол ешқашан әнді жай орындаушы болған жоқ. Оны жүректен жүрекке жеткізуші талғампаз, саф алтындай таза халық әніне зәредей кір жұқтырмайтын бекзат әнші еді.

Бағзыдан жеткен асыл өнердің өркендеуіне, сал-серілер салған ғажап әндердің сыны да, сыры да бұзылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне қызмет еткен үлкен бір мектеп қалыптастырды

Мейірхан бауырым. Арқада Жүсіпбек, Мәди атындағы әншілер байқауларын өткізуге тікелей мұрындық болып, республикалық деңгейге көтерілуіне қызмет етті. Дарынды да, талантты шәкірттер тәрбиеледі.

Сенің әнің неге осынша ерте үзілді, болмысы да, бітімі де бекзат бауырым?..

Алыста жүргенімде «Мейірханнан айырылдық» деген xабар ауыр соққы болды. Мейірхан «Ауылымды сағындым… Бауырымды сағындым» деп ерекше дауысымен ән айтқанда мен өмірден кеткен бауырым Аманжолды сағынып жүруші едім. Енді, туған бауырымдай болған, еркелесе, еркелігін көтеріп, мұңын шақса, оны да түсініп, әдемі қалжыңына, үніне, жүзіне сүйсініп, мақтанып жүрген Мейірxан бауырымды да сағынатын болдым.

Мейірхан Қарқаралысына арнап ән салатын, майын тамызып, әңгіме айтатын, арасында әдемі жымиып қойып, шымшыма әзілдерін де ұмытпайтын. Сол сабырлы да, сырбаз қалпымен айналасына шуақ шашып, нұр сеуіп отыратын бауырымның асыл бейнесі енді сағымға айналар, бірақ жүрек түпкірінен ешқашан өшпейді.

Ұлтымыздың өнер өрінде сен қалыптастырған әншілік мектеп жасай береді. Сен өшкен жоқсың. Тек, мәңгілік мекеніңе бет алдың, Мекен бауырым. Қош бол!

Жатқан жерің мамық, орның пейіштің төрі болсын, қара жерге қимас қымбаттым!

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

“Парасат” орденінің иегері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button