Басты тақырыпЖаңаарқа

Қара қылды қақ жарған Қаражігіт

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды таразылап, тұғыры биік тұлғалардың өнегелі өмірі мен ғибратты мұрасы арқылы өскелең ұрпақ бойына патриоттық рух сіңіру мақсатындағы мүмкіндіктерімізге кеңінен жол ашып отыр. Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ екенін көрегендікпен болжаған Ұлт Көшбасшысы өзінің бағдарламалық мақаласында ұлт тарихын тану мен тұлғаларды дәріптеудің маңыздылығын нақты атап өтті. Елбасының бұл идеясы – тарихы қанмен жазылған қазақ халқы үшін тарихи мүмкіндік.

XVIII ғасырдың соңында Кіші жүз руларын Батыстан Арқаға бастап келіп, мыңдаған ұрпақты тарих зобалаңынан аман сақтап қалған тарихи тұлғаның бірі – Алшын Қаражігіт би. Қасиетті баба өмірі мен қайраткерлігі жайлы деректер әрқилы өрбиді. Десек те, би ұрпақтарының дені Жаңаарқа ауданы мен Жамбыл облысының Сарысу ауданы аумағында қоныстанып, мамыражай тірлік кешіп жатқаны – шындық. Белгілі қаламгер Пернебай ДҮЙСЕНБИН бастаған баба ұрпақтары тынымсыз ізденіс нәтижесінде Қаражігіт ТӨЛЕБАЙҰЛЫНА қатысты біршама деректерді нақтылап, сұңғыла бидің қасиетті Ұлытау топырағында жерленгенін дәлелдеді.

Назарларыңызға ұсынылып отырған бүгінгі топтама Қаражігіт бидің мұрасын жаңғыртып, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатындағы игі шаралардың нәтижесін баяндайды.

Тарихтан белгілі, 1791 жылы Батыста тұңғыш рет Төреден емес, қарадан хан сайланады. Ол – халық сеніміне ие болған Сырым Датұлы. Әрине, хан көтерудің қалыптасқан дәстүрлері атқарылмағанымен, халықтың патша үкіметіне деген наразылығы мен ел қамын жеген Сырым батырға деген халық ықыласы оның көшбасшылығын хандық деңгейде қабылдады. Сойылын көтеріп, соңына ерді. Он жылға созылған Сырым Датұлы бастаған Ұлт-Азаттық көтерілісі ақыры жеңіліске ұшырап, патшаға қарсы шыққан Кіші жүз рулары жан-жаққа ауа көшті. Сырым Датұлы Хиуаға өтіп, әйгілі Қаражігіт би үш ауылмен Арқаға бет түзеп, Ұлытауға табан тірейді. Бұған сол заманда өмір сүрген Жанақ ақынның:

Жау шапқан соң ауылын

Көшті Алшындар Арқаға.

Мекенінен айырылған –

Ұқсап бейне арқарға, – деп келетін жыр жолдарын дәлел етуге болады.

Ал, тарихта Кіші жүзде бір ғана Қаражігіт болмағаны туралы да айтылады. Жалпы Кіші жүз руларының бірқатар бірлестігін Алшын атағандықтан, олардың барлығы Алшын Қаражігіт аталған. Мәселен, әйгілі Әйтеке биді де халық жас кезінде Қаражігіт атапты деген де дерек бар. Сондай-ақ, ұрпақтары Ақтөбе облысын мекендеген Қаржігіт Бектауұлы деген де аузы дуалы би болған. Ол да тарихта Алшын Қаражігіт би деген атаумен қалған. Біз сөз етіп отырған тұлға – Кіші жүз руларын Арқаға бастап келген Қаражігіт би Төлебайұлы. Бұл – тарихи шындық. Баба мұрасы, оның Ұлытаудағы жерленген жері туралы нақты тарихи деректерді тауып, алғашқылардың бірі болып дәлелдеген белгілі ақын, ғалым Қуаныш Ахметов болатын. Сонымен қатар, Қаражігіт Төлебайұлы туралы деректер М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбайдың зерттеулерінде кездеседі. Ғалым өзінің ұстазы академик Зейнолла Қабдоловтан естіген мына бір тәмсілді айтады. Сол дәуірде «Орта жүз Қаздауысты Қазыбек сөйлегенде – ерттеулі тұрған қара арғымақты суға батырып жібереді, ал, Алшын Қаражігіт би сөйлегенде – әлгі қара арғымақты судан шығарып алады» деген бейнелі сөз болған екен. Бұл Қаражігіт бидің Қаздауысты Қазыбек бимен қатар жүргендігін емеурін ететін дерек десек, шатаспайтын шығармыз.

Жазушы Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен жарық көрген «Шешендік сөздер» жинағында Қаражігіт айтты деген бірқатар әңгіме бар. Соның бірін тілге тиек ете кетелік.

Бірде Қаражігіт би Қаздауысты Қазыбек биге сәлем бере келеді. Әңгіме үстінде Қазыбек баба:

– Уа, жігіт! Атадан жақсы ұл туса – елінің туы болады деуші еді. Атадан жаман ұл туса – көптің соңы болады деуші еді. Соның қайсысы боласың? – дейді. Сонда Қаражігіт тосылмай:

– Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады, Шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деуші еді. Сіз соның қайсысы боласыз? – депті. Қазыбек би:

– Қазынасы боламыз, – дегенде, Қаражігіт:

– Ендеше, біз елдің туы боламыз, – деген екен.

Ал, жаңаарқалық қаламгер, марқұм Асан Жұмаділдиннің жазбаларында Қаражігіт Төлебайұлының әйгілі Байдалы бимен кездескені жөнінде дерек бар. Қаражігіт би Байдалы бидің ауылына келіп, әңгіме-дүкен құрады. Сол сәтте бір келіншек үйдің босағасында билерге қарап, тұрып алыпты. Оны байқап қалған Байдалы би келіншекке қарап, желкесін ұстап, қабырғасына қол тигізіп, жамбасын сипайды. Келіншек осыдан кейін ғана шығып кетіпті. Келелі кеңес құрып, сыбағасын беріп, Қаражігітті атқа қондырған Байдалы би:

– Біраз мәселе шешілді. Не аңғардың, қандай назың, қандай бұйымтайың бар? – дейді. Сонда Қаражігіт би:

– Келіншекке желкеңді ұстап – жал, қабырғаңды ұстап – қазы, жамбасыңды сипап – жамбас сал дедің. Сонда, сен айтпасаң, қазанға ас салынбайтын ба еді? – деп замандасын сөзден тосылдырған екен.

Көптеген тарихи деректерде Қаражігіт бабамыздың шешендігімен қатар, майданда мерген болғандығы туралы көп айтылады. Яғни, Сырым Датұлы бастаған тарихи көтеріліс кезінде атқа мініп, жауға шапқан батырлығы да болса керек. Әйтпесе, жай адам Кіші жүздің үш ауылын бастап, батыстан Арқаға ел бастап келе ме?!

Бабамыз Батыстан келіп ұлт ұясы Ұлытауға бір-екі жыл қыстаса керек. 1798 жылы қазіргі Ұлытау ауданының Қотырбұлақ деп аталатын жерінде дүние салыпты. Сол жерге жерленген. Соңғы жылдары бір ағайынымыз бабаның сүйегін Жаңаарқаға әкеліп, інісі Қабанбайдың жанына қайта жерлейік деген бастама көтерді. Ағайынның біразы бұл бастаманы құп көріп, көбі қарсылық білдірді. Қасиетті бабаның мәңгілік мекені болуға сол Ұлытау лайықты деп шештік. Біріншіден, қазақтың қасиетті Ұлытауы. Екіншіден, Қотырбұлақ жергілікті халық зиярат жасап, кеселіне дауа іздейтін қасиетті жер екен. Үшіншіден, Алаша хан мен Жошы хан мазарларының тура ортасында. Төртіншіден, шариғатта қайта жерлеуге рұқсат етілмейді. Осы мәселемен, діни басқармаға дейін байланысқа шықтық. Қысқа мерзімге аманаттап қойылған кісі болмаса, жер қойнына тапсырылғанына үш ғасырға жуықтап қалған сүйекті әрлі-берлі сүйреудің ақылға сыймайтындығына пәтуаластық.

Жуырда баба жерленген жерге биіктігі 2,5 метрлік граниттен ескерткіш тас қойып, рухына құран бағыштап қайттық.

Көксегені  елінің бірлігі мен заманның тыныштығы болған қасиетті бабалардың ғибратты ғұмыры мен өлмес мұрасы – бізге аманат. Сондықтан, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен үндестік тапқан бабалар мұраты – біздер үшін ең қастерлі ұғым. Бірлігімізге сызат түспей, еліміз асқақтай берсін!

 

Барбол БАХТИЯРОВ,

Қаражігіт бидің ұрпағы.

Жаңаарқа ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button