ПоэзияТұлға

Қара шапан

Ерік НАРЫН. 1997 жылы 17 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов ауылында дүниеге келген. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанда мемлекеттік университеті филология факультетінің ІV курс студенті. Өлеңдері «Жыр – тұмар» жыр топтамасына енген. «Мұқанов көшесінде» атты поэзия кеші өтті. Бірнеше облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Қара шапан

 

Қара шапан –

Жауында әкем, сауында шешем

киген,

Сол шапанның қойнына

шекер де үйгем.

Жамау-жамау біз көрген

балалықтай,

Қайда қалды шапаным

көшерде үйден.

 

Әкем – қойшы, әкемнің таяғынан,

Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.

Қара шапан ішінде талай қозы,

Көзін ашып нық тұрған аяғынан.

 

Біз де солай…

Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,

Қара шапан ішінде жылынғанбыз.

Қара шапан ішінен сыз әлемге,

Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

 

Қара шапан секілді жаным жамау,

Сағыныш боп кеудемде

жағылды алау.

Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,

Жамау-жамау шапанды жамылған-ау!

 

 

Үзілген үміт

 

Өткен түні

Көз жасына толтырып түнек ішін,

Хабар күтті ол сенен, білемісің?

Үзбе десем тамырлы гүл үмітін,

Тәкаппарым миықтан күлемісің?!

Ең болмаса xабарлас, өтінемін,

Сен деп соққан жұп-жұмыр

жүрегі үшін.

 

Көрмедің бе, білмеймін білмедің бе?

Саған деген сезімнің сәуле, нұры,

Шашылатын жымиып күлгенінде.

Өкініш пен мұңдардан букет жасап,

Өксік келіп сөз салған сол мұңлыққа,

Әлде кімге сөз салып жүргеніңде.

 

Ер шын болса жары мен күтер елі,

Бір жыл болсын, о мейлі

он жыл болсын,

Үміт берсең ол сені күтер еді.

Сені күткен азапты сағаттарда,

Біреулерге сыйлаған раушан гүлдің,

Жүрегін кеп шаншиды тікенегі.

 

Терезеден қарсы алып мұңлы күзін,

Шықпай жүр деп естідім бөлмесінен.

Жылатпаса маxаббат өр несімен?

Біреулерге қырдан гүл үзіп жүріп,

Үзіп алдың үмітін кеудесінен.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button