АймақАқтоғай

Қарақойда той өтті дүбірлеген

Бұл жылы Ақтоғай ауданы үшін берекелі де мерекелі жыл болып тұр. Көптен күткен ауданның қарашаңырағы саналатын Жидебай селолық округіне қарасты Қарақойдың 90 жылдық торқалы тойы екі күн бойы көрген жұртты тамсандырып, тау мен тасқа ән салдырып, жоғары деңгейде өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тоқсан күн бұрын дайындықты бастаған ауылдық ағайын мен көгеннен босаған қозыдай ағылған қонақтар тойдың қызығына қанбай, қимай тарқасты. Аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекенің әр сәті той қонақтарының көңілдерін көкке көтеріп, рухани демалыс сыйлады деуге болады. Бірнеше әлеуметтік нысан халықтың игілігіне мерейтой қарсаңында тапсырылды. Елуден аса қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Тарихы құнды, болашағы нұрлы өлкенің 90 жылдығына арналған салтанатты шаралардың куәсі болуға игі жақсылар ат басын бұрды.

Сурет ұйымдастырушылардан

«Көргені жақсы – көш бастайды», – демекші, мерекеге қатысушылар ауыл тарихын әріден қозғап құттықтауларын жеткізді. Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абылай Аманжолов, Қарағанды облысы мен Ақтоғай ауданының Құрметті азаматтары Сағадат Жапабайұлы мен Рымбек Жүнісұлы, Қарақой атанған колхоздың алғашқы төрағасы болған Аманқұл Сыбанұлының туған қызы Дамаш Әміржанова өздерінің құттықтау сөздерін естелікпен тамырландырып, ұрпақ үшін ұлағат боларлық пейілдерімен бөлісті.

– Жыланды тауының бөктерінде орналасқан Қарақой кешегі әкелеріміздің ізі қалған, шешелеріміздің от жағып, күл төккен құтты мекені. Бүгінде балқаштықтарды тұщы сумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың шексіз алғысына кенеліп отырған Тоқырауын өзенінің өзі бастауын Қарақойдың іргесінен ағып өтетін Егізқойтас өзенінен алады. Мынау Қарақойдың шекарасында айнала қоныс тепкен «Ақсай», «Сабырбай», «Қарасу», «Айқай», «Тінәлі», «Қушоқы», «Қызылшоқы», «Басқора», «Шекеме», «Қызылқұдық» қыстақтары мен Тескенсу су қоймасын мекен еткен ағайын бүгінгі тойды ұйымдастырып, туған жерге тағзым етіп жатырсыздар. Аға буын үшін бұл жер жұмақтан кем емес. Осы топырақта кіндігіміз кесіліп, өмір жолымыз басталды. Жалғандағы жердің жұмағы – «Қарақой». Олай болса, оны қалай ұмытайық?! Жақын түгілі жатқа да жайлау мінез танытқан қадірлі ауылдастарым, туған жеріміздің тоқсан жылдығы құтты болсын!, – деді Рымбек Жүнісов.

Өзіндік мол тарихы бар өңірдің тойын өткізуге атсалысқан көпшіліктің еңбегі ескерілді. Бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Қарақойдың мерейтойына орай белгілі ұстаздар, өлкетанушылар мен журналистер ауыл тарихы тақырыбындағы еңбектерінің басын қосып, кітап шығару ісін қолға алған болатын. Салтанат аясында «Қастерлі мекен Қарақой» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Белгілі меценаттар Рымбек Жүнісов, Қайрат Төкішовтің демеушілігімен, ауыл халқының қолдауымен шыққан кітапты құрастырған және кітап материалдарын әдеби өңдеген ауыл тумасы Амангүл Қауымбекова.

Ұйымдастырып, шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, дүбірлі той өткізіп, ас беру 2 жылдан бері жоспарда болған екен. Дүбірлі думанда көптің назары мерекелік концертте болды. Ақтоғай ауданының тумалары, қазақ ән өнерінің жарық жұлдыздары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, Е.Рахмадиев атындағы Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының Бас директоры, Қарақой ауылының тумасы Ерлан Дәкеновтің орындауындағы әуезді әндер мереке шырайын кіргізіп, жиналғандарға ерекше рух сыйлады. Сондай-ақ, Ерлан Дәкенов­тің шашбауын көтеріп келген астаналық әншілер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сәулежан Тағзия, Халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсат Алмастың және жергілікті «Тоқырауын толқындары» ансамблінің концертін тамашалаған меймандар күннің ыстығына қарамай, өнерге құрмет көрсетті. Ақын Қойлыбай Асанның сөзіне жазылған композитор Қуандық Сәденовтің «Қарақой – құт мекенім» әнінің де тұсауы осы тойда кесілді.

Тойдың көркі делебені қоздырып, рухты аспандатқан спорттық іс-шаралар болды. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан аламан бәйге, қазақ күресі, қол күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс сынды ұлттық спорт ойындарын тамашалап, оларға жәрмеңке ұйымдастырылды. Күн райы да ашық болып, шараның өз мәнінде өтуіне септігін тигізді. Шапқан сайын екіленіп, шаршы топтан қара үзетін, шашасына шаң жұқпаған кешегі Құлагерлердің ізбасарлары ат сүйер қауымның делебесін қоздырды. Көрермен бәйгенің барлық түрін сағаттап, тапжылмастан тамашалады. Аламан бәйгеде алдына қара салмаған Шет ауданы Кеншоқының «Көкдауыл» атты Нұрбек Төребековтің жүйрігі мәрені бірінші болып кесіп өтіп, 1 500 000 теңгені еншіледі. Ал, екінші орынға Ұлытау облысының «Байқасқа» атты Еркебұлан Өміртаевтың тұлпары, үшінші орынға Жамбыл облысының «Нұр» атты Сатжан Әседілдаевтың қылқұйрығы тұрақтады. Төртінші орынды «Айфон» есімді, бесінші орынға «Байқасқа» атты жүйрік иеленді. Жоғары деңгейде жалауы желбіреген күрес бəсекесі талайларды тамсандырды. Спорт сүйер қауым қазақ күресінен өтетін доданы сағынып та қалыпты. 60 келі салмақта қарақойлық Арнұр Көмекбай және 70 келіде Әбілхайыр Мәуленин, 80 келіде Бауыржан Хуанган Қарақойдың балуаны Бас жүлдені иеленді. Кір тасын көтеруде қос 24 келі кір тасын 69 мәрте көтерген Данияр Сейсенов еншіледі. Арқан тартыста «Қарақой арландары» жеңімпаз атанды. Ерлер арасында қол күресте жаңаарқалық Бекзат Серікбол, әйелдер арасында қарақойлық Қуаныш Карбозова чемпион болды. Ұлдар арасында «Жидебай» командасы және қыздар арасында «Жидебай» командасы Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, садақ атудан құралайды көзге атқан мергендер марапатталды.

Түс ауа ауыл мерекесіне арналған ауылдас-жерлестердің қатысуымен дайындалған концерт күн көкжиекке еңкейгенше толастаған жоқ. Ерекше форматта өткен концертте Қарағандыдан арнайы келген Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншілері және Қарақойдан түлеген әншілер Аққыз Құнарбекова, Дамир Жанғұтты, Ерғанат Есенгелді, Нұрлат Қуатбеков, Нұртас Төлегендер ағайынды сырлы да сұлу әнге бөледі.

Осылайша Қарақой ауылының алыс-жақындағы ағайынның басын қос­қан тағылымы зор шара ретінде жұртшы­лық жадында қалды.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button