Қара өлең рухы асқақтап
Қарағанды көмірімен ғана емес, әдеби өмірімен де абыройлы. Ел аузынан түскен емес. Әсіресе, кейінгі жылдары бірінен соң бірі, дүркін-дүркін өткен поэзия кештері Арқаға қарайлаған жұртты сүйсіндіріп жатыр. Майқұдықтың мәдениет үйінде мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «О, махаббат, сені әлі тірі ме едің?» деп аталған әдеби-сазды кеш жыр сүйер қауымды жинады. Бұл кештің де жаңғырығы Қазақстанның қиыр-қиырына жеткендей. Серік Ақсұңқарұлыдан бастап, кейінгі толқынға дейін өлең оқыды. «Менмін» деген әншілер Мұқағалидың өлеңіне жазылған әндерді әуелетті.
Осындай ерекше форматтағы әдеби-сазды кешке облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын да куә болды. Кеште әдеттегідей билік өкілдері сөз алмады. Бұл жолы тек мәртебелі поэзия салтанат құрды.
Қалалық әкімдік ақындарына қамқорлық жасап келеді. Поэзия кештерінің дүркіреп өтуіне шаһар билігі қолдау көрсетіп жүр. Осы рухани шараны да ұйымдастыруда Қазақстан Жазушылар одағы филиалына қолдау көрсетті.
Әдеби-сазды кештің шымылдығын Сәкен театрының актерлері түрді. Ақын үнін аңсап келген көрермен Мұқағалидың заманына сапар шекті. Мұзбалақ ақынның өлеңі оқылды, шайырдың жырымен үйлескен әндер өзгеше форматта орындалды.
Қарағандыдағы поэзия кештерінің барлығы дерлік Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлымен басталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Серік Ақсұңқарұлы – Қарағандыдағы XXI ғасыр шайырларының локомативі. Серағадан кейін әдеттегідей ақын Қойлыбай Асанов өлең оқыды. Соңынан ерген толқынға аға мен бауыр арасындағы сыйластықтың үлгісін көрсеткен қос талант.
Содан кейін қазақтың мөлдір ақыны Қайрат Асқар өлең оқыды. Қайрат Асқар – Қарағандыда Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрактар бастаған алдыңғы толқынның белді өкілі.
Келесі блокта Ерқанат Кеңесбекұлы мен Салтанат Смағұлтегі және Сұлтан Дәулетхан, Ілияс Мұқай, Айнұр Жаппарқұлова жүректеріндегі махаббатты жырлады. Қарағандыда бапталып, Елордаға қанат қаққан Мирас Асан мен Жәнібек Әлиман және бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалын тізгіндеп отырған Жанат Жаңқашұлы, Қуаныш Медеубаев, Рауан Қабидолдин осы буынның өкілдері.
Әділет Шопен, Кәмшат Хасен, Еркебұлан Елеусізұлы – Қарағандыда қалыптасып келе жатқан жаңа буын. Талғамы жоғары оқырмандарды жалт қаратып үлгергендері де бар.
Университет қабырғасындағы жас ақындар соңғы болып шықты. Өлеңге арқау болған студенттік шақтағы махаббат – көрерменнің кеудесін көктемнің самалы боп өпкендей.
Міне, осылай әр буынды жеке-жеке топтастырып сахнаға шығару арқылы ұйымдастырушылар Қарағандыдағы әдеби ортаны һәм асау толқындарды көрсетті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz