Руханият

Қара Дәулеттің қазынасы…

Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана «90 жылдыққа 90 кездесу» жобасы аясында ақын, сырлы сазгер, журналист Дәулет Ырысбайұлының рухына арналған «Сұңғыла ойдың шырағын жаққан ақын…» атты еске алу кешін өткізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан.

Аталған әдеби-сазды кешке академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты. Кездесу кешінің спикерлері ретінде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Қойлыбай Асанов, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы, ел ішінде «Қара Дәулет» атанған ақеділ ақынның отбасы мен замандастары, журналист, ұстаз Әлімжан Құтжан қатысып, шайырдың тәлімді тағдыры һақында шамырқанып сөз арнады.

Тағылымы мол шарада өзінің құс тұмсығындай қысқа ғұмырында өлеңін өмірінің мәні етіп өткен біртуар шайырдың саналы ғұмыры мен ғажайып шығармашылығы жайында қаламдас-достары есті естеліктерімен бөлісті. Еске алу кешінде Д.Ырысбайұлының ұрпақтары шығармашылығынан үзінділер оқыды. Кеш соңында №6 мектептің 10 сынып оқушысы Абылай Токашев автордың әйгілі «Қарағанды вальсі» әнін нақышына келтіріп орындады.

Ақын Дәулет Ырысбайұлының поэзиясы шым түбіндей терең лиризммен, ұлттық келбетімен және тұңғиық философиялық астарымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері көбінесе табиғат сұлулығын, рухани құндылық мәнін және қазақы намыстың сыр-сипатын бейнелейді. Шайырдың «Мәдидің монологы» атты әйгілі өлеңі ел аузында жүр.

«Достық пенен шапағаттың,
Жастық пенен махаббаттың,
Бесігі сен, Қарағандым!» деген әсем әннің қайырмасы жөні бөлек жыр кешінен қимай тарқаған көрерменінің ет-жүрегін елжіретіп кетті… Бір кездері Қарағандысына қамқор қаламгерінің есім-сойын бұл жолы қазыналы қаласы ардақтады. Ардақтайды да…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button