Бас тақырып

Қарағандының үздік тауары таңдалды

Қарағандыдағы Орталық саябақта «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік-көрме байқауы өтті. Облыс әкімдігі және өңірлік Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен шараға аймақтағы 90 ірі және шағын кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. Халық тұтынатын тауарлардан бастап, ауыр өнеркәсіп өнімдеріне дейін көрмеге қойылды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауыл-аймақтардан 30-ға жуық кәсіпкердің қатысуы – биылғы көрме-байқаудың ерекшелігі болып отыр. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев көрме-байқауда жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен танысып, сапа саласындағы жетістігі үшін үздік кәсіпорынға облыс әкімінің арнайы сыйлығын табыстады.

Қазақстанның үздік тауары

– «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Өңірлік кәсіпорындар өнімдерінің танымалдылығын арттыру, отандық өнімдерді насихаттау – басты мақсатымыз болып отыр. Бұл көрме-байқауда үш номинация бойынша үздік 9 кәсіпорын анықталады. Олар республикалық байқауда облыс атынан қатысып, бақ сынайды. Сонымен қоса, сапа жетістігі үшін бір кәсіпорынға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталады. Бүгінгі көрмеге металлургия, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері әкелінді. Облысымыздың әр өңірінен келген тұрғындар жергілікті өнеркәсіп өнімдерін тамашалауға зор мүмкіндік алды.

Көрме-байқауға биыл алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Қарағанды облысының ауыл-аймақтарынан келген кәсіпкерлер қатысуда, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов. Көрме-байқау дәстүр бойынша жәрмеңке форматында өтті. Келушілер жергілікті кәсіпорын өнімдерінің сапасын бағалап, өздеріне ұнайтындарын сатып та алды.

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үш жеңімпаз анықталды.

Айталық, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Drive Industry» ЖШС, «Kaz-Metiz» ЖШС жəне «Бемер Арматура» ЖШС жеңіске жетті. Жеңімпаздар арасындағы «KazMetiz» ЖШС кəсіпорнының еңбек нарығына шыққанына биыл 15 жыл болыпты. Компания өз өнімдерін тек Қазақстанға емес, Өзбекстан мен Ресейге, Польшаға экспорттайды. Осы уақыт ішінде кəсіпорын шығаратын өнім көлемі екі есеге артқан.

– Біздің компания 2008 жылы құрылған, біз арматуралық сым өндіруден бастадық. Өнімнің ассортименті мен көлемі біртіндеп кеңейе түсті. Енді біз мырышталған сым, электр желілері, тіректер, тау-кен арқаны жəне т.б. өнім өндіреміз. Дайын өнім көлемі – жылына 32 000 тоннаны құрайды. Біз тек Қазақстан бойынша ғана емес, өз өнімдерімізді шет елдерге экспорттаймыз. Экспорт нарығын əлі де кеңейту жоспарлануда. Қазір зауытта 300 адам жұмыс істейді. Бүгінгі көрмеге біз алғаш рет қатысып отырмыз, – деді «KazMetiz» ЖШС техникалық бақылау бөлімінің бастығы Ольга Цой.

Қазақстанның үздік тауары

Көрме-байқауда «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «A.V.Group» ЖШС, «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС жəне «АЗИЯ-СМ» ЖШС лауреат атанды. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «АЯН М.» ЖШС, «Айза» ЖШС жəне «Əбдікəрімова» ЖК марапатталды.

Аталған тоғыз кəсіпорын «Қазақстанның үздік тауары – 2023» республикалық көрме-байқауында облыс атынан қатысып, бақ сынайтын болады.

Қалыптасқан үрдіс бойынша байқау аясында жыл сайын сапа саласындағы жетістігі үшін облыс əкімінің арнайы сыйлығы табысталады. Биыл арнайы сыйлық «Сантехпром» кəсіпорнына берілді. Бұл – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын ең ірі жəне жалғыз кəсіпорын болып табылады.

Іс-шара барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтті. Бұл жоба 2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Қарағанды облысының кəсіпкерлер палатасы іске асыратын «Мен – кəсіпкер» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып саналады.

– Биыл аймақта алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қолға алынып отыр. Бұл жоба біздің елімізге Жапонияның тəжірибесі негізінде енгізілген. Жергілікті брендті дамытуды, құруды, нарықтық құндылықтарды арттыруды көздейді. Жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, əйелдер кəсіпкерлігін дамытуға мүмкіндігі зор, – дейді іскер əйелдер қауымдастығының төрағасы Гүлия Жəңгірова.

Ауылдық жерлерден келген кəсіпкерлер көрмеге қолөнер бұйымдары, тамақ өнімдері, тұрмыстық заттар, былғары мен киізден жасалған ұлттық киімдерді əкелді. Арнайы құрылған комиссия мүшелері алдағы уақытта 10 кəсіпкерді таңдап, жеңімпаздарды анықтайды.

– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Қарағанды облысының ауыл-аймақтарынан 30-ға жуық кəсіпкер өз өнімдерін көрмеге əкелді. Кəсіпкерлікті дамытуда бұл өте жақсы бастама. Біз жергілікті кəсіпкерлер шығаратын өнімді облыс көлеміне ғана емес, Қазақстанға танылуына қолдау білдіруіміз керек. 30-ға жуық кəсіпкердің ішінен он кəсіпкер іріктеледі. Біз, комиссия мүшелері сегіз критерий бойынша бағамызды қойдық. Ұлттық кəсіпкерлер палатасы оның ішінен тағы да 3 кəсіпкерді анықтайды, оларға мемлекеттік қолдау білдіреді, – дейді Қарағанды облысы кəсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев.

Қазақстанның үздік тауары

Көрме-байқауға кəсібін енді ғана бастаған жас кəсіпкерлер де келіпті. Мəселен, биылдан бастап жеке кəсіпкер ретінде жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк, ақжелкен, сəбіз, картоп көкөністерін өсіріп бастаған Бұқар жырау ауданы, Құрылыс ауылының тұрғыны Сəуле Атабаева мұндай көрмеге алғаш рет қатысып отырғанын айтты. Ол биыл «Мен – кəсіпкер» бағдарламасы аясында «Кəсіпке бағыт» бойынша «Жылыжай шаруашылығы» тақырыбында салалық оқуды сəтті аяқтап, сертификат алған.

– Бұқар жырау ауданында жұмыспен қамту орталығында жоба аясында білім алып, кəсіп бастау негіздерін үйрендім. 400 АЕК есебінде, яғни 1 млн. 380 мың тг көлемінде грант ұтып алдым. Үй жанындағы 10 сотық жерді пайдаланып, шағын екі жылыжай салдық. Онда түрлі көкөністер, жемістер өсірудеміз. Бұл отбасылық бизнеске айналды. Бүгінде алғашқы табысымызды көріп жатырмыз. Сатып алушылар үйден келіп əкетеді. Күніне 15 кг өнім алынады. Көкөністерді ешқандай қоспасыз, табиғи жолмен өсіреміз. Бұл көрме-байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Мұнда жылыжай өнімдерін, консервіленген көкөніс терді əкелдік. Алдағы уақытта жылыжайды үлкейтіп, кəсібімізді кеңейткіміз келеді, – деді жас кəсіпкер Сəуле Атабаева.

Көрме-байқауға қатысушылар мен қонақтарға концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қаланың шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Сондай-ақ, Altyn Ornek компаниясы мен «Баршын білек» ЖК-нің ұлттық нақыштағы киімдер көрсетілімі болды

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button