Қарағандылық электораттың 84,30%-ы өз таңдауын жасады
Еліміз бойынша 20:00-де мәреге жеткен республикалық референдум Қарағанды облысында ұйымдасқан әрі жоғары деңгейде өтті. Аймақ тұрғындары маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, азаматтық таңдауын жасады. Алдын ала жарияланған мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың үлесі 84,30 пайызды құрады.

Республикалық референдум күні облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та азаматтық таңдауын жасап, саяси науқанға қатысты. Өңір басшысы №17 референдум учаскесінде таңдауын жасады. Аймақ басшысы бұл қадам әрбір қазақстандықтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды шешім екенін атап өтті.

– Мен бүгін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің, өзімнің және балаларымның болашағы үшін таңдау жасауға келдім. Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамалардың негізі. Әрбір азаматтың бүгінгі таңдауы ел дамуының алдағы онжылдықтардағы бағытын айқындайды, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Әкім дауыс берген №17 референдум учаскесінде таңсәріден тұрғындар белсенділік танытты. Аталған учаскеде 2 222 азамат тіркелген, олардың ішінде 59 жас алғаш рет дауыс берді. Бұл жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысып отырғанын көрсетті.

Дерекке сүйенсек, референдумды өткізуге облыс аумағында 637 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Олардың қатарында азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған арнайы учаскелер де бар. Жалпы алғанда, өңірде дауыс беру құқығына ие 757 мыңнан астам азамат тіркелген болатын. Дауыс беру күні барлық учаскелер таңғы сағат 7.00-ден өз жұмысын бастап, кешкі уақытқа дейін тұрғындарды қабылдады.
– Референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына барлығы 651 комиссия тартылды. Оның ішінде, 14 аумақтық (1 облыстық және 13 аудандық/қалалық) және 637 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Комиссиялардың құрамында 4 мыңнан астам адам қызмет атқарды. Олардың басым бөлігі – бұған дейін сайлау немесе референдум науқандарында тәжірибе жинақтаған мамандар, – деп атап өтті облыстық референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов.
Референдум барысында азаматтардың дауыс беру құқығын толық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуына қолайлы жағдай жасалды. Көптеген учаскелерде пандустар орнатылып, тактильді көрсеткіштер мен арнайы дауыс беру кабиналары қарастырылды. Облыс бойынша 140 инватакси қызметі ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда азаматтарды учаскелерге жеткізу қамтамасыз етілді. Есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін 74 сурдоаудармашы онлайн форматта қызмет көрсетті. Ал, денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын тұрғындарға үйден дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды.

Атап айтсақ, жүз жастан асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Сұңғат Сәттіғұлов денсаулығына байланысты үйінде дауыс берді. №170 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері ардагердің тұрғылықты мекенжайына барып, белгіленген тәртіп бойынша дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Ғасыр жасаған майдангер ел өміріндегі маңызды саяси науқанға бейжай қарауға болмайтынын айтып, жастарды да ел тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
– Біз соғысты көрдік, бейбіт өмірдің қадірін жақсы білеміз. Сондықтан, ел болашағына қатысты мәселеге әр азамат бейжай қарамауы керек. Мемлекетіміздің дамуына әркім өз үлесін қосуы тиіс, – деді қария.
Референдумның ашық әрі жариялы түрде өтуіне байқаушылар да үлес қосты. Облыс аумағында қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенді бақылау жүргізді. Бұған дейін 17 қоғамдық ұйым ресми түрде аккредиттеліп, олардың байқаушылары учаскелерде дауыс беру процесін, бюллетеньдерді санау рәсімін және комиссиялардың жұмысын бақылауға мүмкіндік алды.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Дауыс беру күні барлық учаскелерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқарып, азаматтардың қауіпсіз әрі еркін дауыс беруіне жағдай жасады. Сонымен қатар, учаскелердің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті барлық ұйымдастырушылық шаралар қабылданды.

Жастардың белсенділігі де ерекше байқалды. Биыл облыс бойынша 13 мыңнан астам 18 жастағы азамат алғаш рет дауыс беру құқығына ие болды. Оларды ақпараттандыру мақсатында өңірдің қала-аудандарында аумақтық комиссиялар жанынан құрылған 14 «Жас сайлаушылар» клубы түрлі кездесулер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, жастардың саяси процестерге қызығушылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізді.
Республикалық референдум облыс орталығында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Бүгін шаһардағы барлық учаскелер таңғы сағат 7:00-де ашылып, азаматтарды қабылдай бастады. Қарағандылықтар маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Қарағанды қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Дархан Малдыбаевтың айтуынша, қала бойынша 189 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Учаскелерде барлығы 1513 комиссия мүшесі қызмет атқарды. Олардың барлығы дауыс беру процесін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға жұмылдырылды.

Референдум алдында нақтыланған деректерге сәйкес, Қарағанды қаласында дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны 359 770-тен астам адамды құрады. Дауыс беру барысында қала тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Күннің алғашқы жартысында-ақ жүздеген мың қарағандылық өз таңдауын жасап үлгерді.

Референдум процесіне байқаушылардың қатысуына да ешқандай кедергі болған жоқ. Қарағанды қаласындағы учаскелерде 835 байқаушы жұмыс істеді. Олар – аккредитациядан өткен қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жергілікті байқау жүргізетін ұйымдардың мүшелері. Сонымен қатар, 28 халықаралық байқаушы референдум учаскелерін аралап, дауыс беру барысын бақылап отырды. Референдумды ақпараттық тұрғыда жариялауға 49 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Комиссия төрағасының мәліметінше, дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық немесе ресми шағым тіркелмеген. Бұл референдумның ашық әрі заң талаптарына сәйкес өткенін көрсетеді.
Жалпы, референдум күні облыстың әр өңірінде тұрғындар жоғары белсенділік танытты. Әртүрлі жастағы азаматтар ел өміріндегі маңызды шешімге салғырт қарамай, дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады.
Өңірдің бірқатар учаскелерінде ерекше әрі символикалық көріністер де орын алды. Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі №416 референдум учаскесінде жылан жылы мен келе жатқан жылқы жылының кейпіндегі өнерпаздар дауыс беріп, «Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын» деген халық тілегін бейнеледі.

Ал, Абай қаласында ұлттық киім киген ақ жаулықты аналар референдум учаскесіне тобымен келіп, өз таңдауларын жасады. Ермеков көшесінде тұратын әжелерді аудандық Аналар кеңесінің мүшесі Жарқын Әліпова бастап келді.
– Біз қайда барсақ та, осылай жұбымызды жазбай жүреміз. Бүгін де сол салтымызды сақтап, еліміздің болашағына дауыс беруге келдік, – деді ол.
Саяси науқанға жастар да белсенді қатысты. Қарағанды облысында Бекнұр Несіпбек пен Альмира Мажитова есімді жас жұбайлар өздерінің үйлену тойы күні №202 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді. Олар үшін бұл күн тек шаңырақ көтерген қуанышты сәт қана емес, сонымен бірге ел болашағына үлес қосқан маңызды кезеңге айналды.

Қарағандыдағы №5 референдум учаскесінде таңғы сағат 7:00-ден бастап тұрғындар келіп, өз таңдауын жасай бастаған. Учаскеге 1612 азамат тіркелген, ал алғашқы екі сағат ішінде тоқсанға жуық адам дауыс берді.
Қала тұрғыны, медицина қызметкері Гүлзат Мұсаханқызы немересімен бірге келіп, азаматтық борышын орындады.
– Әрбір азамат ел болашағына немқұрайды қарамауы керек. Сондықтан мен де Қазақстан азаматы ретінде өз дауысымды бердім. Учаскеде барлық жағдай жасалған, ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жүргізілген, – деді ол.
Референдум күні учаскелерде тұрғындар үшін түрлі мәдени және танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Кейбір учаскелерде шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнауға арналған орындар мен фотоаймақтар қойылып, Наурыз мейрамына арналған жәрмеңкелер де өткізілді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков жиен немересімен бірге келіп, дауыс беру процесін көрсеткенін айтты.
– Бүгін немерем бюллетеньді жәшікке салу рәсімін көрді. Мен оған бұл болашағы үшін жасалған таңдау екенін түсіндірдім. Қазақстанда маңызды мәселелерді халықпен ақылдаса отырып шешу тәжірибесі қалыптасқан, – деді ол.
Сондай-ақ, кейбір учаскелерде халықаралық байқаушылар да болып, дауыс беру барысымен танысты. Мәселен, №5 учаскеде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінен келген байқаушылар дауыс беру процесін бақылап, комиссия мүшелерімен сұхбаттасты.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысында өткен республикалық референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өңір тұрғындарының белсенді қатысуы ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Референдум күні әртүрлі буын өкілдері – ардагерлер, жастар, жас отбасылар мен ақ жаулықты аналар өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлестерін қосты.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



