Бас тақырыпСпорт

Қарағандыдан Парижге: үміт пен күдік

Ертең Франция астанасы Парижде әлем жұртшылығы асыға күткен отыз үшінші жазғы Олимпиада ойындары басталмақ. Бұл бәсекеге Қарағанды облысынан 3 спортшы аттанды. Батутты гим­нас­тикадан – Данил Мусабаев, жеңіл атлетикадан – Давид Ефремов, жүзуден – Ксения Игнатова. Ал, параолимпиадада ядро лақтырудан – Дастан Мұқашбеков, дзюдодан – Даяна Федосова ел намысын қорғайды. Осы бесеудің тілеуін тілеп, тақымымызды қысамыз. Дегенмен, өкініш те жоқ емес. Парижге өзіндік бокс мектебі қалыптасты деп мойындалған облысымыздан бірде-бір боксшы жолдама алмады. Аймақ спортының жанкүйерлері де осы мәселеге назар аударып отыр. Ұлттық құраманың сапындағы қарағандылық спортшылардың есіл еңбекпен келген бабы медальға жеткізе ме, кімнен не күтеміз? Олимпиадаға аттанған ұлттық құраманың сапында неге былғары қолғап шеберлеріміз жоқ?

Серік Сәпиевтің Лондон Олимпиадасының шыңына шыққан сәті

Боксшыларымызға келетін болсақ. Бұл мәселеге алаңдайтындай-ақ, нали­тындай-ақ жөніміз бар. Себебі, көмірінен бөлек Қарағандының даңқы осы бокспен шыққан еді. «Балқаш жолбарысы» деген лақап атымен мұхиттың арғы бетінде дәуірі жүрген Василий Жировке, Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden бокс аренасында талай мәрте Қарағандының ғана емес, Майқұдықтың атын Миччел Баффердің аузымен ататқан Геннадий Головкинге бокс әліппесін үйреткен осы шаһар еді. Лондон Олимпиадасында атой салған, шеберлігімен жаһан жанкүйерлерін таң қалдырып, Вэл Баркер кубогін төбесіне көтерген Серік Сәпиевтің өзі – бір биік тау. Серік Сәпиевтің ізбасары деп мойындалған жас талант Абылайхан Жүсіповті де атамай кетуге болмас. Халықаралық деңгейдегі рингтерде, Әлем, Азия чемпионаттарында Қазақстанның көк байрағын желбіреткен, абыройын асқақтатқан таланттар молынан шыққан өңір ғой. Шетелдік комментаторлар посткеңестік елдерден шыққан боксшылардың мәнеріне қарап отырып, «Советская школа бокса» деп таңданысын жеткізіп отырады. Қазақшаласақ – «Кеңес одағының бокс мектебі».

Қаншама мемлекетті біріктірген Кеңес одағының атынан Олимпиада секілді додаларға бару әсте оңай шаруа емес. Іріктеу­ден өтудің өзі – үлкен жеңіс. Тәуелсіздік алып, әлем жұрты көз тіккен рингке қарағандылық саңлақтар шыққаннан кейін атақты спорт сарапшылары «Қарағанды бокс мектебі» дегенді айта бастады. Міне, Қарағандының боксы осындай деңгейге көтерілген заман өткен. Өтті деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, кейінгі 6 жылда таланттарға жұтап қалдық. Осы мәселеге қатысты сауалды облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Темірхан Абылаевқа жолдаған едік. Басқарма басшысы өз жауабын берді.

Жансай Смағұлов

– Спортта буын алмасу деген бар. Мұны спорттан хабары бар адамдар жақсы біледі. Таланттар лег-легімен шығатын уақыт болады. Дарынды спортшымен қатар түйсігі жетілген, білікті бапкерлер де қатар келеді, тіпті. Осы күндері Қарағандыда дарынды боксшылардың тапшылығы бар екені жасырын емес. Бар болса, бар да шығар?! Мүлде жоқ деуге ауыз бармайды. Бірақ, сол спортшының қабілетін дамытатын, жұлдызын жағатын бапкер табылмай тұрған секілді. Бапкер табылса да, спортшы табылмайды. «Бір кем дүние». Екеуі табысса, басқа әңгіме… Біз мақтан тұтатын боксшыларымыз көп. Өкінішке қарай, уақыт ешкімнің қас-қабағына қарамайды. Жылдар жылжып, өзіне тиесіліні алады. Сол чемпиондарды баптаған бапкерлер зейнетке шықты, көбі өмірден озды. Ал, спортшылар мансабын аяқтады. Ендігі міндет – жаңа толқынды тәрбиелеу. Ал, бұл – оңай шаруа емес, – деді Темірхан Абылаев.

Диқандарда бір жыл жемісті, бір жыл қуаңшылық болады. Бұл – табиғатта болып тұратын құбылыс. Бірнеше жыл қатарынан мол өнім жинау мүмкін емес. Қазақ осындайда «бұйырғаны» деп барға қанағат қылады. Спортта да дәл солай. Кез келген мемлекеттің ұлттық құрамасында болып тұратын жағдай. Медальсіз жылдар айналып соқпай қоймайды. Мұндайды спорт журналистері мен сарапшылары «қуаңшылық» деп жатады. Мәселен, статистикаға көз тастасақ, 2018-2020 жылдар аралығында жастар мен жасөспірімдер арасында облысымыздан ешқандай боксшы жарқырап шықпаған екен. Резерв те болмапты. 2019 жылы жасөспірімдер санатында 2 шәкірт көзге түскен. Бірақ, екі боксшыны олимпиадалық резерв деп атау­ға келмейді. Екі боксшы олимпиаданы былай қойғанда, құрлықтық додадан әрі аса алмай қалуы бек мүмкін.

Ислам Бозбаев

2021 жылдан бастап жағдай оңалғандай. Сол жылы екі боксшы өздерін дәлелдей алыпты. Ал, 2022 жылы резервке лайықты деген спортшылардың саны жетеуге жеткен. 2023 жылы он, ал, биыл олимпиадалық резервке лайық деп танылғандардың саны жетеу. Өсім байқалады. Облыстық спорт саласының мамандары дәл осы спортшылар 2028 жылғы Олимпиадаға үмітті деп отыр. Жетеуден бөлек, жасөспірімдер арасындағы халықаралық деңгейдегі түрлі додалардан, Азия және Әлем чемпионаттарында алтын, күміс, қола медаль алған 40 боксшымыз бар екен. Кейінгі 4 жылда 29 медальді қанжығалаған. Бұлардың арасынан да болашақ Олимпиада жолдамасының иегерлері қара үзіп шығып, резервтің тізімі көбеюі әбден ықтимал. Алда әлі 4 жыл бар.

Данил Мусабаев 13.09. 1998 ж. Батутты гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Осы тізімге кәсіпқой спортшы ретінде қалыптасқан, тәжірибесі мол Абылайхан Жүсіпов те енуі мүмкін. Өйткені, Абылайхан Жүсіпов әуесқой боксқа қайта оралатынын мәлімдеді. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының мамандары Абылайхан Жүсіпов нақты Олимпиаданың алтынын алуды көздеп отыр дейді. Ол – жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Үш әлем чемпионатында қола медаль қанжығалады. Кәсіпқой бокс рингінде 4 кездесу өткізіп, соның үшеуінде қарсыласын нокаутпен жеңген. Абылайхан Жүсіпов 1997 жылы туылған. Былғары қолғап шебері 2028 жылы өтетін олимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Сол уақытта оның жасы отыз бірде болады. Ал, мамандардың айтуынша, 31 деген жас боксшы үшін нағыз дер шағы. Мысалға Парижге ұлттық құраманың капитаны ретінде аттанған Асланбек Шымбергеновты келтіруге болады. Ол биыл 31-де. Серік Сәпиев болса, Лондон Олимпиадасының шыңын 29 жасында бағындыр­ған. Жылдармен, қателіктермен келген тәжірибе спортшы үшін аса құнды.

Давид Эфремов 15.01. 1999 ж. Жеңіл атлетикадан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Парижге баратын дзюдошыларымыз да табылмады. Бұл да көптің көкейінде. Спорттық мансабында әжептәуір жетістікке жеткен Жансай Смағұлов, Ислам Бозыбаев та қатарда жоқ. Олар келесі Олимпиадаға қатысуы екіталай. Себебі, Жансай Смағұлов биыл 32 жаста. Ал, Ислам Бозыбаев отыз үште. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы олимпиадалық резервтен үмітті жастар шығып келе жатқанын айтты. Мәселен, Аяулым Қайрат Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль алды. Сонымен қатар, ол былтыр 52 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатында топ жарды. Жасы биыл он сегізде. Азия чемпионатында Санжар Ерұланұлы да III орыннан көрінді. Жасы он жетіде. Екі жыл қатарынан (2023-2024 ж) Қазақстан чемпионы болды. Дзюдодан бөлек еркін және грек-рим күресінен олимпиадалық резерв жоқтың қасы екен. Өңірде менмұндалайтын таланттар табылмай жатыр. Бұл да көкейді тескен өткір проблема.

Ксения Игнатова 02.08. 2005 ж. Жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Зіл теміршілеріміз Артем Андропов пен Любовь Ковальчук олимпиада медалінен үмітті еді. Екеуі де әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген. Әлем мықтыларын мойындатқан қос спортшымыз түгілі Қазақстанның ауыр атлетшілерінің түгелін олимпиададан алшақтатты. Бұл – допинг дауына байланыс­ты қабылданған шешім екен.

Әуелде облыстан Париж Олимпиадасына 19 спортшымыз үмітті болыпты. Қатарда жоғарыда атап өткен Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев бар. Әйелдер арасындағы еркін күрестен – Эльмира Сыздықова, көркем жүзуден – Этери Какутия, Ясмин Тұяқова, Наргиз Болатова, Арина Пушкина, Ксения Макарова, батутты гимнастикадан – Данил Мусабаев, Байдарка мен каноэде есуден – Дарья Петрова мен Кирилл Тубаев, семсерлесуден – Артем Саркисян, грек-рим күресінен – Алмат Кебіспаев, ерлер арасындағы еркін күрестен – Әділ Оспанов, жеңіл атлетикадан – Давид Ефремов пен Аделина Земс, жүзуден – Ксения Игнатова, үстел теннисінен – Алан Құрманғалиев, оқ атудан – Ольга Аксенова.

Дастан Мұқашбеков 31.05. 1990 ж. Пара жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Спорт мамандары Данил Мұсабаевқа зор үміт артып отыр. Ол Олимпиадаға алғаш рет қатыспақ. Лецензия үшін таласта былтырғы және биылғы рейтингі жоғары әлем кубогтарына қатысып, халықаралық гимнастика федерациясы жерлесімізді үздік 16 спортшының қатарына енгізді. Әлем кубогында Данил Мусабаев жеке және синхронды секіруден екі алтынды қоржынға салған еді. Сонымен қатар, ол былтыр Азия ойындарында күміс тағынды.

Өткенге көз жүгіртейік. 1996 жылы өткен Атлантадағы жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 96 спортшы барыпты. Соның оны Қарағанды облысынан шыққан. Ал, 2000 жылы Сиднейге 130 спортшы аттанған. Соның он үші – Қарағандыдан. Афинаға аттанған 119 саңлақтың он екісі, Пекинде тартысқа түскен 132 спортшының он бесі, Лондондағы 115 спортшының он бірі, Рио­де-Жанейродағы 104 спортшының он бірі, Токиодағы 93 спортшының жетеуі Арқа жерінен. 1996 жылдан биылға дейін Олимпиадаларға Қарағанды облысынан жалпы саны 82 спортшы барыпты. Осы дерекке қарап отырып, Қарағанды облысының ғана емес, бүтін ұлттық құрамада құлдырау болып жатқанын байқауға болады. Кері кету 2008 жылдан басталған.

«Ауруын жасырған өледі» деген нақыл бар. Облыс спортындағы тағы бір өткір мәселені ашып айтқан жөн. Қарағандыда бокс орталығы әлі жоқ. Ал, көбіміз білетін Нұркен Әбдіров атындағы спорт кешені мен Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында кешенді жаттығу жиындарын өткізуге жағдай жасалмаған. Тек жаттығу залдары ғана жабдықталған. Серік Сәпиев атындағы ғимарат салтанатты шаралардан арылмайтыны тағы бар. Мәдени ойын-сауық кешеніне айналды. Бұл нысанның жекеменшік иелігінде екенін атап өткен жөн. Басқарма басшысы бұл мәселеге де тоқталды.

Даяна Федосова 13.07. 2001 ж. Пара дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

– Таланттар мен оларды баптайтын білікті бапкерлер хақында айттық. Чемпиондарды тәрбиелеу үшін заман талабына сай спорттық инфрақұрылым керек. Бұл да өте маңызды. Мәселен, бізде кәсіби жүзушілер жаттығатын бассейн жоқ. Проблема осы уақытқа дейін көтеріліп келеді. Парижге аттанған Ксения Игнатова Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиындарын балаларға арналған бассейнде өткізді. Облыстағы спорттық инфрақұрылымның жағдайын осы бір ғана мысалмен сипаттап беруге болады. Бірақ, бұның бәрін аз уақыт ішінде реттеп тастау мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Себебі, өте ауқымды жұмыс. Қыруар қаражат қажет. Кемшіліктің орнын толтыру үшін басқарма тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатыр, – деді Темірхан Аблаев.

Кейінгі төрт жылда облыс аумағындағы қалалар мен аудандарда 23 спорттық нысан бой көтеріпті. Өңірдегі ірі кәсіпкерлердің демеушілігімен екі теннис орталығы салынды. Бұл ғимараттар болашаққа жасалған инвестиция екені анық. Инвестиция нәтижені ұзақ күттірмеді. Үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Алан Құрманғалиев жүлделі болды. Ол ТМД елдерінен шыққан тұңғыш чемпион болып, тарихта қалды. Әмір Омарханов болса, жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингтің 12-ші сатысына жайғасты. Облыс спортына жауаптылардың сөзінше, өңірдегі таланттардың жұлдызын жағу мақсатында өзге аймақтардан, тіпті, шетелдерден білікті бапкерлер тартылып жатыр екен.

Ерік НАРЫН,
Суреттер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button