Қарағандыда жолақы екі жүз теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Облыста электрондық төлем кезінде тарифті 80 теңгеден – 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңгеге дейін арттыру мәселесі талқылануда. Соңғы уақытта дизель отыны, автошиналар күтіміне арналған материалдардың құны едәуір өскендіктен, 2014 жылы көтерілген тарифті қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.
– Тариф көтерілген жағдайда билік тасымалдаушылардан Қарағанды мен қала маңындағы аудандарға қызмет көрсететін автобустардың жұмыс уақытын ұзартуды талап етеді. Осыған орай автобустардың жұмыс уақыты кешкі 23:00 дейін ұзартылуы мүмкін, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Басқарма басшысының айтуынша, күн сайын 320 мыңнан астам қоғамдық көлік қызметін тұтынады. Оның ішінде облыс орталығы мен серіктес қалалар арасында күн сайын 35 мың адам жүреді. Жолаушылардың 95%-ы қолма-қол ақшасыз төлейді. Сондай-ақ, биыл Балқашқа 29 және Абай ауданы үшін 8 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. 47 ауданаралық маршрут жұмыс істейді. Нұра және Ботақара кенттерінде, Қарқаралыда автобустар іске қосылды.
– Өткен жылы 195 автобус жаңартылды. Соңғы 10 жылда алғаш рет 44 автобус серіктес қалалармен байланыстыратын қалааралық маршруттарда ескірген жылжымалы құрамды ауыстыруға жіберілді. Осының есебінен Қарағанды маңына қызмет көрсететін автобустардың шамамен 50%-ы жаңартылды. Барлық дерлік жаңа автобустар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген. Арнайы тұтқалар, пандустар бар. Қарағанды бойынша автобустардың «орташа жасы» – 7 жыл. Бұл – біздің республикамыздың басқа қалаларымен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш, – дейді Мақсұт Қожанов.
Қоғамдық көлікті цифрландыру да жалғасуда. ONAY! жүйесі 2023 жылы Балқаш пен Саранда енгізілді. Биыл Теміртау мен Шахтинск қалаларында электронды билеттеу жүйесін іске қосу жоспарлануда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz