Қарағандыда зейнет жасына жақындағандар қайта жұмыспен қамтылуда
Қарағанды облысында зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындаған азаматтар мемлекет қолдауының арқасында жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне жиі ие болуда. Өткен жылы мансап орталықтары арқылы «Алтын жас» және «Күміс жас» бағдарламалары аясында шамамен 2,5 мың адам жұмысқа орналастырылды.


Бағдарламаға қатысушылардың бірі – Ләззат Асылбекова. Ол ауыл мектебінде 42 жылдан астам уақыт еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін қалаға көшкен. Алайда тәжірибелі педагог ұзақ уақыт жұмыссыз отыра алмады. Балаларға деген сүйіспеншілігі мен қоғамға пайдасын тигізуге деген ұмтылысы оны қайтадан білім беру саласына алып келді. «Алтын жас» бағдарламасы аясында Мансап орталығы арқылы Ләззат Асылбекова балаларға арналған оқу орталығына жұмысқа қабылданды.

– Үйде отырып қалсаң, өзіңді қажетсіз сезіне бастайсың. Ал жұмыс адамды белсенді ұстап, өзіңді қоғамға керек екеніңді сезіндіреді. Мен зейнеткерлерге тұйықталып қалмай, еңбек етуді, өздерін көрсетуге ұмтылуды кеңес берер едім. Бұл көңіл күйді көтеріп, өмірге деген құлшыныс сыйлайды, – дейді педагог.

Бағдарламаның тиімділігін жұмыс берушілер де атап өтуде. Smart Bilim балалар оқу орталығының негізін қалаушы Диана Оспанова Мансап орталығымен бизнесін ашқан сәттен бастап ынтымақтасып келеді. Орталықта «Алтын жас», жастар практикасы және өзге де жобалар аясында мамандар еңбек етуде.

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау – ісін жаңа бастаған бизнес өкілдері үшін елеулі көмек. «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жалақының 50 пайызына дейін субсидияланады.

– Зейнет жасындағы адамдар өте жауапты. Олар балалармен жұмыс істеуді жақсы біледі, дәстүрлі де, заманауи оқыту әдістерін де меңгерген. Тәжірибесінің арқасында әр баламен оңай тіл табысады, – дейді Диана Оспанова. – Үлкен еңбек өтілі бар педагогтарды жұмысқа алғаныма бірде-бір рет өкінген емеспін.

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір қатысушысы – Жарқынай Айтуова. Ол Алматы қаласынан Қарағандыға көшіп келіп, ұзақ уақыт бойы өз бетінше жұмыс таба алмаған. Мансап орталығына жүгінгеннен кейін, зейнетке шығуына бірнеше жыл қалған азаматтарға арналған «Күміс жас» бағдарламасы бойынша тігін цехына жолдама алған.

Жоба аясында мемлекет үш жыл бойы жалақының 60–70 пайызын субсидиялайды, бұл жұмыс іздеушілердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін едәуір арттырады.

– Жас – кедергі емес, ең бастысы – үйренуге және дамуға деген ниет. Мен тек тігін тігудің бастапқы дағдыларын ғана меңгерген едім, қалғанының бәрін жұмыс барысында үйреедім, – дейді Жарқынай Айтуова.
Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықовтың айтуынша, 50 жастан асқан адамдар үшін жұмыс табу әсіресе қиын: көптеген жұмыс берушілер бұл жастағы мамандарды жұмысқа алуға құлықсыз. Сондықтан азаматтарға облыстың барлық қалалары мен аудандарында жұмыс істейтін мансап орталықтарына жүгіну ұсынылады.
– Өткен жылы «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жоспарланған 400 адамның орнына 542 адам қатысты. Сұраныс күткеннен жоғары болды, сондықтан барлық ниет білдірген азаматтарды қолдау туралы шешім қабылданды, – деді ол. – Қатысушылар қатарында бухгалтерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, жүргізушілер, күзетшілер және өзге де мамандық иелері бар. Тіпті жасы 70-тен асқан, бірақ әлі де тың күш-қуатқа толы азаматтар да кездеседі.
Биыл «Алтын жас» бағдарламасы аясында облыстың 600 тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтары үшін JUMYS TAP жобасы іске асырылуда. Жоба аясында қысқа мерзімді курстарда тегін оқыту арқылы жаңа мамандық алу мүмкіндігі қарастырылған. Тұрғындарға тігінші, шаштараз, электрик, сантехник, электргазбен дәнекерлеуші, автокөлік жөндеу слесары және өзге де сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру ұсынылады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



