Медицина

Қарағандыда «Үздік тәжірибе» орталығы ашылды

Ұлттық Primary health care қауымдастығының жобасы аясында Қарағандыдағы №3 емханасының базасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды. Мұнда мамандар пациенттерге кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Орталық отбасылық медицина принципін енгізуге бағытталған. Сондықтан, мұнда пациенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылады.

– Бүгінде емханаға 55 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл Оңтүстік-Шығыс, Федоровка, Кирзавод, мелькомбинат тұрғындарын қамтиды. Мұнда 34 отбасылық дәрігер және 120-дан астам арнайы маман жұмыс істейді. Орталықтың арқасында науқасты туғаннан бастап қартайғанға дейін бақылайтын көпсалалы топтар құрыла бастайды. Олардың құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаждық медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және қажет болған жағдайда бейінді мамандар бар. Орталықтың міндеті-қауіпсіздік, қолжетімділік, тиімділік және экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету. Бірақ біз үшін саннан, сапа маңызды. Ең бастысы, пациенттердің денсаулығына қамқорлық жасау және олардың медициналық қызметтерге қанағаттануы, – дейді №3 емхана директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Шолпан Исатаева.

Бұған дейін мұндай алғашқы медициналық бөлімше Жамбыл, Түркістан және Алматы облысында ашылған еді. Қарағандылық мамандар сол орталықтардың біріне барып, біліктілігін арттырып, тәжірибе жинап қайтқан.

Сонымен қатар, емхана жанынан «Халық кеңесі» қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Мұнда қоғам қайраткерлері, белсенділер мен емхана қызметкерлері тұрғындармен бірлесіп мекеменің медициналық қызмет көрсету сапасы мен инфрақұрылымына байланысты мәселелерді шешетін болады. Айта кетейік, келер жылдан бастап облыстың барлық мемлекеттік және жеке емханаларына Үздік тәжірибе орталығының қағидаттары енгізілетін болады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button