Қарағандыда топтасып төбелескендерге қатысты жаңа дерек шықты
Қарағандыда ауруханаға жеткізілген 16 жастағы колледж студенті туралы жаңа деректер шықты. Оны пышақтаған жігіт те ауруханаға түскен. Ол топтық төбелес кезінде суық қаруға жармасқан деп хабарлайды NUR.KZ.
“Андрей – колледждегі 3-курс студенті, Үш жігіт Андрейді көшеде шақырып алған. Аулада сағат 14 шамасында төбелес басталды. Кім кімді ұрғаны тергеу барысында белгілі болар. Біз онда болмадық.
Кейінірек немеремді жедел жәрдем алып кетті. Оның бас сүйегі зақымданып, мұрны сынған. Басын таспен ұрған екен. Соған жауап ретінде өзін сабағандардың бірін арқасынан пышақтаған”, – дейді студенттің әжесі.
Арқасына пышақ қадалған жігіт басқа бір колледждің екінші курс студенті екен. Қазір олардың екеуі де ауруханада болғандықтан, ешқайсысы тұтқындалған жоқ.
“Немерем өзін-өзі қорғаған. Бетінің сау жері жоқ. Мұрны сынған, басы жарылған”, – дейді зейнеткер.
Ал пышақ жарақатын алған студент балалар ауруханасында жатыр. Ол небәрі 16 жаста екен.
ІІД баспасөз қызметі қылмыстық істің қаралып жатқанын мәлім етті.
“Бұл іс Қылмыстық кодекстің “денсаулыққа қасақана қастандық жасау” бабымен тіркелді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр”, – дейді олар.
Айта кетейік, Қарағандының Октябрь ауданында 16 жастағы студент ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген болатын.