Бас тақырыпРуханият

Қарағандыда танымал әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ SMart өнер мектебі ашылды

Арқа топырағынан небір тұлғалар шықты. Небір дүлдүлдер қанат қақты. Бабалардың қанымен тектілік дарып, топырағынан өнерге деген кіршіксіз махаббат кеудеге ұялаған. Содан болар, әнге де, сазға да жақын. Қазірдің өзінде бүлдіршіндеріміз жастайынан домбыраға әуес. Ән мен би десе ішкен асын жерге қояды. Осы бір өнерге деген құлшынысын өшірмей, талантын ояту мақсатында Қарағандыда танымал әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ SMart өнер мектебі ашылды. Мектептің ашылу салтанатына әншінің өзі қатысып, бүлдіршіндердің әзірлеген мерекелік кешіне қатысты.

Мектеп осыдан бір ай бұрын ашылған. Қазірдің өзінде 100-ден астам шәкірті бар. Домбыра, флейта, қобыз, жетіген, сурет, вокал мен актерлік шеберлік сынды басқа да үйірмелері бар. Әр үйірмеден беретін мамандары да – білікті. Айта кетейік, үйірмеге 6 жас пен 16 жас аралығындағы балалар іріктеліп алынады. Мектептің ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

«Әннің де естісі бар, есері бар» дейді Абай. Сол есті әндерді шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленген перзенттің бірі – Сәкен. Бүгін Сәкен үлкен мектеп ашып жатыр. Ал, бұл жақсылықтың нышаны. Қазақ өнерінде, қазақ эстрадасында есті әндер қайта шырқалып, сахна мәдениеті биік шыңға көтеріліп, есті әндерді насихаттайтын үлкен мектеп болатынына кәміл сенімдімін. Қарағандыда небір таланттар бар. Сол таланттардың жұлдызын жағатын – осы мектеп болсын. Біздің тараптан қашан да қолдау бар, – деді Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев.

Ғимарат іші кең әрі жарық. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Әр үйірмеге – бір-бір сынып. Кіреберісінде ата-аналарға арналған күту залы. Балаларын ата-ана осы жерде қарсы алады. Одан әрі домбыра, қобыз бен флейта үйірмесіне арналған сынып. Тіпті, арнайы холл әзірленген. Мұнда қатысушылар бір мезгіл демін алып, түрлі үстел ойындарын ойнай алады. Ал, ең бастысы – вокал сыныбы. Дыбыс жазатын арнайы бөлме мен дыбыс өңдеуге арналған соңғы үлгідегі аппарат. Жас қатысушыларды мұнда үлкен мүмкіндік күтіп тұр. Үйірмеге қатысу құны да қалтаны қақпайды. Флейта үйірмесі айына 20 мың теңге болса, қалғандары 15 мың теңгеден аспайды. Қазірдің өзінде мұндай өнер мектебі Тараз, Алматы, Қызылорда мен Шымкент қаласында ашылған. Алдағы уақытта аталмыш мектептің филиалы әр қалада ашылады деген жоспар да бар.

Киелі Сарыарқа елінен «сен тұр, мен атайын» дейтін небір жүйріктер шыққан. Күміс көмей әншілер, жезтаңдай жыршыларымыз жетерлік. Сонау жылдары Алматыда үлкен тұрғын үй кешенінде тұрдым. Сонда неше түрлі балаларды көріп, жүрегім ауырды. Салт-дәстүрімізді, ана тілін білмейтін бүлдіршіндер өсіп келе жатыр. Ұлттық аспаптарды білмегені былай тұрсын, шет елге еліктеп барады. Содан мен де «Дәстүрімізді қалай дәріптейміз? Ана тілін қалай үйретеміз?» деген сұрақ туындады. Оларға біз аттан салып ұрысып, жағасына жармасып тоқпақпен үйрете алмайтынымызға көзім жетті. Оларды тәрбиелейтін – біз. Сондықтан өзіміз дұрыс жүріп, дұрыс әрекет істеуіміз қажет. Ойлана келе осы мектепті ашуды жөн көрдім, – деді Сәкен Қордабайұлы.

Мұнда тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Сахнаны көрген, түрлі байқаулардың жеңімпаздары да бар. Мұндай мамандардың сабақ беруі – балаңыз үшін үлкен олжа. Эстрадалық вокал үйірмесінің мұғалімі Медет Нұрланұлының 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Мектепте сабақ беріп жүрсе де, талай шәкірттің жұлдызын жаққан. Өзі де кезінде үлкен сахналарды бағындырып, өнерімен танылған.

Бұған дейін әр мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Өнер мектебінің ашылатынын естіп арнайы ауысып келдім. Себебі, мұнда мүмкіндік мол. Қазір өзіме группа жинап жатырмын. Үйірмеге келген алғашқы қатысушылардың ішінен іріктеп, ашылу салтанатына дайындадым. Қазір шәкірттерім Сәкен ағаларының алдында ән шырқады. Алдағы уақытта үлкен байқауларда бақ сынайтын боламыз. Қазір 26 шәкіртім бар. Енді жеке-жеке дайындап, топқа қосу керек, – деді ол.

Қос қызын фортепиано мен вокал үйірмесіне берген қала тұрғыны Айнұр Шожинова да үй іргесінен өнер мектебінің ашылғанына бек қуанышты.

Үлкен қызым – 8-де, кішісі – 5-те. Бұған дейін екеуі де би үйірмесіне барып жүрген. Бала ғой, үйде отыра алмайды. Далада бос жүрмесін деп би үйірмесіне бергенмін. Осыдан бір ай бұрын осы өнер мектебіне балаларды қабылдап жатқанын естіп, қыздарымнан сұрадым. Содан, үлкенім фортепианоға, кішім вокалға барамын деді. Негізі, кіші қызым ән айтуға әуес. Үйде бізді отырғызып қойып, ән айтып береді. «Өскенде танымал әнші боламын» дейді. Баланың бетін қақпау қажет. Өнер мектебі жанымызда болған соң еш ойланбастан екеуін бердім. Қазір сабақтан қалмай, үйренген ноталарын, әндерін бізге айтып беріп отырады, – дейді қала тұрғыны.

Әлтайыр Баттал – домбыра үйірмесіне қатысушылардың ішіндегі ең кішкентайы. 8 жаста болса да бірнеше күйді шерте алады. 6 жастан қолына домбыра ұстаған Әлтайыр: «Әжем домбыра тартады. Сол кісі үйретті домбыра шертуді. Кейін анам осы мектеп ашылған соң, «осында бар» деді. Үйіміз алыс емес. Үйірмеден қалып қоймасын деп әкем мен анам кешіктірмей әкеліп жүр, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button