Қарағандыда өртенген үйден екі адамның мәйіті табылды
Қарағандыда бір қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып 20 шаршы метр аумақ қызыл жалынға оранған. Құтқарушылар мен өртсөндірушілер үйден денелері өртеніп кеткен екі адамның мәйітін тапты деп жазады Baq.kz.
1 қазан күні Четская көшесінің бойында орналасқан 89-шы үйден өрт шыққан.
«Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келген уақытта бір қабатты, 3 бөлмелі үйдің екі терезесі мен есігінің, шатырының ағаш қаңқалары жанып жатқан. Сондай-ақ, үйдегі жиһаздар мен заттар да отқа оранған. Өрттің аумағы 20 шаршы метрді құрады. Үйді тексеру мен өртті сөндіру кезінде 1959 және 1964 жылдары туылған ер адамдардың өртеніп кеткен денелері табылды. Өрттің шығуына отты абайсызда қолдану, яғни мас күйінде темекі шегу себеп болған», – дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
ТЖД ресми өкілінің айтуынша, үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында Қарағанды облысында 1195 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау 28 адамның өмірін қиған. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өз өмірлеріне жауаптылықпен қарауды сұрайды.
«Сіз ғана өз өміріңіз үшін жауаптысыз. Оны сақтау сізге байланысты. Кез келген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Ол үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар!», – дейді Дәуренбекова.