Қарағандыда пара алған патрульдік полицей ұсталды
Қарағандыда патрульдік жол полицейі жүргізушіден пара алғаны үшін 7,5 млн теңге айыппұл төлейді.
Жол полицейі Абай ауданының Дубовка кентіндегі автожолда қызмет атқару кезінде жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен ер адамды тоқтатқан. Жол сақшысы хаттама толтырмау үшін жүргізушіден 150 мың теңге беруін талап еткен.
Пара алған жол сақшысы оны Антикор қызметкерлері бақылап отырғанын білмеген.
Жүргізуші ақшаны берген сәтте сол жерде дереу полиция қызметкерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері ұстаған.
Қазыбек би атындағы ауданының №2 сотында полиция қызметкері сотталды. Бірақ сотталушының кішкентай балалары бар болғаны және отбасындағы жалғыз асыраушы екендігі ескерілген.
Нәтижесінде инспекторға 7,5 млн теңге айыппұл төлеуге үкім шығарған. Сонымен қатар капитандық погонынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz