Қарағандыда Нұргелді Жомартовты еске алу турнирі өтті
Облыс орталығында Қарқаралы ауданының тумасы Нұргелді Жомартовты еске алу турнирі өтті. Жиналғандар спорттың бірнеше түрінен бақ сынады.
Шараны ұйымдастырушы Аманжол Жомартовтың айтуынша, еске алу турнирі арқылы сыртта жүрген ауыл азаматтарының басын қосуға ниеттеніпті. Шараға ҚР еңбек сіңірген бапкер Серғазы Бакиев, Әлем кубогінің иегері, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасының аға бапкері Аркадий Топаев, ҚР спорт шебері Қуаныш Қауашов және ел азаматтары қатысты.
Турнир кіші футбол, арқан тартыс, қой көтеру, кір тасын көтеру түрлерінен ұйымдастырылды.
Футболдан І орынды «Томар» тобы алса, ІІ орынға «Томар-1» командасы, ІІІ орынға «Ардагер» командасы ие болды. Арқан тартыста І орынды «85-Жеңіс» тобы, ІІ орынды «97-Қыран» тобы, ІІІ орынды «80-Құлагер» тобы жеңіп алды. Кір тасын көтеру мен қой көтеруден І орын Нұрлыхан Жаркенге, ІІ орын Нұрсылан Жағыпаровқа, ІІІ орын Нұртуған Өмірханға бұйырды. Қой көтеру жарысында ІІ орынды Абылхан Әсірхан, ІІІ орынды Серікжан Жексенбай алды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz