Облыс әкімі

Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан мамандар марапатталды

Қарағандыда Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында «Тіл жанашыры» облыстық байқауының жеңімпаздарына сыйлық табыс етілді. Байқауға түрлі сала мамандары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Комиссия 38 өтінім ішінен сегіз лауреатты таңдады.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған байқау жыл сайын өткізіледі. Дәстүрге айналған байқау биыл 10-шы рет өткізіліп отыр. 

«Тіл майталманы» бас номинациясын Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті. Мемлекеттік тілді дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін бұл марапат танымал тарихшы-өлкетанушы, «Қарағанды облысының топономикалық картасы» зерттеу жобасының ғылыми жетекшісі Темірғали Аршабековке табысталды. 

– Тілдер күні 130 этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан біздің ел үшін ерекше маңызға ие. Біз әр ұлттың өз ана тілінде білім алатынына құрметпен қараймыз. Бұл ретте мемлекеттік тіл біздің бірегейлігімізді қалыптастыратын және жалпы Қазақстан халқын біріктіретін басты фактор екенін алға тартамыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыста білім беру қызметін көрсететін кәсіп дамып келеді, осыған орай тілдерді үйренушілер саны жыл сайын артуда. Ал карантин кезінде онлайн-курстар сұранысқа ие бола бастады, көптеген ниет білдірушілер қашықтан оқыту форматының тиімділігін атап өтуде.

«Тіл майталманы» сыйлығының келесі номинациялар бойынша лауреаты атанғандар:

– «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» – Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкері;

– «Тіл жаршысы» – Жәлел Шалқаров, ақын, журналист, Ortalyq Qazaqstan облыстық газетінің тілшісі;

– «Үздік телехабар» – Мақсат Бейсенаев, Saryarqa телеарнасының қызметкері, «YAQYT.KZ» бағдарламасының жүргізушісі;

– «Тіл білгірі» – Екатерина Пономаренко, Теміртау қ. «Окжетпес-Т» ЖШС қызметкері, «Мемлекеттік тілде қызмет ете аламын!» онлайн-байқауының жеңімпазы;

– «Жас полиглот» – Әйгерім Түркенова, Саран қаласы Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы, физика, химия, биология, информатика пәндерінің мұғалімдерін «USTAZ BIG PROJECT» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде оқудан өтуге дайындады;

– «Мемлекеттік тіл бизнесте» – Асхат Тілеуқұлов, «Arda Media Group» орталығының директоры;

– «Үздік оқытушы» – Қарлығаш Хамзина, Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.

 Қазақстан халқының тілдері күні – 5 қыркүйекте қазақтың тұңғыш ғалымы, ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай атап өтіледі. 

Басқа материалдар

Back to top button