Қарағандыда мал базары неге жоқ?
Төрт түлікті кәсіп етіп, тулағын пұл қылған шаруаларға ата кәсіпті жандандырудың жаңаша мән-мағынасын түсіндіру, салаға заманауи озық технологияларды енгізу арқылы жаңаша дем беру және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жағдайлар жасалып-ақ жатыр. Бұл – орынды демеу, көңіл көншітер қолдау. Арқа өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі – Қарағанды аймағында. Қора-қора қой, үйірлі жылқы тұяғының дүбірі жер қайыстырады. Алайда, ақтылы қой, алалы жылқыны «ұқсату жоқ, тапқан пайдада береке жоқ» деген малшы қатары сейілмей тұр. Көп шаруаның көкейінде – мал базарының жоқтығы. Шынымен, мал базары болса, шаруаның ісі алға басып, ауыл шаруашылығы дамыр ма еді?!
Малдың қоңын арттыруда жаз жайлау, қыс қыстау айдамаса да, шұрайлы жердің шимандысы Арқаға бұйырған. Ен даланың ой-қырының бозы мен қияғы, жабайы жоңышқасы – ежелден Қамбар ата төлінің жерік асы. Қысқасы, жайылым ата кәсіпке өте қолайлы. Мұндай артықшылықты біздің шаруалар сәтті қолданып, өрісті малға толтыруға кірісті. Мұнымен мақтанып та жүрміз. Алайда, сол мыңғырған малдың пайдасы қайда? Адал ақы асырап, баққан малдың нарығына келгенде «ақсақ қойша» түстен кейін тілге келіп жоғарыға телміреміз. Неге дейсіз бе? Біздегі ет бағамы қаламен, қалаберді, келіп, тұрған алыпсатардың ойымен нақтыланып, реттеледі. Бұл – біздің емес, ауыл шаруаларының сөзі. Ал, олар малды Түркістанда, Қызылорда мал базарында пұлдайды. Яғни, сатып алады, сатады. Ондағы базардың бағасы құбылса, біздегі еттің келісі міндетті түрде қымбаттайды – мыс. Неге? Өйткені, жаппай мал алу – тек алыстан келген алыпсатарларға (өзбектерге) қолайлы. Жергілікті мал алушылар бірді-екіліден басқа алмайды. Біріншіден, оны қояр һәм бағар орындары жоқ. Екіншіден, өткізу қиын болған соң шамамен алуға мәжбүр. Өткізу қиын. Арқа өңірінде мал базары жоқ.
– Қарап отырсаңыз, оңтүстік өңірдің бәрінде өздерінің арнайы мал базарлары бар. Олар қазіргі біз секілді өзбек саудагерлерді сарыла күтіп, солардың жолдарына телміріп отырмайды. Малын базарға апарып, өздері ойға алған бағасына өткізеді. Сонымен қатар, мал базарын бір кісі ашса, сол кісі де табысқа кенеледі. Әр сатушы мал базарынан мал орнын жалға алса, оған берер жем-шөбін де сол жерден алуға тиіс. Сонда базар иесіне пайда бәссіз түседі. Қарағанды жұртшылығы оның ішінде, біз секілді қарапайым шаруалар осыны ойланса, – дейді «Сенім» шаруа қожалығының жетекшісі Нұркен Ақылбеков
Жер кіндігінде орналасқан Арқа өңірінде неге бір базар жоқ?! Көп ауылдың шаруалары өздіктерінен мал сата алмайды. Айдай алмай отырып, алыстан келер өзбек ағайындарды күтеді. Олар көңілдегі бағаға ала қойса, бір сәрі. Сонда алты аталы ауыл ағайынының күні ала шапан киген алыпсатарға қарағаны ма?!
– Қарағанды аймағында мал базары неге жоқ? Михайловка шағын ауданында бар. Онда ел өздерінің тауықтарын, ит-мысықтарын саудалап отыр. Жем-шөп те бар.
Əрине, ірі мал сатып жатқандар жоқ демесеңіз. Ал, үлкен оңтүстіктегідей мал базарына келсек, мына қасымызда орналасқан Көкпекті елді мекенінде ашылды. Оны біреу білер, біреу білмес. Кəдімгідей етіп, сырты қоршалып, ішінде мал тұратын жеке орындарымен. Тіпті, шөп қоятын маясына дейін салынды. Бірақ, шаруалар басы бірікпей, іс орта жолдан тоқтап қалды. Егер өздігінен сол базарды жандандырам деген адам болса, қолын қақпас едік. Бірақ, оған Үкіметтен еш көмек берілмейді, – дейді облыстың ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Басқарма басшысының сөзінше, оңтүстікте базар болуы – ол қалыпты. Себебі, онда Арқадағыдай айдай алмай отырған малы көп кəсіпкерлер жоқтың қасы. Бары бірен-саран. Олар сол бірден, екіден жетектеп апарып, базарға саудалайды бар малын. Бізде бір сатқанда, 15-тен кем сатпаймыз. Ол 15 малдың бəрін бірдей ылғи базарға жетектеп жеткізе аласыз ба? Жоқ. Оған арнайы көлік керек. Көлік шаруаның өзінен шықпаса, мəселе қиындай түседі. Егер «базар керек» десек, онда жергілікті малмен айналысатын шаруашылық өкілдерінің басы бірігуі тиіс. Сонда ғана сең қозғалады.
Бірі базарға бас, енді бірі сол базарға мал жеткізуі тиіс секілді міндеттер туындайды. Сонымен қатар, ол жерге тек сере қазы берер бие, не айыр өркеш ақ майлы түйені кім əкеле береді?! Арық малдарға арнайы бордақылау орны да болуға тиіс көрінеді.
Мысалы, мына Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылының аты малымен, етімен шартарапқа белгілі. Десек те, «сол мекеннің бір кездері айдағаны бес ешкі еді» дейді көзкөргендер. Ал, қазір халқының 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысатын, республика жұртын етпен қамтып отырған Қарабұлақ ауылын білмейтін жан кемде-кем. Одан бөлек, бүгінгі таңда аумағы 7 гектарды алып жатқан заманауи үлгіде салынған мал базарына еліміздің түпкір-түпкірінен жəне Ресей, Украина, Өзбекстан, Моңғолия жəне Қырғызстан елінен де мал əкелініп сатылады. Осында ірі сауда орнына Өткір Хасанов басшылық жасайды.
– Ауыл ішінде үйлер көбейіп кеткен соң əкімдікпен келісім жасасып, ауыл шетінен жаңа мал базарын салуды бастадық. 2018 жылы барлық жағдайы жасалған, толық талапқа жауап беретін əдемі, кең жаңа мал базарға көштік, – дейді «Қарабұлақ» мал базарының басшысы.
Тағы бір айта кетерлігі, онда сатушыларға да, алушыларға да барлық қолайлы жағдай жасалып, 4 жерден ұңғыма қазып су шығарылған. Алыс өңірлерден малын əкеліп сата алмай қалған сатушыға келесі «базар күніне» дейін осы жерде малының шөп-жемін, суын беріп, тегін қарап жата беруіне де мүмкіндік бар көрінеді. Тіпті, мал иесіне арнайы бөлмелер ұйымдастырылған.
Расында, киім, азық-түлік базарларына адам отыратын болған соң барынша жағдай жасалатыны белгілі. Ал, шыны керек, қай жерде болмасын, малдың аты – мал. Оған аса көңіл бөліне бермейді. Дегенмен, Қарабұлақтағы аумағы атшаптырым, іші тап-тұйнақтай, едені жып-жылтыр заманауи үлгідегі дəл мұндай мал базары, шынында, еш жерде жоқ десек, шындық. Тіпті, өзге өңірден, əсіресе Өзбекстаннан, Ресейден келген қонақтар (алыпсатарлар) мал базардың құрылыс-жобасына қызыға қарап, ұялы телефондарына түсіріп, таңданып кетеді екен.
Сонымен, Қордай, Тараз, Қарабұлақтағыдай ақ боз айғыр арбасымен, арпа-жемі дорбасымен сатылар бір орын біздің Арқа өңіріне қашан бұйырар екен? Бұл сөзіміз ауыл шаруаларының аңқасын кептірген асқақ арман болып құр қалар ма екен, жоқ болашақта бір базардың болары анық па?!
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz